- Advertisement -

«Декреттік демалыстан кейінгі жеңіс»

67

- Advertisement -

Бүкпесіз әңгіменің бүгінгі қонағы –
каратэден азия ойындарының екі дүркін чемпионы Гузалия Гафурова.

«қоланы армандап, алтынмен оралдым»

– Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласындағы Азия ойындарынан соң отбасын құрдыңыз. Қызды болдыңыз. Естуімізше отағасы да каратэ спортын жанына серік еткен азамат. Қателеспесем, қызыңыз алты айлық кезінде Таразға келіп, жаттығуға кірістіңіз. Азия ойындарында екі рет қатарынан топ жаруыңыздың сыры неде? Біріншісі түсінікті. Екіншісінде декреттік демалыстан шыға сала атой салдыңыз. Оның үстіне жартылай финалда қабырғаңызды жарақаттады деген ақпарат тараған… Әлде қарсыластарыңыз әлсіз болды ма?– Иә, Алланың қалауымен 2016 жылы тұрмыс құрдым. Отбасын құру – әрбір адамның арманы. Арада бір жыл өткен соң ана болу бақыты бұйырып, Раяна есімді қызымыз дүние есігін ашты. Сол 2017 жылдың желтоқсан айында жеке бапкерім қоңырау шалып, алдағы қаңтар айынан бастап жаттығуға кірісуіміз керектігін тілге тиек етті. Оған дейін әңгімелесіп жүрген кезімізде де байрақты бәсеке алдында бабыма келуім керектігін түсіндім. Әйтсе де қызым алты айлық кезінде жаттығуға кірісемін деген ойым болған жоқ. Алайда ерте бастан қамданбасақ, рейтинг бойынша Азия ойындарына үлгермейтін едік. Сондықтан отағасы, қызым үшеуміз Астанадан (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) Таразға көшіп келдік. Сөйтіп ұрыста тұрыс жоқ деп іске кірістік. Елордада жүріп те дайындықты пысықтайтын мүмкіндікке ие едім. Бірақ, біріншіден патриоттық сезімім жібермесе, екіншіден, бапкерімді сатып кететіндей көріндім. Оның үстіне туған жерімді қатты жақсы көремін ғой.
Азия ойындарында екі рет қатарынан жеңіске жетуімнің себебе неде? Ең алдымен бұл Жаратқанның маңдайға жазғаны, бұйырғаны деп қабылдаймын. Екіншіден, бапкерім екеуміздің ұзақ уақыт бойы төккен теріміздің өтеуі деп білемін. Декреттік демалыстан қызым алты айлық кезінде ерте шыққаныма еш өкінбеймін. Соның нәтижесінде сегіз ай дайындалдым. Екінші рет қатарынан құрлықтық ойындарда топ жаруым менің ғана еңбегім емес, бапкерімнің де білгірлігі, кәсібилігі деп пайымдаймын. Жаттықтырушым екеуміз жақсы түсіністік. Қай кезде барынша тер төгу қажеттігін, қай кезде тынығуым керектігін ол кісі бес саусақтай білді. Бапкердің мықтылығы – шәкіртін жан-жақты білуі, зерттеуі. Ол жағынан шүкіршілік етемін. Менің жаттықтырушым шәкіртінің барлық қырын жақсы түсінеді.
Мұндай жарысқа қарсыластар дайындықсыз келмейтіні анық. Өйткені Азия ойындары төрт жылда бір рет өтеді. Деңгейі жағынан біз үшін Олимпиада ойындарынан кейінгі екінші аламан десем, артық айтқаным емес. Негізінде ешкім мені чемпион атанады деп ойламаған. Оған себеп, декреттік демалыста болдым. Жеке өзім үшінші орын алсам, сол жетеді деген оймен барғанмын. Алайда ондай сөзді естігенде бапкерім маған ұдайы ұрсатын. «Енді ғана қайтадан оралып жатырмын ғой» десем: «Сен бәрібір чемпион боласың, жеңесің! Біздің қолымыздан бәрі келеді. Біз мықтымыз. Сен соған сенуің керек!» деп жігерлендіретін. Осы сөздерді күніге қайталап, миыма құйып отырды, құйып отырды. Қысқасы, додадағы қарсыластар мықты болды, ал біз олардан да мықты екенімізді көрсеттік. Рас, жартылай финалда қабырғамды жарақаттап алдым. Финалға сол жарақатпен шықтым. Командамыздағы білікті дәрігер көмектесті. Дегенмен жылдам қимылдауым, секіруім қиынға соқты. Сондықтан тактиканы негізінен қорғанысқа құрдық. Барынша жағдайды қиындатпауға тырыстық. Жекпе-жектің соңғы секундында ғана соққы жұмсауды жоспарладық. Бәрі де біз ойлағандай болды. Мили секунд қалғанда негізгі әдісімді қолданып, соққымды дарыттым. Бапкерім төрешілерден бейнеқайталауды көрсетуді талап етті. Осылайша соңғы секундқа дейін 0:0 болған есеп 2:0-ге айналып шыға келді. Солай чемпион атандық.
