- Advertisement -

Кәнішке

39

- Advertisement -

(қаз-қалпында)

Шудың шуылы көп, ығы-жығы базары. Ми қайнатар аптап ыстық төбені тесіп, күйіп тұр. Шеткерірек бір саудагердің тұтып қойған құстың қанатындай алашасын көлеңкелеп мен де тұра қалдым. Күнқағар көзілдірігіме тамған терді сүртіп жатып, сонадайда кетіп бара жатқан, орта жастан асқан, егделеу әйелге көзім түсе кетті. «Апыр-ау, мынау Кәнішке ғой» деген ой сап ете түсті. Анықтап қарадым, иә сол, соның нақ өзі. Кәнішке деп дауыстағанша, асыға басып қалың нөпірге сіңіп, ұзап кете барды…

Сол сәт алыста қалған ыстық күндер, балалық шағым ойыма оралды. 1970 жылдардың орта тұсы еді. Әкемнің жалғыз қарындасы Орынбала әпкеміз «Айдарлы» совхозында тұратын. Бізді жазғы каникулда әкем сонда апарып, 5-10 күн жиендермен бірге болсын деп, тастап кетуші еді. Әпкеміздің үш ұл, бір қызы бар. Ұлдары Орынбай, Болат, Қанат, қызының аты – Гүлнәр. Орынбай мен Болат ертерек қайтыс болып кетті. Олардың балаларынан еш хабарым жоқ. Ел қатарлы тірліктері бар деп естимін, әйтеуір. Оған да шүкір.
Ойын баласы Қанат маған тетелес болатын. Екеуміз шыжыған күнде май топырақты жалаң аяқ кешіп, ұзақ күнді ойын қызығымен өткізуші едік. Рогатка жасап, торғай ату ең қызық ойынымыз. Ермегіміз мәрмәр секілді жылтыраған ақ тастарды бір-біріне соғып, шашырап ұшқан ұшқындарды қызықтаймыз. Балалық қой бәрі. Әйтпесе, сол да қызық болып па?..
Бірде топ бала көлеңкеде отырдық. Кенет дәл үстімізден өтетін жоғары вольтті электр сымына 3-4 торғай қона қалды. Мен ойланбастан жерден қолыма ілінген түйір тасты ала салып, көздеместен тартып жібердім. Әлгі торғайдың біреуі шыр айналып, тура ортамызға кеп, топ ете түсті. Ең қызығы әлгі торғайдың бір аяғында қалайы қаңылтырдан жасап салған сақинасы бар екен. Бәрі аң-таң. Сақинада «г.Москва» деген сөз бен тағы бір сандар жазылыпты. Торғайды қолымызға ұстап үйге зымырадық. Әпкем көріп: «Ой, Алла-ай, сонда бұл Мәскеуден ұшып келген болды ғой», – деді таңғалысын жасырмай. Бауырларым: «құралайды көзге атқан мерген екен» деп, мақтап та қойды. Әпкеміздің ол кездері елуді еңсерген, орта жастан асқан шағы. Өте жылдам, қағілез, шалт қимылдайтын кісі еді. Мейірімді көзбен бәрімізді еркелетіп қоятын.
Менің жиендер ауылындағы қыдыру уақытым таяп, кететін күні әпкем ақ көйлегімді жуып, шалбарымды қағып-сілкіп, тазалап, мені оңаша бір бөлмеге апарып, көзіме көрсетіп тұрып, шалбарымның ышқырын ұстарамен сөгіп, сол жерге 3-5, 10 сомдық ақшаны салып, қайтадан көктеп, тігіп берді. Сосын: «Үйге барғанда жеңешеме айтып алдыр, саған кигізгенім, үстіңе мектепке киетін киім, кітап, қалам әпереді»-деді. Онысы түсіріп алмай, жоғалтпай апарсын дегені еді. Қайран әпкем-ай десеңізші… Ол кезде пакет те жоқ, құрт-май, жент, оны-мұны бәрін газетпен орап, тор сеткаға салып қолымнан жетектеп алып жүрді. Сосын үлкен жолға