- Advertisement -

Аудандағы өркенді жобаларға өріс кең

52

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін көтеру керектігі баса айтылды. Яғни Жолдауда еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту міндеттері алға қойылып отыр. Міне, осы талаптарды басшылыққа ала отырып, аудан диқандары ел тұрғындарын отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету жолында табысты еңбек етумен келеді.
Басты қызметіміз Мемлекет басшысы ұсынған бес институционалдық реформаны іске асыру мақсатында «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында қарастырылған экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, ауданның экономикалық әлеуетін ұлғайтуға, әлеуметтік саланы дамытуға бағытталып отыр. Ауданымыз әу бастан-ақ мал және егін, бау-бақша дақылдарын өсіруге мамандандырылған. Ауданның өндірістік-экономикалық даму қарқынының артықшылықтарына оның қалаға таяу орналасуы игі әсер етіп келеді.
Аграрлық өңір болғандықтан, ауыл шаруашылығы өндірісіне басымдық берудеміз. Ауданның ауыл шаруашылығы саласында бүгінде 3 өндірістік кооператив, 25 ауыл шаруашылығы кооперативі, 2 362 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Диқандар биыл күздік бидайды 3 405, жаздық арпаны 7 895, дәндік жүгеріні 2 131, майлы дақылдарды 5 460 гектар алқапта өсіріп, одан түскен өнімдерді дер кезінде жинап алды. Ақ егістің әр гектарынан орташа өнімділік 26 центнерден айналды. Одан басқа 401 гектар картоп, 6 645 гектар көкөніс, 26 655 гектар көпжылдық шөп, 527 гектар қант қызылшасы өнімдері де ысырапсыз жиналып алынды. Ал алдағы жылдың өнімі үшін 3500 гектарға күздік себу жоспарланса, бұл көрсеткіш 71,3 пайызға орындалды.
Ауыл шаруашылығы техникалары жыл сайын жаңартылу үстінде. Олардың басым бөлігі лизинг арқылы алынуда. Жалпы биыл аудан бойынша 148 миллион 416 мың теңгеге барлығы 36 техника сатып алынды. Оның ішінде лизинг бойынша 12, шаруашылықтардың өз күшімен нақты қаржыға алынғаны 17 бірлікті құрайды.
Шаруалар мал басын арттыру мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды мейлінше тиімді пайдалануға күш салуда. Соның нәтижесінде төрт түлік мал басы жыл санап артып келеді. Бүгінде аудан бойынша 37 231 мүйізді ірі қара малы, 226 277 қой-ешкі, 15696 жылқы, 57 түйе, 405 369 үй құсы тіркеліп отыр. Биыл аудан шаруашылықтары күшімен 34 996,4 тонна сүт, 3 605,1 тонна ет, 52 073 мың дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда сүт 100,5 пайызға, ет 104 пайызға, жұмыртқа өндіру 2,8 есеге асыра орындалды. Сондай-ақ ауданда 6 370 басқа арналған 13 мал бордақылау алаңы, 14 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеуде. Жалпы мал шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 9 миллиард 221,6 миллион теңгені құрап отыр.
Су үнемдеу технологиясы ауданда 1034,7 га егіс алқаптарына енгізілген. Оның ішінде 230 гектары жаңбырлатып, 804,7 гектары тамшылатып суарылады. Өсімдік шаруашылығы бойынша 16 миллиард 416,4 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Сондай-ақ ауданда жалпы көлемі 7,633 гектарды құрайтын 82 жылыжай жұмыс істеуде.
Биылғы жылы аудан бойынша өндірілген өнім көлемі 58 миллиард 714 миллион теңгені құрады. Соның ішінде ауыл шаруашылығына тиесілісі – 25 миллиард 673,8 миллион теңге. Қорыта айтқанда, аудан шаруашылықтарының бүгінгі беталысы жаман емес. Тұрғындардың бірі диқаншылыққа бет бұрса, енді бірі асыл тұқымды мал өсіру бағытын таңдауда. Мұның бәрі – Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың арқасында қол жеткен табыстар.