– Келіннің мойнына артылған міндет зор. Одан бөлек анасыз. Үйдің бітпейтін тірлігі, ас әзірлеу, қызыңызға қарау, ер азаматыңызды, қонақтарды жылы қабақпен күту, той-жиында жүру деген оңай емес. Мұның бәрі спортпен шұғылдануыңызға кері әсерін тигізбейді ме?
– Шынында да келіннің мойнына артылған міндет пен жауапкершілік жүгі өте зор. Ата-енеден жолым болған жанмын деп есептеймін. Ол кісілер немересін, қызымызды өте жақсы көреді. Біздің спортпен шұғылдануымызға да, басқа жағынан да барынша қолдау көрсетіп отырады. «Сендер жассыңдар. Жас кезде аяққа тұрып алыңдар. Біз қашанда көмектесуге әзірміз»,-деп ұдайы бізді шабыттандырып, қуаттандырып, жігерімізді жанып отырады. Сол үшін ол кісілерге, Асқарәлі әкем мен Забира анама деген алғысым шексіз. Отағасы Әділетке де ризамын. Әділеттің өзі де спортшы. Каратэнің шебері болған соң мені жақсы түсінеді. Оның әлем чемпионы деген атағы бар. Қара белбеу иегері әрі бірінші дан деген спорттық дәрежесі бар екенін айта кеткенім жөн. Сондықтан мен бақыттымын. Отағасы жағынан да, ата-ене жағынан да жолы болған жанмын деп қайталап айтқым келеді. Біз оқу-жаттығу жиынында жүргенде енем үйдің жұмысын өз қолына алады. Ішер асымыз дайын тұрады. Маған: «Тамақтанып, демалып ал. Екінші жаттығуыңа күш жина»,-деп қамқорлық көрсетіп отырады.
– Отбасыңыз тарапынан барлық қамқорлық көрсетіліп отырғанын байқадық. Өзіңіз қандай келінсіз?
-Білмеймін. Алайда ата-енем үшін жақсы келін шығармын деп ойлаймын. Бұл – менің ойым. Ол кісілердің атынан жауап бере алмаймын ғой. Бір білетінім, ата-енем маған келін ретінде емес, сол үйдің қызы ретінде қарайды.
– Жанкүйерлер сіздің қол жеткізген жетістіктеріңізді жақсы білгенімен, спортқа қалай келгеніңізді біле бермейді. Жаттығуды қанша жасыңызда бастадыңыз?
– Спортпен 12 жасымда шұғылдана бастадым. Менің алтын анам «осы қызым өз-өзін қорғасын» деген оймен мені жаттығу залына жіберіпті. Алайда кәсіби спортшы болсын деген ниеті болмаған шығар. Әйткенмен, спортқа бет бұрғаныма бір ай толмай тұрып-ақ жарысқа қатысып, жеңімпаз атандым. Содан бастап анашым: «Бұл спорт сенің жұлдызыңды жарқырататын секілді. Алла бұйыртса әлі талай мәрте чемпион боласың»,-деп мені қанаттандырып жүрді.
Мен Байзақ ауданына қарасты Қызылжұлдыз ауылында тұрдым. Сондағы Намазбай Ақшабаев атындағы орта мектепте каратэ секциясы ашылып, сол жерде сүйікті спортыммен айналыса бастаған болатынмын.
