- Advertisement -

«Ақылды ағаш» алыс-жақын шетелдіктерді қызықтыруда

163

- Advertisement -

Қазақстандық ғалым Ержан Нурединовтің «ақылды ағаш» жобасы өзге мемлекеттерді қызықтыруда. Жоба жайлы кеңірек білу үшін автордың өзіне кезек берсек.

Идея қайдан келді?

Ғылыми-танымдық «Discovery Channel», «National Geographic» телеарналарын көп қараймын. Басында жасыл энергияға қызығушылығым болды. Оның қаншалықты пайдасы бар, болашағы туралы зерттей бастадым.
Негізі, менің энергетика саласында бірнеше жобам бар. Онға жуық жобаны бір уақытта іске асыру қиын болғандықтан, сүйікті жобаммен ғана айналысып жүрмін. Осыны іске асырғасын алға қарай басқа жобаларымды көрсетемін. Олар әлі идея күйінде тұр. Патенттеген де жоқпын. Осы «ақылды ағаш» жобасын патенттеуге 2 жылдай уақытым кетті. Өз авторлығыңа алу оңай емес екен.
Менің жұмыс жасап жүрген жобам – күн мен желден энергия алатын «ақылды ағаш». Оңтүстік Америкада саманея деген терек бар. Оны кейде «жаңбыр ағашы» деп те атайды. Жобаның дизайны ағаш тәріздес қолшатырға ұқсас келеді. Ең бірінші, саманея ағашын көргенде «неге күн мен жерден энергия алатын ағаш жасамасқа?» деп ойландым. Әлі күнге дейін мұндай жоба кездеспегендіктен, іске асыру бойынша әрекеттендім. Сөйтіп жобаны толығымен патенттеп алдым. Бұл жобамен айналысқаныма 3 жылдай болды. Идеямды іске асырып, қазір прототипін жасап бітірдім. Жобаның үлгісі ретінде биіктігі 6 метрлік прототипі де жасалды. Оны Алматыдағы жарық шамдарын шығаратын «Тексан» компаниясымен бірлесіп шығардық.
«Ақылды ағаш»
қалай жұмыс істейді?

Құрылғының басты мақсаты – күн мен жерден энергия алу арқылы адамдарға жағдай тудыру. Ағаштың айналасынан 150 метрлік тегін интернет желісі орнатылады. Сондай-ақ электронды құрылғыларды тегін қуат көзіне қосуға болады. Ағаштың астында терминалдар, кофе-автоматтар, адамдарға ыңғайлы демалыс орындары қойылады. Солар арқылы пайда түсіруге де болады. Теректің 4 жағында 4 дисплей болады. Біреуі қаладағы ауаның қысымын, уақытты және температураны көрсетіп тұрады. Ал қалған іш жағындағы дисплейлер жарнама көрсетеді. Жарнамадан бос кезде жастарға ғылыми-танымдық жасыл технология туралы деректі фильмдер немесе кішкентай балаларға арналған мультфильмдер жіберіп қоюға болады. Бір қызығы – күн панелдері жазда шаңнан, қыста қардан өзін-өзі ауаның қысымымен тазартып отырады.
Осы жобаны ойластыруыма ЭКСПО-ның көмегі тиді деп айтсам да болады. Көрме «Болашақ энергиясы» деп аталғасын соған үлесімді қосу мақсатым болды.
Бұл жоба бойынша бізге шетелден де хабарласуда. Мәселен, Мәскеу, Рудный, Санкт-Петербург, Астраханнан телефон соғып жатыр. Жеке тұлғалар өздерінің ауласына қойғысы немесе қалаларынан бизнес ашқысы келеді. Оларға өндіріске шыққанда хабарласамын дедім.

Энергия үнемдеу үшін…

Біз қарапайым өмірде электр шәйнегі, тефальдарды қойғанда, суын толтырып қайнатамыз. Негізі қанша стакан шай ішіледі, сонша мөлшерде құю керек. Үйден шыққанда ток көздерінің бәрін ажырату керек. Ток көзінде қосулы қалып, жұмыс жасап тұрмаса да энергия кетеді. Бөлмеден шыққанда электр шамдарын сөндіру керек. Офисте де күндізгі уақытта жарықты өшіріп қою тиімді. Күнделікті қолданатын қарапайым шам 100 Ватт, ал энергия үнемдеуші шамдар 7-10 Ватт алады. Яғни бұлар 10 есе энергия аз алады. Сондай-ақ жарамдылық мерзімі қарапайым лампамен салыстырғанда 10 есе көп. Оның адамның көзіне, денсаулығына зияны жоқ.

Айзада Жайыққызы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support