- Advertisement -

Әбілхан басты қарсыласынан басым түсті

80

- Advertisement -

Әуесқой бокс әлемінде жасындай жарқырап өсіп келе жатқан жампозымыз, Жуалы ауданының тумасы Әбілхан Аманқұл жарақатына байланысты біршама жарыстардан сырт қалған кезде оны «сыртқа тепкен» білгіштер көбейіп кеткені жасырын емес. Мұндайда әлгілер Әбілханның әлем чемпионатында алған күміс жүлдесін де жадынан шығарып алғандай көрінді.
Әбілхан Аманқұл шаршы алаңнан жырақтап қалған сәтте 75 килограмм салмақ дәрежесінде ел намысын Тұрсынбай Құлахмет қорғады. Ұлттық құраманың нөмірі екінші боксшысы Азия біріншілігінде алтыннан алқа тағынып, атой салды. Ол мұнымен тоқтап қалған жоқ. Әлем біріншілігінде де барын салып бақты. Нәтижесі көңіл қуантады. Қола жүлдеге қол жеткізді. Осыдан кейін ғой, әлгі білгіштер Әбілханымызды жоққа шығара бастады.
Жерлесіміз жарақатынан толық айықты. Шаршы алаңды сағынған ол шын мықтылар сынға түскен аламандарға араласуды мықтап қолға алды. Бәсі басым додалардың бірі Шоқыр Бөлтекұлы атындағы додаға Әбілхан қатысады дегенді естігеннен-ақ, Тұрсынбай Құлахметпен финалда жұдырықтасатынына сенген едік. Бізді түйсік шіркін алдамапты. Қос мықты финалға қиналмай жетті.
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері мен жаһандық жарыстың қола жүлдегері қолғап түйістіретін шайқас бокстың шын жанкүйерлерін бейжай қалдырмайтыны әлімсақтан аян ғой. Мұны Ақтаудағы жарыста да байқадық. Екі боксшының жанкүйерлері де, командасы да қиқуға басып, қос оғланға керемет қолдау білдірді.
Екі боксшы да өздерінің нағыз бабында екенін көрсете білді. Тұрсынбай өзінің ұлттық құраманың бірінші нөмірлі боксшысы болуға лайық екенін дәлелдеу үшін барын салып бақты. Жанарында жасын ойнақтаған жампоз намысты қолдан бермеуге тырысқанымен, Әбілханның алдында мықты еместігі сезіліп тұрды. Шаршы алаңда өзін еркін сезінген Әбілхан Аманқұл тамаша тактика таңдай біліп, қарсыласының осал тұсын дөп басып жатты. Бұл шайқаста соққыларын дөп тигізе білген Әбілхан Аманқұлдың басымдығы көзге айқын аңғарылып тұрды.
Үш раундты да жоғары қарқында өткізген жамбылдық боксшы осы шайқастың жеңімпазы болып танылды. Жекпе-жекке төрелік еткен бес төреші де Әбілхан Аманқұлдың айқын басымдылығын бірауыздан мойындады.
Әбілхан Аманқұлды белгілі бокс бапкері Нұрлан Ақүрпеков жаттықтыратынын жанкүйерлер жақсы біледі. Осы ретте бір қызық деректі келтіре кеткенді жөн деп таптық. Нұрлан Жуалыдан шыққан жампоз Бақтияр Артаевтың Олимпиада чемпионы атануына көп еңбек сіңірді. Әбілхан да жуалылық боксшы. Оған да Алла Бақтиярдың жолын берсе, Нұрлан бір ауданнан екі бірдей Олимпиада чемпионын дайындаған бапкерге айналмақ. Біздікі жай арман ғой. Қалғанын уақыт көрсете жатар.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support