- Advertisement -

«Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін»

570

- Advertisement -

деп Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, қазақ әліпбиіндегі өзгерістердің бәрі кемел келешек жолындағы ауқымды іс

Жаңа реформа кейде ескіге оралу арқылы ұлттық жадыны, сананы қалыптастыруға негізделетіні белгілі. Бұл ұстаным жаңа қазақ әліпбиіне де қатысты. Заманалардың запыранын көрген қазақ елі кириллицаға төселмес бұрын сол латын графикасын пайдаланғаны тарихтан мәлім. Бодандық қамытын кигізгісі келгендер үстемдікті әліпби жаңалаумен бастап, біздің ұлттық кодымызға, тілдік ерекшеліктерімізге нұқсан келтіруге талпынғаны аян. Белгілі бір дәрежеде әлгілер өз мақсаттарына жеткенін ғалымдар айтып та жүр.
Латын графикасы – әлемдік өркениеттің өзі. Ең танымал жазу үлгісі де осы графика. Шүкір, қазаққа ғажап құт боп қонған азаттықтың арқасында Қазақстан жаңа дәуірді, әліпби тұрғысынан да тың реформалауды бастан өткеріп жатыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізінде жаңа қазақ әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу жұмыстары қолға алына бастады. 2025 жылға дейін бұл жұмыс толыққанды аяқталуы тиіс.

Жаңа жазу үлгісі алдымен көз дағдысын, қол дағдысын қалыптастыруды қажет етеді. Теория мен практиканың ұштасуы арқасында бұл жұмыс өзінің жүйелі жемісін береді. Осы орайда өңірімізде бұған дейін атқарылған шаруа аз еместігі баршаға аян. Сол жұмыс әлі де жалғасын табуда. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ ұйытқы болуымен «Латын әліпбиіне көшу кезеңдеріне сәйкес педагог біліктілігін арттыруды жүйелеу» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өткізілді.
Латын графикасына көшу кезеңдеріне сәйкес, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруда әліпбидің әдістемелік мәселелері мен емле ережелерін меңгертудің тиімді жолдарын талқылауға арналған басқосуды «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жұлдыз Өскенбаева кіріспе сөзбен ашты. Ол өз сөзінде семинар-кеңестің мазмұнына жан-жақты тоқталып, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың жемісті екенін тілге тиек етті. Бұдан соң облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев сөз алды.
– ХХ ғасырдың 40-жылдарында кириллица енгізілгені баршаға мәлім. Оның идеологиялық негіздерін мен де біркісідей зерделедім. Ол кездегі идеологияның бағыты баршаға мәлім ғой. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «алдымен экономика, одан кейін саясат» деген ұстаным болды. Латын графикасына көшудің негізінде идеологиялық мазмұн бар.
Облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары да бүгінгі күні латын графикасына баса назар аударып отыр. Бұл ретте жұртшылықтың көз дағдысын қалыптастыру басты мақсат екені аян. Қазіргі таңда аудандық – 10, Тараз қалалық – 1, облыстық 3 басылым бар. Газеттердің дені атауларын латын қарпіне ауыстырды. Бұл да біршама жұмыс. Өйткені газет атауы жай өзгеріске ұшырамайды, куәлігін де алу керек. Одан бөлек басылым оқырмандарының көзін үйрету, оқу дағдысын жүйелеу мақсатында барлық басылымдарда бір мақала латын жазуымен беріліп келеді. Аталған жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын таба береді. Сонымен қатар телеарналардың да атаулары, бағдарламаларының аттары латын қарпінде жазылған, – деген Берік Бегалиев өзге де мәселелер туралы кеңінен толғады.
Республикалық деңгейде өткен семинар-кеңесте мамандар да өз пікірлерін ортаға салды.

