- Advertisement -

«Баскервиль иті» таразда тағы пайда болды

74

- Advertisement -

немесе Итіңізге ие болыңыз, ағайын!

Тараздық 54 жастағы әйелдің итке таланып көз жұмуы көп адамның жағасын ұстатып, жанын түршіктірді. Бірі бақи болған бейкүнә әйелге жанашырлық танытса, енді бірі ит иесін қаралады. Расында, адамның досы, үйдің сақшысы делінген иттің сол адамға ажал құштыруы өте өкінішті, өте қорқынышты еді.

Жан дауысы шыққан әйел

Күндізгі сағат бестің шамасында жан дауысы шыққан әйелдің көмек сұраған дауысы көшені басына көтерген. Көрші-қолаң лезде жиылып, айқай шыққан үйдің маңына жедел жеткенімен, оқиғаға араласуға шамалары жетпеді. Өйткені төбелесқұмар ызалы питбуль тұқымдас ит әлсіз әйелді талап жатыр еді. Көршілердің бірі иттің басын ауыр лом темірмен ұрғанымен, ол қынқ деместен, әйелді әрі қарай талап, денесіне ауыз сала берген. Тек арада әлденеше уақыт өткенде, полиция қызметкерлері келіп, атып өлтіргенде ғана ит иттігін тоқтатқан. Куәгерлердің айтуынша, бұл ит осы үйде төрт жыл бұрын пайда болған. Ылғи бос жүретін қабаған питбуль бұған дейін де екі адамға азуын батырған екен. Ақыры, сіңлісінің үйіне қонаққа келген әпкесін ажал құштырып тынды. Өкініштісі, ауруханаға жеткізілгенімен, екі литр қан жоғалтқан әйел көз жұмды.

Бұл – бірінші рет емес…

Жантүршігерлік оқиға Тараз қаласында бірінші рет болып тұрған жоқ. Осыдан 4-5 жыл бұрын да тараздық бозбаланы, небәрі екінші курста білім алып жатқан студентті, әке-шешесінің үкілеп үміт артып отырған аяулы ұлын да дәл осындай қабаған ит талап өлтірген болатын. Ол жағдай бүгінде ұмытыла бастағанымен, оқиғаның қайталануы ойландырмай қоймайды. Дәулетті әулеттің өз ауласында он шақты қабаған ит ұстап, жартысын бос қоя беруі – бір отбасын осындай орны толмас қайғыға душар еткен. Сол кездегі ит иелеріне қандай жаза қолданылды ол жағы белгісіз. Бір анығы, мына оқиға сол жігіттің анасының жүрегіндегі жараны тағы да тырнап кететіні…

Не істеу керек?

Ақыры адамдар қабаған ит асырауын қоймайды екен, ендеше, оны ұстаудың талабын күшейтуді Заңмен реттеу керек. Иті үшін иесіне үлкен жауапкер-шілік жүктеледі, оның адам өміріне қауіп төндіруі үшін қатаң жазаланатынын түсінуі керек. Жасыратыны жоқ, қазір кім қандай, қанша ит ұстағысы келсе де өзі біледі. Ол иттердің тұқымы түгілі ауру, иә сау екенін де тексеріп жатқан ешкім жоқ. Қалада болсын, ауылда болсын, бұл мәселе жергілікті полиция мен ветеринар мамандардың қатаң бақылауында болуы тиіс. Тек есеп беру үшін жалған ақпарат толтырмай, мәселеге түбегейлі үңіліп, осындай жағдай-лардан қорытынды шығарулары керек. Өйтпеген жағдайда, адам шошырлық жағдайлар-дың қай-талана беруі мүмкін.
Ал көше кезген иттердің мәселесі бүгінгі таңда Таразда, тіпті, ушығып тұр. Шет аймақтарды айтпағанда, қаланың қақ ортасында «серуендеп» жүрген үйірлі иттерді жиі кездестіресіз. Биыл жергілікті бюджеттен қаладағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстап-жою жұмыстарына 20 миллион 419 мың тенге қаражат бөлініпті. Онымен айналысатын мамандар шама-шарқынша жойып та жатыр. Бірақ қаңғыған төртаяқтылар азаяр емес. Мәселенің тереңіне үңілер болсақ, оған да адамдардың жауапсыздығы себеп секілді. Өйткені үйінде ұстаған ит-мысықтары балалап жатса, оны қала сыртына немесе өз үйінен аулақ аумаққа апарып, бос қоя беретін де өзіміз. Содан ол күшіктер мен марғаулар қала кезіп, қаңғып, адамға ауру таратып, тіпті бас салып тістемегенде қайтеді?! Ал мектепке баратын оқушылардың өмірі мен денсаулығы үшін олардың қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Көршінің итінен бір, көшенің итінен бір қорқып – оқушы, оны уайымдап ата-ана.
Ал қала әкімдігі тарапынан бұл мәселені шешу үшін иесіз қалған иттер мен мысықтарды уақытша оқшаулап ұстау орнының (питомник) құрылысын салу үшін арнайы жобалық-сметалық құжат мемлекеттік сараптамаға жіберіліпті. Келешекте А.Асқаров көшесінің соңынан осындай арнайы орын ашылатын болады.

Ит баладан артық болды

Бұлай деуіміздің себебі бар. Ақыры осы мәселе сөз болған соң, саябақтарда серуенге шыққан иттердің жайы туралы сөз етейік. Байқасаңыз, мойнында қарғыбауы болғанымен, тұмсығында тұмылдырығы жоқ талай төбетті осы саябақтардан кездестіресіз. Балаларды емін-еркін ойнататын орында да азуын ақситып жүрген «жеті қазынаның бірі». Қала берді, адам басуға тыйым салынған газондарда ойнақ салып, пәленбай қаржыға сатып алып егілген сәндік ағаштардың түбіне сарып кететін де осылар. Сонда олар балалардан да артық болғаны ма? Мәселе тәртіптің, тиісті бақылаудың жоқтығында…

Қабаған, қауіпті иттерді біле жүріңіз!

Назарларыңызға ең қауіпті және аса қабаған он иттің тұқымын ұсынғым келеді. Ең бірінші орында – кавказ овчаркасы. Ол әлемдегі ең қауіпті ит болып табылады. Келесі кезекте неміс овчаркасы. Фильмдер мен әңгімелердегідей, иесіне адал болып көрінетін бұл иттің де адамға қаупі орасан. Тізімді питбуль жалғастырып, әрі қарай ротвейлер, доберман, альяскалық маламут, хаски, чау-чау, боксер, қасқыр ит жалғастырып кете береді. Байқасаңыз, бәрі де қолдағы, күнделікті әркімнің ауласынан көріп жүрген мақұлықтарыңыз.
«Күшік асырап ит еттім…» деп өкінбес үшін адамдар да ойлансын, иттерді қадағалайтын мамандар да ойлансын. Қашанғы итке жем бола береміз?!

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support