- Advertisement -

Оқу-жат тығуда жаңа техниканың мүмкіндіктері сыналды

54

- Advertisement -

Қыс – қыр астында. Оған дайындық бүгіннен басталып кетті. Қыстың үскірік аязы, ұйытқи соққан бораны жолаушыны әбігерге салып қоюы да бір демде. Қолайсыз ауа райында, тайғақта жолдан шығып кету, көліктердің соқтығысып қалуы бұл қыс мезгіліндегі қалыпты құбылыс. Бір ауыз сөзбен айтсақ, жолдың жайын жүрген білер…

«Сақтансаң – сақтаймын» деген тәмсілді берік ұстанған төтеншеліктер қашанда жол бойында, басқа жерде оқиға орнына жедел жетіп, құтқаруға сақадай сай тұрады. Оған Күйік асуында ұйымдастырылған «Қыс – 2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында олардың дайындығына тағы да көзіміз жете түсті. Онда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен өткен оқу-жаттығуда азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен жұмылдыру күштерінің қысқы кезең жағдайына дайындығы пысықталған болатын.
Бұл оқу-жаттығуға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, өрт сөндіру және авариялық құтқару бөлімінің, жедел жәрдем, полиция, 5513 әскери бөлімі, «ҚазАвтожол» мен «Жамбыл электр желілері» ЖШС-ның жеке құрамы құрал-жабдықтарымен және техникаларымен қатысты. Күйік асуында ашық алаңға сапқа тұрғызылған жоғарыдағы бөлімдердің жеке құрамының дайындығын облыс әкімі аппараты жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Мейірбек Пірәлиев тексеріп шықты. Ол әрбір жедел қимылдау тобының құрал-жабдығы мен техникаларының дайындығын қарады. Осыдан кейін аталған құрылымдар өздерінің дайындықтарын оқу-жаттығу барысында көрсетті.
Жуалы ауданында жылдамдығы секундына 30 метр жылдамдықпен қарлы боран соғып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 515 километріндегі Күйік асуында қалааралық бағыттағы автобус пен жеңіл автокөлік соғысып қалды. Соның салдарынан бір жеңіл автокөлік аударылып, жол жиегіне құлап кетті. Ал жолдың үстінде көлденең тұрып қалған автобус басқа көлік құралдарының жиналуына себепші болды. Жалпы саны 85 жолаушысы бар 2 қалааралық автобус, 16 жүк, 31 жеңіл автокөлік қарлы боранның астында көлік кептелісінде қалып қояды. Әрине, бұл шартты түрде.
Бұл жағдайдан төтеншеліктердің қалай әрекет ететіндігін басшылық жіті бақылап тұрды. Арнайы құрылымдар жіті қимылдап, оқиға орнына тез жетті. Алдымен жол патрульдік полициясы жол қозғалысын тоқтатты. Өрт сөндірушілер көліктен шыққан өртті ауыздықтауға кірісіп кетті. Сонымен бірге өртке оранған көліктен зардап шегушіні құтқарды. Жедел жәрдем оған алғашқы көмек көрсетсе, жедел құтқару тобының жасақтары боранда қалған жолаушыларды жылыту пункттеріне жеткізу іс-шарасын жүзеге асырды. Осының барлығын қалт жібермей бақылап тұрған біздер, төтеншеліктердің ерлікке толы ісіне сүйсіне түстік. Әрине, бұл жаттығу. Алайда мұндай оқиғалардың бетін аулақ қылсын дейік.
Бұдан бөлек, боранда адасып кеткен аңшы мен малшыны іздеу іс-шарасы Күйік асуының маңындағы мал қыстағында ұйымдастырылды. Оларды іздеуге жедел-құтқару жасағының күштері жұмылдырылды. Арнайы құрал-жабдықпен, техникамен, қысқа толқынды, ультрақысқа толқынды және спутниктік байланысты жылжымалы радиостанциямен, сымсыз ұшу аппаратымен қаруланған құтқарушылар іске кірісіп кетті. Алдымен көкке жасанды ұшу аппараты (дрон) ұшырылды. Ол 500 метр биіктікке дейін көтеріліп, 5 километрді қамтиды екен. Көктен түсірілген бейнелер басқару пунктінде зерделеніп, іздегендерін тапқандай болды. Осыдан кейін ол жерге Ресейден алынған «ТРИКО» жол талғамайтын автокөлігі жіберілді. Бұл ауданның ойлы-қырлы жер қабатына қарамастан жаңа көлік суды кеше, батпақты баса өтіп, кісі бойынан асатын қамыстың арасына сүңгіп кетті. Оның соңынан із кесуші ит жетектеген құтқарушылар ілесті. Сөйтіп, іздеу іс-шарасы табысты аяқталды.
Қатты дауыл салдарынан электр бағандары құлап, Айша бибі ауылында жарық сөніп қалған екен. Ауыл қасындағы құлаған бағандарды ауыстырып, электр желісін қайта қалыпқа келтіру үшін «ЖЭС» ЖШС-ның апаттық-қалпына келтіру бригадасы шығып, тапсырманы тиянақты орындады.
Жоспарланған іс-шаралар толық аяқталып, оқу-жаттығуды сәтті өткізген облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мақсат Қосыбаевты сөзге тарттық.
– Қыс айларында орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында өткізіліп отырған оқу-жаттығуға 8 құрама, 100 адам қатысып, 26 бірлік техника жұмылдырылды. Жалпы, өңірімізде автокөлік жолдарын қар басуы мүмкін 120 километрге созылған 16 қар тоқтау жер телімі бар. Қыс айларында Күйік, Шақпақ, Қордай, Хантау асулары жүргізушілерге үлкен қауіп төндіреді. Бұл жерлерде метеорологиялық жағдайдың нашарлауы нәтижесінде авариялар, автомобильдердің өткізу қабілетінің төмендеуі және көлік құралдарының жиналуы мүмкін. Бүгінде жол бойында 28 жылыту пункті дайындалды. Оқу-жаттығу барысында осының бәрі қаралды. Сонымен бірге жоғары жүрісті доңғалақты және шынжыр табанды техникалардың, ұшу аппаратының мүмкіндіктерін осы іс-шара барысында пысықтап алдық, – деді ол.
Жалпы, Тараз қаласы мен республикалық және аудандық мәндегі жолдарды қардан уақтылы тазалап отыру үшін 279 техника дайындалыпты. Қар түссе республикалық маңызы бар жолға – 98, облыстық автожолдарға – 133, қала көшесіне 48 бірлік техника шығарылмақ. Жылыту пункттерін қатты отынмен қамту үшін 40 тонна көмір, тайғаққа қарсы 7835,2 тонна құм мен тұз, 44 тонна бензин мен 156 тонна дизель отыны дайындалыпты.

Жуалы және Жамбыл аудандары.

Суреттерді түсірген
Юрий КИМ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support