– Бапкеріңіз Дулатбек Құсбеков сіздің кішкентай кезіңізден жеңіске жетелеп келеді ғой… Одан өзге қандай жаттықтырушылармен жұмыс істеп көрдіңіз?
– Ол кісі сол жылдары колледжді бітіре салысымен мектепке бапкер болып жұмысқа орналасты. Сол кезде мен ең бірініші қатысушы ретінде секцияға жазылдым. Қазірге дейін сол жаттықтырушыммен бірге жұмыс істеп келемін. Дулат ағайды тек қана бапкер ретінде емес, өзімнің үлкен ағам ретінде құрметтеймін, сыйлаймын, жақсы көремін. Бойындағы барлық жақсы қасиетін үлгі тұтамын. Тек спортта ғана емес, өмірде де маған қол ұшын беруге әзір тұратын азамат.
Менің бірінші әрі соңғы бапкерім әрине Дулатбек Құсбеков. Облыстың құрамасының сапына енген кезде Дулат ағайдан бөлек Болатжан Нәрметов картэнің қыр-сырын үйретті. Сол кезде ол кісі біздің облыстың аға жаттықтырушысы қызметін атқарды. Аға жаттықтырушы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұрды. Ол жиындарға Дулат ағай да барып жүрді. Дегенмен жауапкершілік жүгі Болатжан Нәрметовтың иығына түсті. Сондай-ақ федерация президенті Марат Стамқұлов та бос уақытында біздің жаттығуымызға келіп, қасымыздан табылды. Өзінің тәжірибесімен бөлісіп жүрді. Сонымен қатар соңғы екі-үш жыл бедерінде Дулат ағаймен бірге Арман Сұлтанбеков те жаттықтырды. Асхат Қосақовтың да айла-тәсілдерін бойыма жидым. Асхаттың шәкірттерімен бірлескен жаттығулар өткізетін кездеріміз болды. Ондай сәттерде дайындық жұмыстарын Асхат жүргізеді. Оған да қатысып көрдім. Ұлттық құраманың қатарына қосылған сәтімде Парвиз Мансұров ұлттық құраманың бапкері болатын. Сол ақтаулық азаматтың да тәлімін алдық. Тәжірибесі мол бапкерден де көптеген дүниені үйрендім. Ұлттық құрамаға ұзақ жыл еңбек сіңіргін осы кісі Қазақстандағы каратэнің дамуына, әлемдік деңгейде танылуына бір кісідей үлес қосты деп айтуға толық негіз бар. Ұлттық құраманың бапкері ауысқанына көп уақыт өте қойған жоқ. Қазіргі таңда франциялық бапкер Әбдісалам Тарек бізбен білгенімен бөлісіп, шеберлігімізді шыңдауымызға септесіп жүр.

«Әділет Раянаға Болгариядан кимано әкелді»

– 2020 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасына каратэ спорты енгенінен хабардармыз. Шыны керек, жұрт бокстан лицензияның қалай берілетінін біледі. Дзюдода рейтинг түзіледі. Каратэде қалай? Сіздің қатысатын мүмкіндігіңіз бар ма? Жалпы Азиаданың екі финалында Тан Линлинді жеңдіңіз. Одан басқа қандай мықты қарсыластар бар?
– Иә, келесі жылы Жапония астанасында өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына біздің сүйікті спортымыз қосылды. Бұған каратэмен шұғылданатын барлық спортшылар бөркін аспанға атып қуанды десем, артық айтпағаным. Олардың қатарында әрине, мен де бармын. Бізде Олимпиада ойындарына жолдама алу рейтингілік жүйе бойынша жүргізіледі. Яғни, жинаған ұпайымыз есепке алынады. Жалпы біздің спортта ерлерден бес, қыздардан бес салмақ дәрежесі бар екені мәлім. Алайда Олимпиада ойындарының бағдарламасына алты салмақ қана еніп отыр. Ерлерден үшеу, қыздардан үшеу. Салмақ дәрежелерінің қысқаруы әлемдік бәсекенің өте жоғары деңгейде болатынын байқатып тұрғандай. Әлемді былай қойғанда, ел ішінде де бәсекелестіктің көркі қызатын болады. Өйткені бірқатар салмақ дәрежелері біріктіріліп, спортшылар сол салмақтарда бақ сынайды. Айталық, қазір ұлттық құраманың мықтысы ретінде он спортшының аты аталса, Олимпиадаға бару мүмкіндігіне тек алтауы ғана ие. Оның өзінде сол алты спортшының барлығы жолдама алады деп сенімді түрде ешкім айта алмайды. Әлемдік рейтингте өзінің олимпиадалық салмағында үздік үш спортшының қатарына енгендер ғана тікелей жолдамаға иелік етеді. Тағы бір қиындығы бір салмақта он ғана спортшы қатысады. Жалпы алғанда Олимпиада ойындарында алпыс спортшы ғана топқа түседі. Сондай-ақ катамен шұғылданатын жиырма спортшы жүлдеге таласады. Олар дәстүрлі каратэдегі техниканы көрсетеді.