Биылғы жылдың он айының қорытындысы бойынша ауданның кәсіпкерлік саласында 28 миллиард 091,2 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, жалпы шығарылған өнім көлемі 47,8 пайызды құрады. Аудан аумағында 4 918 кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасауда, оларда барлығы 7 456 адам еңбек етеді. Ал өнеркәсіп саласында 8 миллиард 617,3 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 132,4 пайызды құрап, нақты индекс көлемі 100,1 пайыз болды. Өңірдегі «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС 5 миллиард 183,4 миллион,«КнауфГипсТараз» ЖШС 1 миллиард 150,2 миллион, «БиномСтройДеталь» ЖШС 275,5 миллион, «Суперфарм» ЖШС 940,1 миллион, «КазУпакТрейд» ЖШС 100,8 миллион теңгенің өнімін өндірді.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ауданда аграрлық саланы әртараптандыру, жаңа технологияларды қолданысқа енгізу, өңдеуші, ұқсатушы кәсіпорындарды іске қосу жөнінде бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Бұл бағытта тың ізденістер де жоқ емес.
Бізде өз ісін ашқысы келетін іскер азаматтар да аз емес. Көпшілігін қаржы тапшылығы қинайды. Екінші деңгейлі банктер кепілсіз несие бермейді. Сондықтан да қаржыға қол жеткізе алмай, талабы қайтып, тауы шағылады. Дегенмен аудан әкімдігі тарапынан олардың бизнес-жоспар жасауына және жер алуларына қолдау көрсетілуде. Соның арқасында кәсібін жолға қойған, құнды жобасын ел игілігі үшін іске асырған бизнес өкілдері мен инвесторлардың қатары артып келеді. Соңғы жеті-сегіз жылдың көлемінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында өңірде жалпы сомасы 4 миллиард 571,9 миллион теңгені құрайтын 71 жоба іске асырылып отыр. Бүгінде оның игілігін аудан тұрғындары көруде.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған» мемлекеттiк бағдарламасы аясында Қарой ауылдық округінен «ТаразГазӨнімдері» ЖШС-ның «Сұйытылған газ өнімдерін өндіретін зауыт» құрылысын іске асыру жобасы ұсынылып отыр. Жоба Қытай Халық Республикасының «Визон Инжиниринг ЛТД» компаниясымен бірлесе іске асырылады. Жобаның жалпы құны шамамен 16 миллиард теңгені құрайды. Бөлінетін жер көлемі – 16,0 гектар көлемінде. Жоба іске асқан жағдайда 108 адамды жұмыспен қамту көзделген. Ол облыстың Индустрияландыру картасына енгізілді. Екінші жоба Айша бибі ауылдық округінен «Супер Фарм» ЖШС-ның «Бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауытының көлемін кеңейту» құрылысын іске асыру. Жобаның құны шамамен 3,5 миллиард теңгені құрайды. Оған 1,5 гектар жер телімі қарастырылып отыр. Жоба іске асса 250 адам жұмыспен қамтылатын болады. Қазіргі таңда құрылыс-құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа нысанды пайдалануға беру мерзімі үстіміздегі жылдың желтоқсан айы деп белгіленген.
Құрылыс саласы да жыл санап дамып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері ауданда ондаған жаңа типтегі мектеп ғимараттары салынып, көп қабатты үйлер қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Биылдың өзінде төрт балабақша ашылып, бүлдіршіндер балабақшаларға баруда.
Соңғы жылдары ауданда жеке тұрғын үй салушылар қатары да артып келеді. Жеке сектордың есебінен үстіміздегі жылдың басынан бері жалпы аумағы 46 108 шаршы метрді құрайтын үй құрылыстарымен бірге қабылданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,9 пайызға артық. Бүгінде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 377 адам тұрса, жер телімін алуға 9 170 адам өтініш берген. Қазір Аса ауылындағы «Бәйтерек» тұрғын алқабындағы үш қабатты тұрғын үйдің инженерлік-инфрақұрылымдық жүйесі жүргізілуде. Жалпақтөбе ауылындағы балабақшаның қазандығы газбен жылыту жүйесіне ауыстырылды. Қала маңы ауылының ауызсу жүйесін қалпына келтіру және басқа да жұмыстар жоспарға сай атқарылуда.
Ауыл-аймақтарда денсаулық сақтау нысандары да көптеп салынып, іске қосылуда. Тек соңғы бірер жылдың ішінде жеті ауылда медпункт пайдалануға берілді. Ал аудандық орталық аурухана қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жарақтандырылған.
