- Advertisement -

Белбасарда мәдени-спорт кешені ашылды

279

- Advertisement -

Облыс орталығынан шалғайда жатқан Белбасар ауылын ел-жұрт қай кезде де бірлігі тарқамаған берекелі ауыл ретінде таныған. Тоғыз жолдың торабындағы жалғыз тірек ауылы саналатын Белбасардағы атқарылып жатқан іргелі істерге қарап, сүйсінбеске амалыңыз қалмайды.

Жалпы, бүгінде туып-өскен өлкеге еңбегімен елеулі болған азаматтар аз емес. Олар туған жерге қызмет етудің бірегей жолы адал еңбек деп біледі. Мұндай азаматтар туған топырағынан жырақта жүрсе де, өзі туып-өскен ауылын жеке баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, тұрмысын базарлы етуде қолынан келгенін аямайды. Дәл осындай азаматтардың бірегейі ретінде Тараз қаласы мен Шу ауданының Құрметті азаматы Болат Сауранбаевты атап өтуге болады.
Өзі шалғай өңірлерде жауапты қызметтерді атқара жүріп, ол Белбасар ауылының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Болат Оспанұлының қажетті жерде ауылдастарының игілігі үшін жасалатын кез келген іске демеушілік танытудан тартынып қалған тұсы жоқ. Соның дәлелі ретінде пайдалануға берілген «Белбасар» мәдени-спорттық кешенін тілге тиек етуге болады. Белбасар ауылында бой көтерген нысанның ашылу салтанатына есімі елге белгілі спорт саңлақтары көп жиналды. Дәлірек айтар болсақ, қазақ боксының аңызы Серік Қонақбаев, еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, жүзуден Паралимпиялық ойындардың чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, қазақ күресінен үш дүркін «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев, кәсіпқой бокста өз ізін қалдырған Марат Мәзімбаев, дзюдодан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов, кәсіпқой боксшылар Батыр Жүкембаев, Асхат Уәлиханов сынды сайыпқырандар осы қуаныш үстінен табылды. Айта кету керек, бұл нысан облыстың 80 жылдығына орай ашылатын 80 нысанның алғашқысы.

Салтанатты іс-шарада облыс әкімі аппаратының басшысы Рүстем Дәулет сөз сөйлеп, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің құттықтауын жеткізді. Сонымен бірге Болат Сауранбаевқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етіп, дәстүрге сай ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Бұдан соң Болат Оспанұлы «Хати ата» қорына өз үлесін қосқан азаматтарға алғысын айтып, Серік Қонақбаев пен Батыр Жүкембаевқа сәйгүлік мінгізіп, қазақтың салты бойынша құрметті қонақтардың барлығының иықтарына шапан жапты. Іс-шара барысында аудан әкімдігі спорт бөлімінің басшысы Қасымхан Мәуленовке нысанның символикалық кілті табысталып, салтанатты түрде лентасы қиылды. Жиналған жұртшылық кешеннің ішін аралап, шашу шашты. Спорттың бірнеше түрі қамтылатын кешенде Серік Қонақбаев, Ислам Байрамуков, Бейбіт Ыстыбаев, Елдос Сметов және Батыр Жүкембаев атындағы залдар бар.
Екі қабаттан тұратын нысанның жалпы көлемі 2696 шаршы метрді құрайды. Кешеннің төменгі қабатында орналасатын әмбебап спорт залда келушілерге спорттың шағын футбол, волейбол және баскетбол сынды түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Ал екінші қабатта бокс пен күрес залдары орналасқан. Мұндағы құрылыс жұмыстарын елімізге белгілі «SHEBERBUILD» құрылыс компаниясы жүргізіпті. Спорттық нысанның алғашқы тасы қаланған бір жарым жылдан бергі уақытта 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Міне, дәл қазіргідей сағат тұрмақ секундтың өзі есептеулі шақта қаншама жанның нәпақасын тауып беру кез келгеннің қолынан келе бермейтін ерлік десек, әсірелегеніміз емес. Болат Сауранбаевтың айтуынша, «Белбасар» мәдени-спорт кешенінің әкімшілік бөлмесі мен спортшылардың киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелерінің барлығы да халықаралық стандартқа сай екен.
– Біздің бала кезімізде ауылда мұндай спорт залда жүгіру арман болатын, ол қазіргі ауыл балаларының да арманы екенін білеміз. Сондықтан ауылдастарымызға көмек болсын дедік. Енді, міне, екі жылға жуық уақытта кешенді толық аяқтап, ел игілігіне беріп отырмыз. Бір айта кететін жайт, еліміздің даңқты боксшысы Серік Қонақбаев халықаралық стандартқа сай рингті барлық құрал-жабдығымен бірге сыйға тартса, «Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков шағын футбол алаңшасын соңғы үлгідегі жамылғымен жабдықтап берді. Оған қоса, клубтың оңтүстік өңірдегі филиалын осы кешеннен ашатынын да жеткізді. Сонымен бірге ауылымыздың тұрғындары да бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып, жаттығу залына қажетті жабдықтарды түгелдей өздері сатып алып, сыйға тартты, – дейді Болат Оспанұлы.
Ауылдан шыққан атпал азаматтың осынау жарқын ісі ауылдастарына жасаған алғашқы жақсылығы емес. Бұрнағы жылдары ауылда имандылық ордасының бой түзеуіне себепші болып, алақандай ауылға зәулім мешіт салып берген. Одан кейін әбден тозығы жеткен үлкен футбол алаңшасын толығымен сүргізіп, көлемі 50-100 метрді құрайтын соңғы үлгідегі жасанды жабыны бар үлкен стадион салып, оны ауыл мектебінің меншігіне өткізді. Енді, міне, сол ауылға халықаралық стандартқа сай мәдени-спорттық нысан салып беріп, ауылдықтардың ақ батасын алып отыр.

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген Петр Норкин.

Ерғали Қартайған

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support