Бір салмақта он спортшы қатысатынын айттық. Олар: әлемдік рейтингте өз салмағында бірінші, екінші, үшінші орында тұрған спортшылар, сол салмақтағы әлем чемпионы, сосын мамыр айында Париж қаласында өтетін іріктеу турнирінде жұлдызы жанған үш спортшы қатарға қосылады. Сегізінші қатысушыны Халықаралық Олимпиада комитеті құрлықтардың бірінен таңдайды. Ол үшін сол таңдалатын құрлықтың үміткері жолдама алмаған болуы керек. Мәселен, Азиядан менің салмағымда қатысушы жоқ немесе өте аз болса, мені де таңдауы ықтимал. Бұны жәй түсінікті болуы үшін айтып отырмын. Барлық салмақ дәрежесінде Олимпиаданы өткізуші мемлекет Жапонияның спортшысы қатысады. Оныншы жолдама аукционда ойнатылады.
Менің Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігім жоғары емес. Дегенмен солай екен деп қарап отырған жоқпыз. Жолдамаға иелік ету үшін барынша аянбай тер төгіп жатырмыз. Барлық туған-туысқандарым, отбасым, бапкерлерім мені қолдап, жігерлендіріп отыр. Сондықтан жолдама қоржынымызға түседі әрі Олимпиада ойындарының жүлдесін аламын деп сенемін. Сол үшін аянбаймын. Олимпиада ойындарының жүлдесі – кез келген спортшының арманы.
Қытайлық спортшы Тан Линлинмен өзіңіз айтқандай Азиаданың екі финалында да кездестім. Бұл Тәңірдің маңдайға жазғаны шығар деп ойлаймын. Төрт жылда бір рет өтетін аламанның ақтық сынында бір қарсыласпен екі мәрте кездесудің өзі қызықты фактор екен. Оны өте мықты қарсылас деп есептеімін. Тан Линлиннен бөлек Азияда жапониялық қыз бар. Ол да өте қарымды қарсылас деуге болады. 2013 жылы Иокогамада өткен Азия чемпионатының финалында сол жапондық қызбен кездестім. Өкінішке қарай, сол жолы жапон қызына есе жіберіп алдым. Сондықтан Азияда осы екі каратэшіні мықтылар санатына жатқызамын. Ал әлемдік деңгейде мықтылар жетіп жатыр. Біздің спортымыз Олимпиаданың бағдарламасына енгеннен кейін бәсекелестік тіпті күшейіп кетті. Барлық спортшылар жатпай-тұрмай дайындалуда. Мәселен, франциялық, италиялық, түркиялық, швейцариялық, австриялық спортшыларды және өзге де көптеген каратэ шеберлерін өзім үшін мықты қарсылас санаймын. Олар күн өткен сайын шеберлігін ұштап, шыңдап жүргені анық.
– Екі жастағы Раяна қыздың да киманосы бар екенінен хабардармыз. Ол да каратэші болғанын қалайсыздар ма? Киманоны Әділет әперді ме, әлде сіз бе?
– Иә, біздің қызымыздың киманосы бар. Спорттық киімді әкесі Әділет Болгариядан әкелді. Ол кезде Раяна алты айлық болатын. Раянаның болашағы туралы әзірге ойланған жоқпыз. Бір анығы, таңдау еркін өзіне қалдырамыз. Қызымыз шамамен төрт жасқа толғанда өзімізбен бізге жаттығу залына апаратын боламыз. Оған ұнап, уақыт өте келе каратэге аңсары ауып жатса, әрине біз қуанамыз. Бірақ қызымызды спортшы болуға үгіттемейміз. Өскен соң өзіне не керектігін өзі шешеді ғой.
