- Advertisement -

Елдімекендер «байланыс аясынан тыс» жерде қала бере ме?

224

- Advertisement -

«транстелеком» компаниясы мен жуалы, қордай аудандары әкімдерінің назарына

Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды міндеттегені белгілі. Осыған сәйкес елімізде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсетулер аясын кеңейтуді, оларды денсаулық сақтау, білім беру, басқа да болашағы бар салаларда қолдануды жеделдету тапсырылған еді. Бүгінде электронды жүйе барлық салаға енгізілуде. Мәселен, еліміздегі алып кәсіпорындарда осы бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатса, денсаулық сақтау саласында «Damumed» қолжетімді мобильді қосымшасы әзірленіп, сырқаттардың тарихын электронды кітапшаға көшіру ісі басталып кетті. Ал мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың ата-аналарына тиімді «Күнделік.kz» жобасы жасалып отыр. Әйтсе де бұл тұрғыда түйіні шешілмеген, толғауы тоқсан тарау мәселелер де жоқ емес.

Өткен жылы Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев Индустрияландыру күні аясында өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпір барысында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуына да кеңінен тоқталғаны белгілі. Сол жолы Шығыс Қазақстан облысындағы Озерка және біздің өңіріміздегі Өрнек ауылдарының тұрғындары кең жолақты интернетке алғаш рет қол жеткізді. Жамбыл ауданының Өрнек ауылындағы дәрігерлік амбулаториясынан тікелей байланысқа шыққан «Транстелеком» компаниясының өкілдері елді мекеннің цифрландырылуы жай-күйімен де таныстырған. Ал аталған компанияның корпоративтік дамыту және құқықтық мәселелер жөніндегі вице-президенті Ерлан Адайбеков ауылдық жерлерді цифрландыру білім саласына ғана емес, сонымен қатар медицина мен мемлекеттік қызметтер көрсету салалары жұмысын да түбегейлі өзгерткенін атап өтті. Оның айтуынша, аталған жобаның арқасында Өрнек ауылының тұрғындары жылдамдығы секундына 20 Мбит-тік сапалы интернеттің пайдасын сезініп, өңірдегі цифрлы кеңістіктің алғашқы тұтынушыларына айналып отыр. Осыдан кейін біздің де көңілімізде мұның еңбек өнімділігін арттырып, бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасады деген сенім орныққан.
Расында да, бүгінгі таңда цифрландырудың мүмкіндігі орасан зор. Алайда аудан орталықтарынан шалғай жатқан ауылдардағы ағайындар әлі күнге ұялы телефон байланысы мен интернет желісін толыққанды пайдалана алмай келеді. Оның себебін білу үшін екі-үш ауданға хабарласып, ауылдық округтер әкімдерін сөзге тартқан болатынбыз. Енді сөзді соларға берейік.

Мұндай мәселе ауданның қиырында жатқан Қошқарата ауылдық округінде де бар. Ондағы округ әкімі аппаратының бас маманы Мақсат Жұмановтың айтуынша, 2 МгВт жылдамдықта интернет желісі тартылыпты. Таулы жер болғандықтан да онда боранның апталап соғатынын ескерсек, сәл ғана жел тұрса өшіп қалатын интернеттің қандай жағдайда жұмыс істеп тұрғанын бағамдай беріңіз.