Мұхтар Ақтаев, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Шымкент қаласы бойынша ПҚ БАИ директорының ғылыми істер бойынша орынбасары.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдың ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деген болатын. Демек, латын әліпбиіне көшу – мемлекетіміздің барлық саласы үшін аса қажетті, саяси-әлеуметтік мәні бар қадамның белгісі.
Қазақ халқының мәдени өмірінде әртүрлі әріп таңбаларынан тұратын дыбыстық жазу жүйесі қоғамдағы түрлі тарихи-әлеуметтік жайттарға байланысты өзгерістерге ұшырап отырған. Қазақ тілінің графикасы бірнеше жазу нұсқаларына (араб, латын, кирилл жазулары) бағындырылған.
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын графикасын жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық емес. Латын графикасы әлемде кеңінен қолданылады.
Әлемдік деңгейдегі ғылыми үздік еңбектер мен ақпараттардың басым бөлігі латын әрпімен жазылғандығы да белгілі. Ахмет Байтұрсынұлының «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген тіркесінде үлкен мән жатыр. Бүгінгі таңда жасалып жатқан қазақ әліпбиіндегі өзгерістердің бәрі біз үшін емес, кемел келешек жолындағы ауқымды іс деп білеміз.
2018 жылғы 15 маусымда латын графикасына көшудің маңыздылығы туралы терең мағлұмат беру, қоғамдық пікір қалыптастыру, мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету мақсатында «Менеджмент және ақпараттық технологиялар» кафедрасы Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығымен бірлескен «Латын графикасына көшу: мәселе, пікір, ұсыныс» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директор кеңесшісі – Оразкүл Асанғазықызы, Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбектің дәрістерін тыңдады.
Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруде қазақтың төл дыбыстарының дұрыс дыбысталуын және дұрыс жазылуын сақтау – біздің міндетіміз!

