- Advertisement -

«БАҒЛАН-2018» – БАЛАЛАРДЫҢ БАЛ МЕКЕНІ

94

- Advertisement -

«Шыны керек, қазір әлеуметтік желіден балабақшадағы кейбір тәрбиешілердің бүлдіршіндерді ұрып-соққан бейнебаяндарын көріп жүрегім ауырады. Өйткені мен де ең алдымен анамын. Екіншіден, бала бағбаны – тәрбиешімін. 15 жыл балабақшада жұмыс істеп, оның 7 жылында меңгерушілік қызмет атқардым. Балалар – менің бар байлығым. Шаршататын да, демалдыратын да, күлдіретін де, бүлдіретін де, алдандыратын да өздері. Сол себепті мен, әсіресе, тәрбиешіні жұмысқа аларда ең алдымен оның балаға деген мейірімін әбден зерттеп, зерделеймін. Оның балалармен жұмыс істеу қабілетіне қараймын. Тек талапқа сай дипломы болғаны үшін ғана біреудің әлпештеп, аялап өсіріп отырған баласын сеніп тапсыра алмаймын».
«Бағлан-2018» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Бағлан Арғынбайқызымен тілдескендегі оның ең алғашқы сөзі осылай өрбіді. Балабақшаны аралау барысында да меңгерушінің балаларға, балалардың оған бауыр басып қалғанын бірден аңғаруға болады. Топтардағы балалардың кейбірі тіпті жүгіріп келіп, меңгерушінің бауырына тығылуда.
Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылдық округінде былтыр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде ашылған бұл 100 орынға шақталған бөбекжайға 31 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты. Алғашқы жылы мұнда 55 бала қабылданса, бүгінде 84 бүлдіршін тәрбиеленуде. «Бағлан-2018» ЖШС директоры Пернекүл Сумхаева болғанымен, негізгі жұмыс пен жауапкершілік оның меңгерушісі Бағлан Арғынбайқызының мойнында.
– Қазіргі таңда бөбекжай-балабақшамызда барлығы 4 топ бар. Балғындарға 3 тілде білім алып, хореография, музыка, ағылшын тілінің үйірмелеріне қатысуға мүмкіндіктер жасалған. 14 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Оның 4-еуі тәрбиеші болса, 4-еуі тәрбиешінің көмекшілері. Айлық жалақы мемлекеттік балабақша қызметкерлерімен бірдей мөлшерде төленеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде болғандықтан, Үкімет тарапынан әр балаға осы жылдың тамыз айынан бастап 22500 теңге субсидия аламыз. Ал бұған дейін бізге 19500 теңге көлемінде субсидия төленіп келген болатын. Бірақ облысымыздың басқа аудандарында оның мөлшері 30 мыңнан жоғары болғандықтан, бізге де бөлінетін субсидия сол шамада берілсе екен деген тілегіміз бар. Өйткені бізде басқа жекеменшік балабақшалардағыдай емес, әр балаға ай сайынғы төлем – 6000 теңге, яғни мемлекеттік бақшалардыкімен бірдей. Оның үстіне доллар бағамының көтерілуімен бірге азық-түлік бағаларының қымбаттауы да бізге өз әсерін тигізуде, – дейді Бағлан Арғынбайқызы.
Былтыр Нұр-Сұлтан қаласының мерейтойы қарсаңында ашылған бөбекжайда бүлдіршіндерге барлық жағдай қарастырылыпты. Әсіресе ойыншықтардың түр-түрі, жатын, үйірме бөлмелері көз тартып, ондағы жиһаздар көңіл қуантады. Нысанның ішкі, сыртқы әрленуі, мұнтаздай тазалығы, осында бас сұққан жанға жылы әсер сыйлайды.
Біз «Бағлан-2018» атты балалардың бал мекенінен риза болып қайттық.

Э.Бақытбекқызы.

Бурыл ауылы,
Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support