Жоғарыда айтылған Жамбыл ауданындағы Өрнек ауылдық округінің әкімі Әзиз Мәнтеевпен хабарласып, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бүгінгі жағдайынан хабар алдық.
– Бүгінде округтегі барлық әлеуметтік нысандар интернет желісіне қосылып, игілігін ел көруде. Алдағы уақытта оған ветеринариялық пункт пен Өрнек колледжін де қосып беруді жоспарлаудамыз. Өрнек пен Жұма стансалары тұрғындарының да ғаламторды пайдалану мүмкіндігі тумақ. Бұл бағытта «Транстелеком» компаниясы басшылығымен келіссөздер жүргізілуде, – дейді ол.
Жуалы ауданындағы Боралдай ауылының әкімі Ғани Қуаныштың айтуынша, округте «Activ», «Beeline» ұялы байланыс операторларының қондырғылары орнатылғанымен, «Beeline» желісі Көлтоған ауылында ғана қолжетімді. Бірақ оның өзі нашар тартатындықтан хабарласу үшін биіктеу қыр басына шығып, әуе толқынын ұстауға тура келеді екен. Ал округке қарасты елді мекендердегі мектептер, дәрігерлік амбулатория және әкімдік «Қазақтелеком» торабының сымды интернетіне бес нөмірлі радио байланысы арқылы қосылыпты.
– Жалпы округтегі интернеттің жылдамдығы төмен. Жел тұрған күндері істемей де қалады. Өйткені «Қазақтелекомның» Шаққанның қырына орнатқан әуе таратқыш құрылғысының жекелеген бөлшектерін төбенің дүлей желі ұдайы ұшырып әкетіп жатады. Ал қыс айларында аталған стансаға жетудің өзі азап. Сондайда амалсыз есеп-қисабымызды ауданға апарып, сонда жасап, тапсырамыз. Қасымыздағы ветеринар бөлімінің дәрігерлерінде интернет тұрмақ компьютердің өзі жоқ. Ауыл тұрғындары жексенбі күндері базарға мал апаратын болса, анықтама ала алмай салпақтап мал дәрігерінің соңында жүргені. Олар да мал иесіне анықтама шығарып беру үшін бізге келіп, ғаламтордың қосылғанын сағаттап күтіп отырғандары. Өйтпеске амалдары да жоқ. Өйткені базарға апаратын малды сырғасымен базаға тіркеу міндеттелген. Ал ауылдық амбулатория мен медпункттерде интернет желісі жұмыс істемейді десе де болады. Олар да бізге келіп, әбден әуреге түсіп, ауыр сырқаттарды «Damumed» жүйесіне тіркейді, – дейді Ғ. Қуаныш.
Көлтоған ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Дина Бауыржанқызы интернет желісінің баяулығынан күні бойы отырып, базаға бар болғаны бір-екі адамды ғана әзер енгізетіндіктерін айтады. Ал аудандық ауруханаға барып дәрігерге қаралғысы келетіндердің қарасы көп екен.
Мұндай мәселе ауданның қиырында жатқан Қошқарата ауылдық округінде де бар. Ондағы округ әкімі аппаратының бас маманы Мақсат Жұмановтың айтуынша, 2 МгВт жылдамдықта интернет желісі тартылыпты. Таулы жер болғандықтан да онда боранның апталап соғатынын ескерсек, сәл ғана жел тұрса, өшіп қалатын интернеттің қандай жағдайда жұмыс істеп тұрғанын бағамдай беріңіз. Қошқаратаға жолыңыз түскен болса, мұндағы телефон байланысы да мәз емес. «Activ», «Beeline» байланысы бір жерде ұстаса, бір жерде ұстамайды. Ал Ақтасты мен Қызтоған ауылдарында әуе толқынын іздеп, қыраттан- қыратқа шығуыңызға тура келеді. Округ тұрғындарының бар болғаны 40 пайызы ғана «Damumed» жүйесіне енгізіліпті. Интернеттің дұрыс жұмыс істемеуінен ондағы дәрігерлер ұялы телефондарымен сырқаттарды тіркеп, аудандағы дәрігерлердің кезегіне қойып, жолдап отырады екен. Интернет пен ұялы байланыс жұмыс істемей қалған күні ауыл тұрғындары бәрінен қағылатын көрінеді.
Ал Күреңбел ауылдық округінің әкімі Мырзағали Жадыраевтың да айтар өз уәжі бар.
– Маған қарасты Күреңбел мен Қаратас ауылдарында 408 аула, 2500-ге жуық халық тұрады. Қазіргі заманның талабына сай тұрғындардың интернет пайдалануға деген сұранысы күн санап артып келеді. Интернет желісі ауылдық округтің әкімдігінде және Күреңбел орта мектебінде ғана бар. Оның өзі әлсіз әрі мекеме қызметкерлері мен тұрғындарға қолжетімсіз болып отыр. Соның салдарынан біз мағлұматтарды дер кезінде ала алмай, не жібере алмай басшылардан жиі сөгіс естіп жатамыз. Округтегі 198 шаруа қожалығы да салық басқармасы мен статистика бөліміне ай сайын тапсыратын есептерін уақтында тапсыра алмауда. Таулы аймақта орналасқан ауылдардың қыстың күндері аудан орталығына қатынауы қиын. Интернет желісінің дұрыс істемеуінен, байланыстың әлсіздігінен мектеп мұғалімдері «Күнделік.kz»-пен жұмыс істеу үшін ғана ауданға барып келіп жатады. Мұның өзі қалтаға үлкен салмақ салады. Сондай-ақ ауыл тұрғындары ұялы байланыспен тек далаға шығып қана сөйлесе алады. Үйде ұстамайды. Ұялы байланысқа ай сайын салып отыратын бірліктері байланыстың әлсіздігінен желге ұшуда. Не сөйлесе алмайды, не интернетке кіріп толыққанды ақпарат ала алмайды.