София Омарова, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әдістеме басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты.
– Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Премьер-Министрдің өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру» жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес бірқатар жұмыстарды қолға алды. Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының оқытушылары мен ересек тұрғындарды оқыту үшін 72 сағаттық «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» республикалық оқыту курсы және еліміздің әр өңірлерінде «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбына 12 сағатқа құрылған бағдарлама бойынша дәріс және семинар сабақтары ұйымдастырылды.
Республикалық 72 сағаттық оқыту курсы биыл 26 наурыздан басталып, қазанның 22-сі аяқталды. Ал 12 сағаттық дәріс және семинар республикамыздың 17 облыс орталығында өтті.
Дайындалған нормативтік құжаттармен қатар Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық және орфоэпиялық жұмыс тобы мүшелерінің қатысуымен 72 сағаттық оқытуға арналған «Жаңа емле» оқу-әдістемелік құралы мен 12 сағатқа арналған «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» әдістемелік құралы әзірленді. Бұл еңбектер – жаңа қазақ жазуымен дайындалған тұңғыш құралдар. Оқыту курстарының мақсаты – өзге аудиторияны оқыта алатын білікті мамандарды дайындау. Бұл курсқа еліміздің облыс орталықтарының оқытушылары, ұлттық компаниялардың қазақ тілі мамандары, аудармашылары қатысты. 380 қазақ тілі маманы және аудармашы курстан өтіп, сертификат алды. 12 сағаттық дәріс-семинарға 2040 маман қатысып, анықтама алды.
Дәріс сабақтарында жаңа қазақ жазуының ұлттық сананы қалыптастырудағы қызметі мен маңызы, рухани жаңғыру мен ұлттық сананың байланысы, ұлт болашағы үшін мәні, ұлттық кодты сақтау, жазудың ұлттық бірегейлігі, жаңа қазақ әліпбиі таңдалуының қысқаша тарихы жайлы өзекті мәселелер талқыланады. Практикалық сабақтарда жаңа қазақ әліпбиінің графикасы мен құрамы қазіргі айтылым нормалары мен жазудың арақатынасы, бірге және бөлек жазылатын сөздер, шеттілдік сөздердің орфографиялануы, дефистің қойылуы және тағы басқа тақырыптар аясында толыққанды білім берілді.
Оқытушылар оқу материалдарын аудиторияға дәстүрлі және дәстүрлі емес әдістермен ұсынады. Болашақ тренерлерге жаңа қазақ жазуының орфографиялық және орфоэпиялық заңдылықтарының ең негізгі мәселелері тезис түрінде түсіндіріледі. «Дыбыс тіркесін таңбалайтын и, у әріптері емлесі мен орфоэпиясы және тасымал мәселесі», «Ы, І әріптерінің емлесі және орфоэпиялық ерекшеліктері», «Бірге және бөлек жазылатын сөздердің емлесі» тақырыптарын түсіндірген кезде көбінесе түсіндіру, талдау (анализ) әдісін қолданған тиімді. Сабақ үстінде осы әдістер негізінде оқу жаттығуларында берілген әрбір лексиканың жаңа әліпби бойынша жазылуы және орфоэпиясы талданады.
«Шеттілдік сөздердің орфографиялануы және орфоэпиясы», «Қысқарған сөздер емлесі», «Цифрларды қолданудағы дефистің қызметі» және басқа да тақырыптарға құрылған практикалық сабақтарда постер, ми шабуылы, А.Ривиннің ұжымдық және топтық жұмыс әдістері жиі қолданылады.
Сондай-ақ тренерлерге IT технологиялар арқылы сабақ беру тәсілдері көрсетіледі. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының «Qazlatyn.kz» ұлттық порталындағы электронды мәтінді кириллден латынға, төте жазуға және керісінше аударатын «Qazlatyn көпфункционалды конвертері» жайлы мағлұмат беріледі. Тренерлерге порталдың басты бетінде орналасқан «Til qural», «Tilmedia», «Емле», «Qujat.kz», «Atau.kz» және тағы басқа түрлі веб-сервистер, мобильді қосымшалар көмегімен жаңа емлені үйрету жолдары түсіндіріледі.
Аталған 72 сағаттық оқыту курсында тренерлердің өзіндік жұмысы жоспарланды. Оны қысқаша ТӨЖ деп атадық. ТӨЖ дегеніміз – теориялық және практикалық білімдермен қаруланғаннан кейінгі тренердің көрсететін 25 минуттық ашық сабағы, жаңа әліпби және емле ереже бойынша сабақ беру тәжірибесін бақылаудың бір түрі. ТӨЖ – тренерлерге сертификат немесе анықтама беру талаптарының бірі. Ашық сабақ көрсете алмаған тыңдаушы сертификат ала алмайды, курсқа қатысқандығын растайтын анықтама қағаз ғана алады.
