- Advertisement -

Бейбарыс Жексен – Азия чемпионы

186

- Advertisement -

Моңғолияның астанасы – Ұлан-Батор қаласында бокстан жастар арасында Азия чемпионаты өткені белгілі. Аталмыш аламанда Қазақстан намысын қорғаған жампоздарымыз жасындай жарқырап, жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Дүбірлі додада бақ сынаған былғары қолғап шеберлерінің шаршы алаңдағы қимылы жанкүйерлерді сүйсіндіргені анық.
Жігіттер мен қыздар арасында өткен аламанда бозбалалар 6 алтын, 1 күміс, екі қола жүлде иеленген болатын. 49 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түскен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, 52 килограмм салмақтағы Махмұд Сабырхан, 56 килограмм салмақ дәрежесіндегі Бейбарыс Жексен, 64 килограмм салмақтағы Дархан Дүйсебай, 91 килограмм салмақтағы Сағындық Тоғамбай, +91килограмм салмақтағы Аманат Сабырғали сынды жігіттердің жарқын жеңістері ұлттық құрамамыздың жалпыкомандалық есепте топ жаруына септесті.
Азия біріншілігінде атой салғандардың қатарында жамбылдықтар да бар. 56 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Бейбарыс Жексен қарсыластарының бәрінен басым түсіп, жеңістің биік тұғырынан көрінді. Кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеевтің бауыры Ғани Әшкеев баптайтын Бейбарыс Азияның үздік боксшысы атағына да осы турнирде қол жеткізгенін айта кеткен ләзім. Сондай-ақ бұл аламанда қыздар арасында 64 килограмм салмақта топқа түскен жерлесіміз Балжан Асқар қола жүлдегер атанды. Балжанды Бауыржан Асқаров баптаған-ды.
Сары құрлық додасынан зор табыспен оралған боксшыларымызды облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков қабылдап, құрмет көрсетті. Басқарма басшысы айтулы аламанда алтыннан алқа тағынған оғлан Бейбарыстың әлі талай биікті бағындыратынына зор сенім білдіріп, сайыпқыранға зор денсаулық, толайым табыс тіледі. Өз кезегінде жарысқа қатысуына қолдау білдірген азаматтарға Бейбарыс та ризашылығын айтып, ел намысын қашанда абыроймен қорғауға дайын екендігін тілге тиек етті.
Жамбылдық жас боксшылар соңғы кездері ел үмітін ақтап жүргені баршаға аян. Азия біріншілігінде тамаша нәтиже көрсеткен Бейбарыс пен Балжанның жеңісі жанкүйерлерді қуантып тастағаны рас. Талай саңлақтар шыққан өңірдің жас боксшылары ағаларының жеңісті жорығын жалғастыратындығына күмән жоқ.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support