Аудан әкімінің есеп беру жиыны барысында осы округтің бір азаматы: «Біз қашанғы терезеге телміріп, ұялы телефонымызды іліп қойып, тауға шығып, төбеде отырып жұмыс істейміз?» – деді.

Осы мәселелерді баяндай отырып, «Beeline», «Activ», «Теlе2» компанияларының басшыларына хат жолдағанбыз, – дейді М.Жадыраев.
Аудан әкімінің есеп беру жиынында осы округтің бір азаматы: «Біз қашанғы терезеге телміріп, ұялы телефонымызды іліп қойып, тауға шығып, төбеде отырып жұмыс істейміз?» дегені де есімізден шыға қойған жоқ. Осының өзі-ақ аудандағы байланыс саласының қаншалықты қиын жағдайда екенін аңғартып тұрғандай.
Сондай-ақ Қордай ауданындағы Ноғайбай ауылдық округінің әкімі Мұхтар Ілиясбековтің айтуынша да, Шарбақты ауылына не ұялы телефон не интернет желісі тартылмапты. Мұнда да интернет желісі тек әлеуметтік нысандарға ғана орнатылған.
Бүгінде көпшілігіміз ұялы байланыс операторларының қызметіне жүгінеміз. Ал өңірімізде осынау өркениет көшінен тыс қалған ауылдардың бары қынжылтады. Заманға сай компаниялар орнатқан мұнаралардың жылдамдығын арттырып, уақыт талабына сай жетілдіру қажет сияқты. Цифрландыру бағдарламасының іске асуы ұялы байланыс пен интернет желісінің жылдамдығына да байланысты. Осы орайда «Қазақтелеком» Жуалы желілік техникалық цехының басшысы Нұркен Оңдасыновты сөзге тарттық.
– Біздің мекеменің алдына қойылған міндет – халыққа соңғы заманауи технологиялар бойынша қызмет ұсыну. Тұтынушылардың талғамына қарай тарифтің түрлері және бағасы да әртүрлі. Интернет жүйесі екілік және бестік телефон нөмірлерімен орнатылады. Аудан орталығы екілік, шалғайдағы елді мекендерге бестік нөмірмен интернет орнатқанбыз. Сол себепі бұл екі нөмірмен орнатылған интернеттің жылдамдығы да әртүрлі. Оларды бір-бірімен салыстыруға келмейді. Сондай-ақ интернет желісінің жылдамдығы да мекемелердің тапсырыс беруіне байланысты. Атап айтсақ, білім бөліміне қарасты мекемелер жылдамдығы жоғары, сапалы тарифті қолданса, орталық ауруханаға қарасты медициналық мекемелер ең төменгі жылдамдықта жұмыс істеп отыр. Біз әрбір абонентпен жеке-жеке жұмыс жасаймыз. Әр ауылда штаттық кесте бойынша жұмыс істейтін монтерлер бар. Олар интернетте қандай да бір ақау орын алғаны туралы хабар түссе, дер кезінде барып, жөндеп береді, – деді ол.
Осы орайдағы сауалымызға Қордай аудандық әкімдігінің баспасөз хатшысы Фариза Қорабай жауап берді. Оның айтуынша, «Қазақтелекомның» аудандағы бөлімшесі тарапынан байланыс сапасын жақсарту және абоненттердің санын арттыру мақсатында Қордай және Отар ауылдық округтерінің бірқатар көшелеріне байланыс кабельдері тартылып, 32,863 шақырымды құрайтын желі ауыстырылыпты. Сондай-ақ 6 ауылдық округтегі 304 абоненттің интернетке қосылу порттары ауыстырылған. Тағы 6 ауылдық округтің «ЕДВО» құрал байланысы орнатылып, интернет қызметінің жылдамдығы жоғарылаған. Ендігі кезекте ауданнан шалғай жатқан ауылдық округтер мен елді мекендерде интернет желісін жылдамдату мақсатында 14 ауылға жаңа желілік оптика кабельдер тартылмақ.
Технологияның қарыштап дамыған заманында «алтын уақытын» жұмыс орнында емес, байланыс аясына шығар «жол» іздеумен текке рәсуа етіп жүрген қызметкерлердің әрекеті келмеске кеткен кеңестік дәуірді еске салғандай ма, қалай? Сұрақ көп, жауап аз. Елімізде жасалып жатқан бағдарламалардан шалғай ауылдар тыс қалмауға тиіс. Ауыл тұрғындарының бар тілегі – сапалы, тиімді байланысты қолдану. Осы орайда тиісті мекемелер тарапынан тұрғындардың тілегі ескерусіз қалмайды деген сенімдеміз.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл – Жуалы – Қордай аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support