Велошабандоздар түркістанға жол тартты

Есет ДОСАЛЫ

Адамның күш-қуатының молаюына, өмірге деген құлшынысының артуына спорттың берері көп. Қандай жағдайдағы адам болса да, спорт түрлерімен шұғылданып, сергек жүруіне мүмкіндігі бар. Оны мүмкіндігі шектеулі болса да күш-қуаты, ерік-жігері, қайсарлығы шектеусіз спортшыларымыз дәлелдеп жүр. «Ел тірегі» республикалық шағын және орта бизнес қауымдастығының ұйымдастыруымен «Шектеусіз спорт» әлеуметтік жобасының аясында 22 қыркүйек күні басталған «Алматы-Түркістан» веломарафоны Ұлы Жібек жолы бойымен жүріп, Таразға жетті.
Оларды «Тараз-Арена» спорт сарайының жанынан қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай бастаған жамбылдықтар жоғары көңіл күймен қарсы алып, құрмет көрсетті. Онан соң веломарафоншылар Тараз көшелерімен жүріп өтіп, Ы.Сүлейменов көшесіндегі «Жастар» аллеясына келді. Марафоншылар сапында жүзу спортынан Рио-де-Жанейро Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зүлфия Ғабидуллина да бар.
«Жастар» аллеясында марафоншыларды қала тұрғындары, студент жастар, спортшылар үлкен қошеметпен қарсы алды. Жиналған көпшіліктің алдында «Шектеусіз спорт» әлеуметтік жобасының жетекшісі Бақтияр Базарбеков және «Алматы-Түркістан» веломарафонының мүшесі, марафоншы Сейітжан Кенжеқұлов сөз сөйлеп, спортпен шұғылдануда ешқандай жағдай кедергі еместігіне, мүмкіндігі шектеулі жандарға да мүмкіндік мол екеніне тоқталып, жамбылдықтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ чемпион Зүлфия Ғабидуллина сөз сөйлеп, оларға сәттілік тіледі.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/