Тілші болғым келеді, тілші болғым…

Осы шығармамды жазар алдында көп ойландым. Себебі мамандық таңдау оңай емес екенін білемін. Шынымды айтсам, кейде анам секілді мұғалім болсам ба деп те ойланамын. Анам да оқушы кезінде өлең жазып, ақын-жазушы болсам деген екен. Бірақ үйінің бас көтерген қызы болған соң нағашы әжем оны оқуға алысқа жібере алмаған екен. Анам сонда да қаламын қолынан тастамай өлең, шығарма жазып жүреді. Қазіргі уақытта ұстаздықпен қатар осы өнерінен де қол үзген емес.
Менің де анама ұқсап өлең жазатыным бар. Анамның арманын мен жүзеге асырсам, тілші болып адамдардың еңбек жолы, адамгершілік қасиеттері жөнінде көбірек толғап, ауқымды шығармалар жазсам деймін.
Әрине, тілші болу – оңай емес. Бұл мамандықтың та қиын тұстары көп шығар. Тілші болу үшін көп оқып, еңбектену керек. Ең бастысы шыдамды, төзімді болып, шындық үшін күресіп, адам жанын ұғыну қажет деп білемін.
Мен телеарналардағы көптеген бағдарламаларды көремін. Маған әсіресе «Сыр сұхбат», «Қарекет», «Сырласу» бағдарламалары көбірек ұнайды.
Ол бағдарламаларды жүргізушілердің сөйлеу мәнерлері, сырт келбеті, салмақтылықтары көпке үлгі боларлықтай деп түсінемін және олардан көп нәрсені үйренуге болады деп ұғынамын.
Газет тілшілерінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Онда жарияланған дүниелер оқырман жадында ұзақ сақталады ғой. Содан соң басылымға шыққан жарияланымдар салмақты, ойлы келеді. Маған жергілікті «Aq jol» газетіндегі Табиғат Абаилдаевтың сұхбаттары, Марат Құлибаевтың көтерген мәселелері, Амангелді Әбілдің ащы шындықты тайсалмай айтатыны ұнайды.
Мен тілші болу үшін әлі де ізденіп, қабілетімді шыңдаймын. Қазіргі уақытта оқуда озатпын, мектеп мақтанышымын. Ата-анамның үмітін ақтау үшін, еліміздің қазақ қыздарындай инабатты, тәрбиелі болып, өз арманыма жету барысында әлі де жақсы өлең, шығармалар жазып жүретін боламын.

Қорлан Аманбаева.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/