- Advertisement -

Жеке сектордағы газ желілері жаңартылуда

47

- Advertisement -

Бүгінде ескі газ желілері заман талабына сай жаңа полиэтилен құбырларға ауыстырылуда. Бұрын көше бойымен үй жағалай жүргізілген құбырлар қазір жер астына түсірілуде. Бұл жұмыс ең алдымен облыс орталығы – Тараз қаласында қолға алынып отыр.

Облыстағы газ құбырының жалпы ұзындығы 4780 километрді құрайды. Оның 1510 километрі Тараз қаласы аумағында. Сондай-ақ өңіріміздегі 10 ауданның 8-нің біраз елді мекеніне табиғи отын жеткізілген. Бүгінде «көгілдір отынның» игілігін облыста 190541 тұтынушы көріп отыр. Бұдан бөлек 314 өнеркәсіп ошағы мен 5411 коммуналдық кәсіпорын оның тұрақты тұтынушылары.
2011 жылдан бері Тараз қаласында 899 километрді құрайтын жеке сектордағы газ құбыры желілері ауыстырылған. Ол «ҚазТрансГазАймақ» АҚ арқылы жүргізілуде. Осы жұмыстың барысы ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшылығы ұйымдастырған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен болған баспасөз мәслихатында айтылды. Оған департамент қызметкерлері, «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының өкілдері мен журналистер қатысты.
Баспасөз мәслихаты Қойгелді көшесі бойында орналасқан шкафтық тарату пунктінің алдында өтті. Аталған шараны департамент басшысы Ерболат Дүйсембиев ашып, жүргізді. Ал «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалының техникалық жоспарлау бөлімінің басшысы Абыл Юсупов атқарылған құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды.
Оның айтуынша, акционерлік қоғам 2011 жылдан бері Тараз қаласындағы газ тартату желісін жаңғырту инвестициялық жобасын сәтті жүзеге асырып келеді. Негізгі мақсаты – тұтынушыларға газды кедергісіз жеткізіп, көнерген, көше бойында тұрғындарға қолайсыздық тудырып келген құбырларды жер астымен жүргізіп, жалпы газ желілері мен жабдықтарын жаңарту.
Инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан газ тарату жүйесін жаңғырту жобасы 2 кезең бойынша іске асырылуда. Бірінші кезеңінде (2012-2016 жылдар аралығында) 712 километр газ құбыры төселіп, 14 660 жеке шкафтық пункті орнатылып, 23233 тұтынушыға қызмет көрсетілген. Ал жобаның екінші кезеңінде 82 километр газ құбыры төселді. Тұрғын алқаптарына 2596 жеке шкаф пункттері орнатылып, барлығы 3518 тұтынушы қайта газ желісіне қосылған.
– Біз қаладағы газ желісін тарту кезінде көптеген қиындықтарға кездестік. Басқа коммуналдық мекемелер сияқты жолдың ортасымен жүргізе алмаймыз. Өйткені онда жылу желісі жатыр. Жаяу жүргінші жолын бүлдіруге тағы болмайды. Оның қасында талай жылдан бері өсіп тұрған ағаш бар. Сонымен газдың жаңа желісін жолдың жиегімен салуды ұйғардық. Сөйтіп бұл жұмысты «Дс-тас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 8 учаскеге бөліп жүргізді, – дейді бөлім бастығы.
Жобаны іске асыру барысында тұтынушыларға газ еш кедергісіз жеткізілуде. Бұрынғыға қарағанда газбен жабдықтау жүйесінің өткізу қабілеті 1,5 есеге артқан. Бұл алда газ тарату пункттері және шкафтық тарату пункттері арқылы жалғанатын тұтынушылардың санын арттыруға да мүмкіндік бермек.
Атап айтсақ, өткен жылы 1-ші іске қосу кешенінің 2-ші, 3 және 4-ші нысандарында жұмыстар жалғасып, 68 шақырым газ құбыры төселген. 2289 жеке шкаф орнатылып 3143 тұтынушы газға қайта қосылған. Биыл 2-ші кезеңнің 2-ші іске қосу кешенінде 34 километр газ құбыры төселген. Бүгінгі таңда 30 мың жеке, 45 мың коммуналдық сектор тұтынушылары жаңа жүйе арқылы газды кедергісіз алуда. Газ жабдықтаудың бұл құрылымы 300 мыңнан астам тұрғынды үздіксіз және тәулік бойы жоғары қысымды газбен қамтамасыз етуге қауқарлы. Жалпы, осы жобаларды жүзеге асыруға барлығы 21 миллиард теңге жұмсалған.
Біз де орайлы сәтте, «Кейбір көшелердегі газ құбырын жүргізген аумақтар ойылып, жол қозғалысына кедергі келтіруде. Оны кім жөндейді? Қандай фирмаға жүктеліп отыр?», деген сұрақтарды қойған болатынбыз. Бұл сауалымызға бөлім бастығы А.Юсупов: «Жоғарыда айтқанымдай біз мүмкіндігінше жолды бүлдірмеуге тырыстық. Қаланың орталық көшелерін айналып өткен жайымыз бар. Ал қаланың сыртындағы шағын аудандарда топырақтың отырып, кейбір тұстары ор болып жатқан тұстарын көрдік. Орталық көшелермен қатар ол орлардың барлығы жабылып, үстіне асфальт жабыны төселді. Жалпы, мердігер бұл жұмыстарды 3 жыл бойы өз бақылауында ұстайтын болады, – деді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support