шығып, автобус күттік. Сол аялдама әлі күнге бар. Не көлеңке жоқ, не жауын жауса ықтайтын жері жоқ, қалқиған бірдеңе. Әйтеуір аялдама деген аты. Содан түс ауа көптен күткен автобус та жетті-ау, ыңыранып. Белінде қызыл жолағы бар, тоз-тозы шыққан ескі «Львов» деген ауыр неме тоқтағанда да моторын сөндірмей, тура бір артқы жағында қара қазан қойып, жүгері қуырып жатқандай патыр-пұтыр дыбыс шығарып тұратын бір сұмдық. Әпкем автобустың алдын орап шопырға мені табыстап: «Трайскіден» өтіп кетпесін, Шу жаққа» деп қадап айтып жатыр. Әбден пысықтап болғасын менің кекілімді артқа қайырып, самайдан аққан тер-тер бетімнен сүйіп, тура соғысқа аттандырғандай шығарып салды.
Қайран әпкем! Қазір сол «Айдарлының», жаңағы мен айтқан жол бойындағы аялдаманың артындағы ескі қорымда жатыр. Әрі-бері жол түсіп өткенде, білген дұғамды айтып, бет сипап еске алып қоямын, жарықтық әпкемді.
«Айдарлының» жазы да шыжыған ыстық болушы еді. Күнде ауылдың сырт жағынан жағалай ағатын тоғанға барып, шомылып салқындаушы едік. Сол кезде бізді іздеп, Кәнішке келетін. Неге Кәнішке деп атап кеткені белгісіз. Гүлнәр деген азан шақырып қойған аты бар. Барлығы солай дегесін бізде Кәнішке деуші едік. Кәнішке еркекшора, тік мінезді еді. Үш ұлдың ішіндегі жалғыз қыз болғасын ба, еркелеу. Аяқ қолы балғадай, жұдырығы ерлердікіндей жуан. Өзі күшті болатын. Бізден 2-3 жас үлкендігі бар. Қалың қою қара шашын үнемі тоқпақтай ғып өріп жүреді. Ашуына тиген ұл балаларыңды әлгі жуан жұдырықпен салып қалса, екі-үш күнге дейін Кәнішке түстерінен шықпасы анық. Содан бәрі жасқанып, ол келе жатқанда ығып, қорқып тұратын. Екі қауға суыңды емін-еркін алып кете беретін. Кейінірек Алматыға оқуға түсіп, жоғары білім алды да, тұрмыс құрып кетті.
Жүзінен әр таймай, қызыл шырайланып тұратын Кәнішкем, кішірейіп кеткендей көрінді. Жүрісі аумаған әпкем. Өмір оған да аямай өз салмағын салып, өңін өрнегімен шимайлап тастағандай. Көріспегелі де біраз уақыт өтіпті. Тізгін бермей зырылдаған уақыт-ай. «Тұрымтай тұсымен, балапан басымен» дейміз бе? Әйтеуір ер жетіп, етек жауып, әрқайсымыз әр жаққа тарап, күйбең тірлікпен алыстап кеттік қой.
«Біздер кеткен соң араласпай қаласыңдар-ау» – деп еді, көкеміз жарықтық. Әулие екен ғой. Көкем деп отырғаным жездеміз, Кәнішкенің әкесі Бақтыбай. Ағайынды екі кісінің ұрпақтары, бірі ұлдан тараған, бірі қыздан туған кісілердің нағашы-жиен болып, араласып жататын-ақ жөні бар еді. Ала құйын заманның әлегі ме, әлде тас бауыр қоғамның адамдары да жат бауыр бола ма, әйтеуір бір-бірімізден түс шайыспай-ақ алыстап кеттік. Жақыныңды жат қылып жіберген, құдіреттің күші-ай десеңші!
Орамалы әр жерден бір көрініп, қалың нөпірдің ішіне сіңген Кәнішке ұзап барады. Артынан қарап тұрған менің бір бүйрегім ине сұққандай шаншып кетті…

Алтыбай ОРМАНОВ.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support