Қаратаудан жеткен саз самалы

Тараздағы жаңарған «Жеңіс» саябағында «Жамбылым қандай тамаша!» атты тақырыппен апта сайын әр ауданның концерті өтіп жатқанынан оқырмандарымыз хабардар. Оның Жастар жылы аясында, облыстың 80 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқанына да көңілдері толады. Сондықтан тараздықтар әр жұманы асыға күтетін болды десек, қателесе қоймаспыз. Өткен аптаның соңында бұл саябаққа ән мен жырын әзірлеп, қойнауы тарихқа толы таластық өнерпаздар жетті.
Концерттік бағдарлама басталмас бұрын Талас ауданы әкімінің орынбасары Серік Дадабаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Арқабек Төлебаев сөз сөйлеп, жиналған көпшілікке алғыс айтып, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ақынбек Бектайды да, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспановты да осы жерден кездестірдік. Демек, осыдан-ақ таластық жақсылар мен жайсаңдардың бұл концертке ерекше мән бергенін аңғару қиын емес. Солай болды да.
Концерттің шымылдығын «Әдемі-ай» бишілер тобы «Қазақ биі» атты әсем биімен ашты. Асқар Жылқыбаевтың орындауындағы «Мерекем», «Ақ маңдай», Бекзат Сейдуалиеваның орындауында «Көктем», «Нұр сезім» әндері көпшілік көңілінен шыққаны сөзсіз. Алтынбек Оразбековтің ұлы, асылдың сынығы Еркін Оразбеков те жақсы өнерімен ерекешеленді. «Хастл дэнс» бишілер тобы, «Әдемі-ай» тобы түрлі билерді мың бұрала билеп, көрермен қауымның жүрегінен жол табуға тырысты. Ермек Исатаев «Туған жерім тамаша», «Чайхана» әндерін сәтті орындаса, Қуат Рауан «Туған жер» әнімен өзінің атамекенге деген құрметін байқатты. Баубек Айдарбеков пен Мейірхан Жүсіпбаев та тамаша әндерді тамылжыта шырқады.
Таластықтар орыс, қырғыз әндерін де көпшіліктің назарына ұсынды. Ұлы Даланың тау тұлғасы болған Кенен Әзірбаевтың «Көк шолағы» да тыңдаған құлақтың құрышын қандырды. Қай шығарма болса да, орындаушылардың шеберлігінің арқасында тараздықтардың үлкен ризашылығын тудырғаны сөзсіз. Концерт таластық ақын Нарша Қашағанұлының сөзіне жазылған Қуандық Кенжебайдың «Таласым» әнімен түйінделді. Орындаған – «Көңілашар» үштігі. Осылайша, таластықтар да екі сағат бойы «Жеңіс» саябағын сәнге, әнге бөледі. Тамаша концертке тараздықтар ризашылықпен қол соқты.
– Бұл – өте дұрыс жоба. Қуанып қабыл алдық. Біздің ауданда да жас талап әншілер көп-ақ. Солар Тараз қаласына атбасын бұрып, сахнаға көтеріліп, мүмкіндіктерін көрсетіп жатыр. Талас – батырлар мен ақындардың жері. Сәду мен Амантайдың, Нарша мен Алтынбектің жақсы қасиетін бойына сіңіргендер жеткілікті. Сондықтан бүгінгі іс-шараға аудан басшылары бас болып келуі де бекер емес. Келген делегация «Жеңіс» саябағын аралап, тарих тағылымынан сыр түйді. Біздің бүгінгі көңіл-күйіміз жоғары, – дейді Ұлбике ақын атындағы аудандық мәдениет орталығының директоры Кенже Пірманова.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

https://4store.com.ua/