Оқыту курсының сабақ кестесінде тренерлерді ТӨЖ-ге дайындау үшін әдістеме сабақ жоспарланады. Әдіскерлер дәстүрлі және дәстүрлі емес әдіс-тәсілдерді 25 минутта қолданудың жолдарын үйретеді, тренерлерге сабақ үлгілері ұсынылып, сабақ жоспарларын жазуда әдістемелік көмек көрсетіледі. Тренерлер ашық сабақтарын Нұр-Сұлтан қаласындағы түрлі мекемелерде көрсетті. Ашық сабақ базалары ретінде Астана гуманитарлық колледжі, №78 орта мектебі, №58 мектеп-гимназиясы, КазГЮУ гуманитарлық-заң колледжі, «Тұран-Астана» университеті, «Энергосервис» мекемесі, әділет департаменті, №10 қалалық емханасы, «Мемлекеттік техникалық қызмет» мекемесі таңдалды.
Қазақ тілі мамандары, яғни тренерлер ашық сабақтарын жоғары деңгейде өткізді. Олар өз сабақтарында «Блум таксономиясы», «Кластер», «Джигсо», «Кубизм», «Kahoot онлайн тест», «Иллюстрациялық суреттер», «Кері байланыс» және басқа да әдістерін ұтымды қолданып, 25 минуттың көлемінде түрлі тәсілдерге құрылған қызықты сабақтармен таңғалдырды. Ашық сабақтарға әдістеме басқармасының мамандары талдау жасайды, баға қойылады. Ең үздік тренер-мамандар жаңа әліпбимен оқулық, оқу құралдарын жазуға шақырылады. Ағымдағы жылы 72 сағаттық оқыту курсының тренерлері Б.Динаева мен Ж.Жақанова және тағы басқа мамандар республикалық деңгейдегі «Жаңа жазу» оқу құралын жазды. Жаңа емлені меңгертудегі әдістемелік ізденістерге қысқаша тоқталатын болсақ, алдымыздағы 2020 жылы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы тарапынан бейнедәрістер топтамасы жарыққа шығады.
Бейнедәрістерде жаңа әліпбидің негізгі түрткіжайттары, стратегиясы, жазудың мақсаты, бірге жазылатын сөздердің тілдік белгілері, семантикалық уәжі, сыңарлар жігінің кірігу себептері, лексикаланған тұрақты тіркестер жайлы латыннегізді әліпбиіміздегі қазақ тілінің жаңа емле ережесіне қатысты өзекті мәселелер көтеріледі. Бейнедәріс 21 тақырыпқа құрылған, филологтарға арналған, жаңа емлені меңгертудегі таптырмайтын құрал.
Қорыта айтатын болсақ, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында латыннегізді жаңа әліпби қабылданып, тілге реформа жасалып жатыр. Рухани жаңғырудың негізі – осы жаңа әліпби. Рух пен әліпбидің арасындағы байланысты орнататын дүние ол – сана. Рухты жаңғырту үшін сананы өзгертіп, жаңғырту керек. Ал қазіргі жаңа әліпбиіміз осы сананы өзгертуге, сананы қалыптастыруға тікелей әсер ететін құрал. Сондықтан жаңа әліпби мен мақұлданған емле ережені көпшілікке насихаттау, үйрету – қазақ тілі мамандарының негізгі міндеті.
Айнұр Дөңбаева, филология ғылымдарының кандидаты.
– Қазақтың сөздерінде алғашқы буында кездескен еріндік дауыстылар сөздің соңына дейін, керек десеңіз, келесі сөздерге де ықпалын көрсетіп отырған. Мысалы «жүрек», «дүкен», «өмір», «көңілім», «көлемді» деген сөздер таза қазақы дыбысталса: «жүрөк», «өмүр», «дүкөн», «көңүлүм», «көлөмдү» болуы керек. Бұл – бір ғана еріндік дауыстыларға қатысты дыбыстық ықпалдың түрі. Мұндай үнемділік заңдылығы қатаң сақталған тілде сөйлеуші адам оңайлықпен шаршамайды. Себебі сөйлеуші аппараттар, тіл мен жақ әлдеқайда аз қимылға ұшырайды. Қысқасы, бәрі де есептеулі. Осы жерден тағы бір сұрақ туындайды: латын графикасына көшетін болсақ, қазақ тілінің осы табиғи ерекшеліктері ескеріле ме? Ескерілмейтін болса, кирилл әріптерінің 70-80 жылдық зардабы ары қарай да жалғаса бермек. Яғни тіл мен жақ, үн мен сөз – ары қарай да өзгерістер мен ауытқуларға ұшырай береді деген сөз. Мынау орфоэпиясы, мынау орфографиясы деген сияқты жаңа ережелер көбейеді. Бұлай болмасын десек, сөздер қалай дыбысталуы қажет болса, солай таңбалануы тиіс. Мұндай тілдік тәртіпті енгізудің ұрымтал тұсы – осы латын графикасының жаңа үлгісін енгізу сәті. Сонымен қатар дәріс беретін топтарда байқағанымыз, диктант жазғанда телефондағыдай орыс алфавитімен жазады, мысалы, егер смартфонда қазақ әліппесі болмаса орысша жазамыз, ал осы үрдіс олардың жазу сауаттылығында қалыптаса бастағаны байқалады, қазақтың төл әріптерін орыс әріптерімен береді: тіл-тил, қазақ-казак, сөз-соз, тағы басқа. Бұл да интернет пен телефон жазбасының әсері.
