- Advertisement -

Байлық

117

- Advertisement -

Әлеуметтік желіден «Байлық» атты қысқаметражды фильмді көргенімде бірден ойыма сол бір ақ-сары өңді келіншек түсті. Еріксіз эпизодтағы қайыр сұраған қараторы әйел мен өзіме сондай көзтаныс жанды ойша салыстырдым. Бай кәсіпкердің: «Бала өскенше қолыңа қарайды, өскен соң жолыңа қарайды. Ертең мына бала да сіз сияқты қайыр сұрап жүрмесін!» деген сөзі сондай ойға итермелесе керек.
Смартфон экранының ар жағында ұл-қызына тамақ тауып беру үшін қол жайған әйел мен тура осы мен тұратын қалада бес баласын жеткізу үшін тынымсыз еңбек еткен ананың бейнесі көз алдымда қатар көлбеңдеп тұрып алды.
Мен ол туралы барлық сырға сырттай қанықпын. Оның ерік-жігерінің мықтылығына іштей сүйсінемін. Бес перзентін жеткізу үшін намысқа тырысып, күн-түн демей жұмыс істеп жүрсе де, еш уақытта «шаршадым» демейтініне таңғалатынмын. Жақында сол келіншекті тағы кездестіріп қалдым. Туысымен әңгімелесіп тұр екен…
– Ой, онда әпкем біздің үйге келсін. Ем-домын алып біткенше, қасымда болсын. Пәтер жалдап тұрып жатырмын. Қазір менің жағдайым жақсы. Екі жерде жұмыс істеймін, сенбі-жексенбі күндері тапсырыс бойынша мейрамханаларда даяшымын. Тамағымыз тоқ. Қыздарым ешнәрседен тарығып жатқан жоқ. Құжат жинап, үй кезегіне тұрдым.
Сампылдап сөйлеп, қазіргі тіршілігі туралы жасырып-жаппай жайып салды. Оның әңгімесінен бұрынғы күйеуінің өз балаларынан бас тартқанын білдім. Бірақ мынау жанның соған күйініп, ұнжырғасы түскені байқалмайды. «Балаларым аман болсын!» – дейді.
Осы бір жанның қажыр-қайратына таңғалмасқа шараң жоқ. Ортақ танысымыздан оның тағдыр тәлкегін жастайынан көп көргенін естігенмін. Осы қалаға келген соң, кешкі мектепке жазылып, кәсіптік білім алыпты. Қазір сол дипломның арқасында тұрақты жұмыс тауыпты. Пәтер жалдап тұрып жатса да, жағдайым жақсы дейді. Лайым солай болсын!

* * *
Фильм демде аяқталған. Қайыр сұраған анаға садақа бермей, жұмысқа алған кәсіпкердің де қоғамдағы түйткілдердің салдарымен емес, себебімен күрескісі келгені қуантты.

Камила БОРАШОВА,
журналист.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support