- Advertisement -

Облыста алдыңғы қатардамыз

64

- Advertisement -

Ауданы әкімі Асқар Қырықбаев ауданда 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы халық алдындағы алғашқы есебін Қорағаты ауылдық округіне қарасты Қорағаты, Аққайнар, Мамыртөбе ауылдары мен Қорағаты стансасының тұрғындарымен кездесуден бастады. Есепті жиында ауылдық округ әкімі Бақытбек Аблазимов былтыр атқарылған жұмыстар жайлы баян етсе, Асқар Қырықбаев ауданның әл-ауқаты мен экономикасының дамуы бойынша өткен жылға талдау жасады. Қол жеткен табыстар мен ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарды атап көрсеткен аудан басшысы 2018 жыл аумақ үшін жетістіктер жылы болғанын баса айтты. «Мәселен, Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы С.Дөненбаевтың Қазақстанның Еңбек Ері атануы, «Мерейлі отбасы» байқауында Ниязқұловтар отбасының бас бәйге алуы – ауданның, тіпті облыстың зор жетістігі» деген ол сала бойынша оң көрсеткіштер арқылы индикаторлық межені артығымен орындағанын фактілермен атап өтті.
Көтерілген басты мәселелер төңірегінде Асқар Санатұлы халыққа өз тарапынан қолға алынатын шаруалар туралы айтты. Биылғы жылы Қорағаты ауылдық фельдшерлік пунктінің құрылысы басталса, демеушілер есебінен былтыр қабырғасы көтерілген ауылдық мешіт құрылысы толық аяқталатынын жеткізді. Елді мекенге «көгілдір отын» кіргізу мәселесі де оң шешімін таппақ. Қазір тиісті құжаттар ресімделіп, бюджет есебінен ауылға газ құбырын тарту жұмысы қатаң бақылауға алынған. Қорағаты ауылының 3 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Тұрғындар тарапынан қойылған кооперативке бірігу, жерді бөліп, ірі шаруашылықтарға қосу бойынша да сала мамандары заңнамалық талаптарды түсіндіре отырып, қойылған сұрақтардың тиісті жауаптарын берді.
Аудан әкімінің былтыр атқарылған жұмыстар туралы халық алдындағы есебі әрі қарай Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Рахым Сәбденов, Бәйтелі, Қызылшаруа ауылы тұрғындарымен кездесуге ұласты. Басқосуда алдымен ауылдық округ әкімі Самат Атабаев халық алдында өз есебін берді. Асқар Санатұлы атқарылған ауқымды шаралардың нәтижесі бойынша облыста алдыңғы орындарды, ауыл шаруашылығы бойынша үздік үш аудан санатына енгендігін жеткізді. Кездесуде аумақта халық игілігі үшін жасалған шараларға терең талдау жасалды. Түрлі мәселелер көтерілген басқосуда маңызды мәселенің бірі – ауызсумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттар жасалып, мемлекеттік сараптамада жатқандығы, жоспарлы уақытта тиісті шешімдер оңтайлы жүзеге асырылатындығы сөз болды. Биылғы жылы Ақбұлақ ауылынан – 3, Бәйтелі ауылынан – 2, Қызылшаруа ауылынан 2 көше орташа жөндеуден өткізілмек. Аудан әкімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елді мекеннің өткенін жаңғыртып, ауыл орталығынан еңбек адамдарының құрметіне демалыс саябағын жабдықтау, абаттандыруға байланысты жоспарларды таныстырды. Өз кезегінде «Қазақстан Фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының аудандағы өкілі Е.Бекенов ауыл шаруашылығы саласындағы фермерлер мен бизнес өкілдерінің құқықтары мен міндеттері туралы, Үкімет тарапынан берілетін қолдаулар туралы түсіндірме жасап, кооперативтерге бірігу жайын қозғады.
Аталған есеп беру кездесулеріне қатысқан жергілікті тұрғындар ауылдық округ әкімдері мен аудан басшысының атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдірді.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ,
журналист.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support