– Сіз екінші мәрте Азия ойындарына аттанғанда қателеспесем, Раяна 1 жастан енді асқан болатын. Қызыңызға жоғарыда айтқандай ата-енеңіз қарады ма, әлде Әділет пе? Бәлкім өзіңізбен бірге жарысқа алып кеткен боларсыз…
– Мен Азия ойындарына қатысқан кезде және дайындық барысында екінші ата-анам, яғни, ата-енем Раянаны өздері қарады. Әділет ала таңнан қара кешке дейін жұмыста болады. Сондықтан ол қанша жердан қаласа да, физикалық тұрғыдан қызымызға қарауға шамасы келмес еді. Оның үстіне Раяна бірінші кезекте ата-апасының қызы. Оны біз өте жақсы білеміз.
Соңғы дайындық процесі мен Азия ойындарын қоса есептегенде 25 күн бойы қызымды көрмедім. Бұл мен үшін өте ауыр болды. Қазір де ара-тұра оқу-жаттығу жиыны кезінде екі апталап қызымды көрмеймін. Бірақ бұл менің таңдауым. Осы жолды қалап алған соң көздеген мақсаттарға қол жеткізу, маған сенген адамдардың сенімінен шығу керекпін. Алайда мен не істесем де, қызымның болашағы үшін еңбектенемін.
– Кезінде анаңыз сіздің спортшы болуыңызға мүдделі болғанын түсіндім. Дегенмен уақыт өте келе туыстарыңыз: «Гузалия, сен қыз баласың, осы каратэ дегенді тасташы» деп өтініш айтпады ма? Болмаса Әділет…
– Анам да, туған-туысқандарым да, Әділет те, ата-енем де ешқашан менің жолыма тосқауыл болған емес. Қайта айналамдағы кез келген азамат тарапынан тек қана қолдау көріп келемін. Маған сенім артқан сайын жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге тырысамын.
Әділет маған жары ретінде ғана емес, бапкерім ретінде де қарайды. Кейде үйде жүргенде «теп, ұр» деп қолын тоса салады. Мені үйде жарыстарға психологиялық тұрғыдан дайындайды. Тірлік істеп жатқан кезде де жаттығу жасатып қоятыны бар. Онысы ұдайы бабымда болғанымды қалағаны, әрі арқа сүйер азаматым бар екенін білдіргені ғой. Қазақ таза, адал азаматтар дүниеге келген отбасыны «текті әулет» деп атап жатады. Мен де сондай текті әулеттің бірі Үсенбаевтардың отбасының келіні болғанымды мақтан тұтамын.

«Анам жеріміздің бір бөлігін сатып, жарысқа жібергенде жеңіліп қалдым»

– Жеңіс әрине эйфориялық сезім сыйлайды. Жеңілген сәтте қандай күйде боласыз. Кімдер бірінші болып жұбатады?
– Расында да жеңістің дәмі тәтті. Шаттанасың. Шын пейіліңмен қуанасың. Тек ғажайып сезімді бастан өткересің. Шынында да эйфориялық күй кешесің. Ол сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын ғой. Тек сезіну керек. Спорт болған соң өкінішке қарай жеңілістер де болып тұрады. Жеңіліс адамға өз әсерін тигізбей қоймайды. Көңіл-күйің бұзылады. Өз-өзіңе ренжисің. Бұрындары сәтсіздікке ұшыраған кездерде анам, әпкелерім, достарым жұбатып отыратын. «Бүліне қойған ештеңе жоқ. Бұл бар болғаны спорт қой. Ондай-ондай болып тұрады. Ең бастысы амансың, денің сау. Алда сәулелі күндер күтіп тұр. Әлі-ақ бәрі жақсы болады»,-деген сияқты сөздермен көңілімді аулайтын. Қазір ол санатқа Әділет және ата-енем қосылды.