Сондай-ақ ауданның спорт саласындағы жеткен жетістіктері де аз емес. Жамбылдық ардагер спортшылар мен жергілікті балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері спорттың бірнеше түрінен жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Жалпы, ауданда дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға ниет білдіргендер үшін барлық жағдай жасалған. Аудан орталығында бір орталық стадион, заманауи спорт кешені, ипподром, футбол алаңдары, тир, ауылдық жерлерде спорт секциялары мен алаңдары жұмыс істейді.
Бүгінгі күнге ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін дамытуға 2,9 миллион, соның ішінде спорттық іс-шараларды өткізуге 2,5 миллион, ал әртүрлі спорт түрлері бойынша ауданның құрама командасын облыстық жарыстарға қатыстыруға 8,9 миллион теңге қарастырылды. Жыл басынан бері өткізілген 253 спорттық іс-шараға 27124 адам қатысты. Жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын тұрғындар үлесі 11,5 пайызды құрады.
Ауданның мәдениет саласында 19 клуб, 29 кітапхана, бір жылжымалы «Зерде» автоклубы, сондай-ақ ән-би ансамблі мен бірнеше халық театрлары халыққа қызмет көрсетеді.
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту – күн тәртібінде тұрған мәселе. Бүгінде аудандағы 42 елді мекеннің 17-де орталықтандырылған ауызсу жүйесі бар. Жалпы халықтың 75,1 пайызы сапалы ауызсумен қамтылған. Қазіргі таңда Қала маңы және Тоғызтарау ауылдарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл нысандар Тәуелсіздік күні қарсаңында ел игілігіне де берілді.
Ауданға табиғи газ құбырын тарту жұмыстары өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында қолға алынған. Соның арқасында аудан орталығы мен оған жапсарлас бірнеше ауыл газдандырылды. Нарық қатынастарына көшкен тұста тоқтап қалған бұл жұмыс соңғы жеті-сегіз жыл бұрын қайта жанданып, ауданның оннан астам елді мекеніне газ кіргізілді. Әлі тағы да 13 ауылға газ кіргізу межеленіп отыр. Бүгінде аталған елді мекендерге газ тарту жұмыстарының жобалау-сметалық жоспары әзірлену үстінде.
Әрине, бұл мақсатты жұмыстар түптеп келгенде, ауыл халқының тұрмысы мен әл-ауқатын көтеру, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтың жемісі деп ұққан жөн.
Ауыл-аймақты көріктендіру де тұрақты назарымызда. Көктемгі және күзгі екі айлықта ауыл-аймақты тазалау, тал-дарақ егу, аллеялар мен гүлзарлар дайындау, жол бойындағы ағаштарды, кіші сәулет нысандарын әктеу, сырлау, жұмыстарына басымдық берілсе, одан әрі жұмыс тікелей көріктендіру, көркейту бағытында жүрді. Саябақтар мен аллеяларға сәндік ағаштар егіліп, көркейе түсті. Көшелерге орнатылған түрлі жарық түсіру аспаптары түнгі ауылдың ажарына ажар қосып тұр.
Аудан орталығындағы тротуар, көпірлер ретке келтіріліп, сырланып, гүлдестелермен безендірілді. Көшелерге сән бергіш жарықтар орнатылды.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сай бес ауылішілік, жаяу жүргіншілер жолдары жөнделіп, орталық көшелері жарықтандырылды, бірнеше ойын алаңы салынып, аллеялар қайта жөндеуден өткізілді.
Тағы бір маңызды бағыт – жол құрылысы мен жол жөндеу. Экономикалық күш-қуаты артқан біздің елімізде «Жол – экономиканың күретамыры» деген қағидатты берік ұстанып, соңғы жылдары өңірде барлық деңгейдегі автомобиль жолдарын жөндеуге, күтіп ұстауға қомақты қаражат бөліне бастады. Соның арқасында биыл аудандық маңызы бар 9 жол, 19 елді мекенде 36 көшенің жолы жөнделіп, жаңарды.
Ауданда барлық салада өз кәсібінің білікті маманы атанып, еліміздің өсіп-өркендеуі, гүлденуі жолында аянбай тер төгіп жүрген азаматтар аз емес. Жамбылдың аты сондай азаматтарымен айбынды әрі асқақ.

Бақыт ҚАЗАНБАСОВ,
аудан әкімі.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support