Бүгінгі күнге дейін Тіл саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиін қызу талқылауда ойларымен бөлісті. Латын графикасына көшудің қиыншылығы, қазіргі біздің қолданып жүрген әліпбиіміз қазақтың төл әліпбиі емес, орыс тілімен араласып кеткені, бізге өзге тілден енген дыбыстар араласып кетсе онда кедергілер туындайтынын, латын графикасына төл дыбыстарымызды баптап, соның аясында көшуін және қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек екенін, ол реформа үш мәселені – дыбыс, әліпби және емле ережені бірдей қамтиды.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусына сәйкес елімізде жасалып жатқан электрондық ақпараттық ресурстар қазақ тілінде болғаны жөн. Ақпараттық ресурстарды жасау көп қаржы мен жұмысты талап ететін үдеріс болғандықтан, оларды барлық компьютердің пернетақталарында бар 26 әріптік классикалық латын әліпбиінде жасаған тиімді.
Осы уақытқа дейін латын графикасына негізделген жаңа қазақ жазуы екі рет өзгертілді. Алғашқы нұсқасы туралы сын-пікірлер көп айтылды, сол ескертулермен ол алынып тасталды, сондықтан оған қайта-қайта тоқталу, сынау орынсыз. Ал жаңа қабылданған қазақ жазуы бекітіліп, оған түрлі әдістемелік нұсқаулар мен емле-ережелер жазылып жатыр. Соңғы ұсынылған 108 емле ережесі туралы қойылатын сұрақ та, талап етілетін түсініктемелер де көп, ол тағы бірнеше мақалаға арқау болады. Дегенмен де, нақты бекітілген емле болмағандықтан, осы айтылғандарды ескеріп, жаңа қазақ әліпбиінің латын графикасындағы оңтайлы тұстарын қысқаша атап көрсете отырып, мынадай қағидаларын ұсынуға болады:
1. Жаңа әліпби тек қана қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне негізделіп жасалған. Бұл қазақ тілін оқуды жеңілдететін қазақша айту мен жазуды сәйкестендіреді және оны мемлекеттік тіл ретінде басқа тілдерге тәуелсіз дамытады.
2. Қазақ тілі дыбыстарын классикалық латын әліпбиі қамтылған пернетақтадағы таңбалармен ғана белгіленуге мүмкіндігі бар. Бұл компьютер және телекоммуникациялық құралдар арқылы қазақ тілінде ешқандай кедергісіз жазбаша қатынасуға болады.
3. Қазақ тілі дыбыстар белгілерінің орналасу реті классикалық латын әріптерінің кодтауымен сәйкес болуы. Бұл қазақ тілін компьютер арқылы тиімді өңдеу мен дамытуға кең мүмкіншілік береді. Себебі ұлттық әліпбилерді пайдаланып жасалынған ақпараттық ресурстар тек қажетті қаріптер мен драйверлерді ғана емес, оларға қоса, әліпбидегі әріптердің ретіне негізделіп құрылған барлық ақпараттық технологияларда қолданылатын сұрыптау (реттеу) және іздеу бағдарламаларын да талап етеді. Ал оларды жеке ұлттық тілге арнап жасау және мыңдап тарап жатқан ақпараттық технологияларды орнату тым қымбат. Сонымен қатар оларды үзілмей шығып жатқан жаңа ақпараттық технологияларға да бағыттап жасау керек, яғни, осы мәселелермен тұрақты айналысу қажет.
Бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирилл, араб немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады.
Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді.

Тілші түйіні:

Республикалық семинар-кеңесте жаңа қазақ әліпбиіне қатысты түрлі ойлар мен ұсыныстар кеңінен айтылды. Соңынан қатысушыларға сертификаттар тапсырылды. Әрине, бұл ұсыныстар тиісті жерлерге жеткізіледі. Жиынға қатысқан өзге де азаматтар мен азаматшалар өз көзқарастарын жариялы түрде жеткізе білді.
Айналып келгенде, латын жазуы – рухани жаңғырудың жемісі. Осыны қаперден шығармағанда ғана қазақ тілі өзінің табиғи қалпын сақтап, ғаламдық деңгейге көтеріледі. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support