Қызым дүниеге келгелі бері сәтсіздіктерге ұшыраған сәттерде бірінші кезекте қызымның алдында ұяламын. Кәдімгідей қысыламын. Өйткені оны апталап көрмеймін ғой. Жаттығу залында жүремін. Шүмектеп тер төгемін. Ал жеңілген кезде: «Мүмкін сол уақытта қызымның қасында отыруым керек пе еді. Оны тастап, сонша дайындалғанда ойдағыдай нәтиже көрсете алмадым»,-деп бір кісідей күйзеліске түсемін. Не қызымның қасында бола алмаймын, не медаль жоқ. Өзіме сол үшін өкпелеймін. Сондай-ақ бапкерлерім мен туған-туыстарымның алдында да қатты ұяламын. Сенімдерін ақтай алмадым деп ыңғайсызданамын.
– Сіз үшін кәсіби спорттық мансап маңызды ма, әлде отбасы ма?
– Әрине, мен үшін бірінші кезекте отбасым, туған-туыстарым, жақындарым жоғары тұрады. Алайда спорт – менің өмірімнің бір бөлшегі. Қазірге дейінгі өмірімнің жартысынан көбін сүйікті ісіме арнадым. Сондықтан спортты төмен қоюға болмайды. Алайда отбасыңның орны бөлек. Отбасының жылуына, қолдауына ештеңе жетпейді. Ең маңыздысы да – сол.
– Орамал тағып, Алла үйінде түскен суретіңізді көріп қалдым. Дінге деген көзқарасыңыз қандай?
– Шүкіршілік, мұсылманмын. Жаратқан иеміздің шексіз құдіретіне сенемін. Бәрімізді жаратушы Алла екенін түсінемін. Мұсылманның бір борышы бес уақыт намаз оқу екенін өте жақсы білемін. Бірақ мен өкінішке қарай, сол парызды өтеп жүрген жоқпын. Бәлкім әзірге дайын емес шығармын. «Намазды жұрттың бәрі оқып жүр» деген оймен оқығым келмейді. Өйткені құлшылықтың маңызы зор. Шын ықыласпен зейін қойғанды жөн көремін. Уақыты келеді. Сол кезде, яғни, намаз оқуға шын мәнінде дайын болған кезімде сәждеге бас иемін.
– Алғашқы жеңісіңіз бен алғашқы жеңілісіңіз есіңізде ме?
– Оны ұмыту мүмкін бе екен? Ең алғашқы жеңісіме Қаратау қаласында өткен жарыста қол жеткіздім. Ол кезде спортпен шұғылдана бастағаныма бір ай да толмаған болатын. Бұл – менің бірінші жарысым. Ең бірінші турнирімде бірінші орын алғаным естен кетпейді. Балалық көңілмен өте қатты қуандым, бақыттан басым айналғандай күй кештім. Анашым да мәз болып, қуанышымды бөлісті. Сол күні Қызылжұлдыздағы барлық көршілерім жиналып, алғашқы жеңісімді жақсы көңіл-күйде атап өттік. Ол күнді ешқашан жадымнан шығармаймын.
Ең бірінші жеңілісім Петропавл қаласында болды. Ол күні мен үшін ауыр күндердің қатарында. Тұңғыш рет облыс аумағынан шығып, сырттағы жарысқа аттандым. Мені сол жарысқа жіберу үшін анашым бізге тиесілі жердің бір бөлшегін сатып жіберді. Сөйтіп мені жалғыз жібермей, қасыма әпкемді қосты. Сол кезде жан дүнием астаң-кестең болып кетті. Сенім үдесінен шыға алмағаным үшін қатты өкіндім. Анашымның менің ешкімнен кем болмауым үшін жеріміздің жартысын сатып жібергенін ойлап тіпті күйзеліп кеттім. Ол кез есіме түссе, әлі де мұңаямын.
– Кейін спортшы ретіндегі кәсіби мансабыңыз аяқталған соң немен шұғылданасыз? Бәлкім бапкер боларсыз?
–Қазіргі кезде менің бар ойым – Олимпиада ойындарының жолдамасын иелену. Ал спорттағы мансабымды аяқтағаннан кейін қандай таңдау жасайтыным туралы әлі күнге ойланып көрмеппін. Бір анығы, жұмыссыз қалмайтыныма сенімдімін. Заңгер және дене шынықтыру мамандықтары бойынша білім алғанмын. Қазіргі кезде үшінші оқуымды оқып жатырмын. Педогогика және психология мамандығы бойынша магистратурада білімімді жалғастырудамын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support