- Advertisement -

Біздің Вовка

78

- Advertisement -

«қазақтар – менің нағыз достарым» дейді ол

Біздің бүгінгі кейіпкерімізді жұрттың бәрі Вовка деп атап кеткен. Сондықтан біз бала күнімізден ол кісіні Вовка деп таныдық, құлағымызға солай сіңісті болды.
Бұл кісінің толық аты-жөні Владимир Чувашев екенін беріректе білдік. Талас ауданында Ойық пен Кеңес ауылдарының ортасында «Елібайдың қыры» деп аталатын қырат бар. Сол қырат ұзақ жылдардан бері Вовканың тұрақты мекеніне айналған. Қазақтардың арасында жүргендігінен болар, Володя қазақ тілін еркін меңгерген. Таза сөйлейді.
Әлгі жердегі көл де «Вовканың көлі» деп аталады екен. Ол көлде балық көп. Табиғаттың көркіне көрік қосып, аққу мен үйрегі де қатар жүзіп жүреді.
Вовка осы жерде елу жылдан бері тұрады. Қазіргі таңда жасы жетпіс үшке келген. Жергілікті ұлттың ортасында жүріп тілі, жүрегі бәрі қазақы болып кеткен.
Әуелі мұнда Тараздағы «Химпром» өндіріс мекемесінің аң шаруашылығын дамыту мақсатында келген екен. Кейін ол отырған жер «Ел ырысы» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігіне өтіп кетіпті. Бірақ Володяны ешкім қуған жоқ. Сол аумақты күзетіп отыра берді. Қазақша сөйлеп, «Ел ырысының» иелерімен де тіл табысты.
Вовка заман көшінің қай арнаға бұрылып бара жатқанын біркісідей жақсы түсінді. Жан-жүрегімен сезіне алды. Содан да болса керек, 1993 жылы «Володя» шаруа қожалығын ашып, жаңашыл іске тәуекел етті, ынта-шынтасымен кірісті. Сол шаруашылықты осы күнге дейін басқарып, ісін дөңгелетіп келеді.
Жайдары мінезді Вовка өз ісінің нағыз шебері екені талас тудырмайды. Оның аумағында 350 гектар жер бар. Жылқысы мен сиырын өсіріп, ірі-қараның өсімі арқылы да едәуір табыс тауып отырған жайы бар.
Вовка – құралайды көзге атқан мерген. Оның осы күнге дейін атқан қасқырларының саны бір мыңнан асып кетіпті. Бұл азаматтың қазақтарға деген достығы, қазақ тілінде таза сөйлегені өз алдына бөлек әңгіме, мың қасқырдың көзін жойып, қазақтың қанша малын қатерден аман алып қалды десеңізші! Түз тағысын ұшақ, тікұшақ, автокөлікпен, мотоциклмен де, атпен де, жаяу да атып ала береді. Мұны енді нағыз аңшы демей көріңіз.
Біздің Вовка қоныстанған маңдағы көл жан сергітер демалыс үшін де жақсы орын деуге болады. Бұл жерге талай жақсы-жайсаң келіп демалады, тынығады. Таза ауадан жанына шипа іздейді. Сергиді. Олардың ішінде есімі елге кеңінен танымал, белгілі, құрметті азаматтар да жетіп артылады. Мәселен, Мәжіліс депутаты Серік Үмбетов, ауданның бұрынғы басшысы Балтабай Бекежанов сынды азаматтардың барлығы да осы Вовкамен біркісідей араласқан, оның қонағы болған. Себебі Володяның елгезектігі ерекше, аңшылығы, азаматтығы көңіліңді аударатыны анық. Кіммен болса да тез тіл табысып, келген адамның көңілін таба білетін қабілеті де баршылық. Ол осы бір мінезі арқылы жұртқа сүйкімі бар жан. Өзі де сыйлайды, өзгені де сыйлата біледі.
Қалай десек те Володя таластықтар үшін нағыз адамға айналған жан десек, қателеспейміз. Ел ішінде «Вовка, қасқырды мотоцикл айдап жүріп атыпты», «Вовка, ит-құсты тірідей ұстап алыпты», «Мылтықтың дүмімен қасқырды ұрып, бүк түсіріпті» деген сөздер желдей есіп, аңыз секілді тарап кеткен. Мұндай әңгімелерді әсіресе періште көңіл балалар жағы ертегі естігендей беріліп, ауыздарын аңқайтып отырып тыңдайды екен.
«Мен өзім Алматы облысына қарасты Бақанас деген жерде дүниеге келгенмін. Қазақтардың арасында 50 жыл тұрып, қазақ болып кеттім. Жолдасымның есімі – Татьяна. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Бәрі оқу бітіріп, өмірден өз жолдарын тапты. Қазақтар – менің нағыз достарым», – дейді Володя Чувашев.
Ұзақ жылдар бойы адал еңбегінің жемісін көріп отырған қарапайым азаматтың сартап далада мазмұнды ғұмыр кешіп отырғанын көзімізбен көрдік. Жүрегі қазақ деп соққан азаматтың елге, жерге деген құрметі де бөлек әрі ерек. Шүмектеп төккен терінің нәтижесін көріп отырған Вовкаға еңбегіңіздің рахатына бөленіңіз деуден басқа не айтамыз?!

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support