- Advertisement -

Біздің футболшылар көш соңындағы «Ақтөбені» де жеңе алмады

53

- Advertisement -

Премьер-лиганың кезекті турын сырт алаңда өткізген «Тараз» футболшылары көш соңындағы «Ақтөбеден» де айласын асыра алмады. Түздегі ойын барысында «Тараз» футболшыларының басымдығы байқалғанымен, өз алаңында барын салған «Ақтөбе» ойыншылары кәдімгідей қарсылық көрсетіп, өздерінің осал емес екендіктерін көрсете білді.
Кездесуді «Тараздың» футболшылары белсенді бастады. Бірінші кезеңде бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырған біздің жігіттер ойынның 38-минутында көздеген мақсаттарына қол жеткізді. Әлішер Сүлей мергендігімен көзге түсіп, «Таразды» есепте алға шығарды. Осы сәтте «Тараз» үшінші айналымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізеді-ау деп топшылағанбыз. Жоқ, олай болмай шықты.
Ойынның екінші кезеңі бастала салысымен «Ақтөбе» футболшылары таразы басын теңестіріп кетті. 47-минутта Рустам Темірхан біздің команда қорғаушыларының қателігін ұтымды пайдаланып, таблодағы көрсеткішті 1:1-ге жеткізді. Бұдан кейін қайтадан «Тараз» ойыншылары кездесу тізгінін қолға алды. Жігіттер алға лап қойды. Нәтижесінде «Тараздың» бразилиялық легионері Эливелто тамаша мүмкіндікті қажетіне жаратып, «Тараз» командасын қайтадан есепте алға шығарды. Енді таблодағы көрсеткіш өзгере қоймайтын шығар деген ойда отырған едік. Алайда шеберлікпен емес, ерік-жігермен алға ұмтылған «Ақтөбе» футболшылары өз дегендеріне жетіп тынды. Кездесудің 84-минутында Әлішер Әзімов өз мүмкіндігін мүлт жібермей, есепті қайтадан теңестірді.
Төреші қосқан қосымша минуттарда «Тараз» футболшысы Жақып Қожамберді ойынның нүктесін қоятын мүмкіндікке ие болған-ды. Алайда Жақып тепкен былғары доп қақпа бағанасынан кері серпілді. Қорытынды есеп – 2:2. Қос команда осылайша ұпай бөлісіп тарқасты.
Оныншы орынға орналасқан «Тараз» да, он бірінші орынға жайғасқан «Атырау» футболшылары да бір-бірінен қалысар емес. «Тараз» ұпай жоғалтса «Атырау» да ұпай жоғалтады. Бұл турда да тура солай болды. Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасады екен? Әзірге «Тараздың» «Атыраудан» бір ұпайы да, бір ойыны да артық. Дегенмен «Атыраудың» кейінге шегерілген кездесуі «Астанамен» өтетінін ескерсек, мұнайлы өлкенің командасы ол ойыннан ұпай алады дегенге сену қиын. Қысқасы, бұл командалардың қайсысы бірінші болып жеңіске жетсе, сол команда оныншы орынға тұрақтайтын секілді. Ал премьер-лигада оныншы орын алған ұжым маусым соңында бірінші лиганың үшінші орын иегерімен премьер-лиганың жалғыз жолдамасына таласатынын айта кеткен жөн.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support