- Advertisement -

Ер есімін елеусіз қалдырмасақ екен

67

- Advertisement -

Сұм соғыстың салған жарасы аз ба?! Әке мен баланы айырды. Жастай жесір атанған аналар ше?! Бар қайратын бойына жиып, жалғызын жеткізуге тырысты. Ошақтың отын өшірмеу үшін күн-түн демей, бел жазбай еңбек етті. Батысқа аттанған жалғызының жолын тосып, «қара қағаздың» хабарына сенбей, алаң көңілі бір басылмаған қариялар ше?! Маң далада азынаған жел тұрса, солардың тарқамаған шерін жеткізіп тұрғандай болады маған кейде. Ал әкесінің есімінен басқа ол туралы ешнәрсе естімеген, сүйегінің қайда қалғанын да білмей өскен ұл-қыздардың кеудесіндегі шеменді немен сылап жаза аласыз?
Қарсы алдымда отырған қарт ананың сөзінен әкесін аңсаған адамның алғаусыз көңілін танығандай болдым бір сәтке. Ауыр күрсінісі ішкі уайымын көрсеткендей. «Қызым, енді қанша ғұмырым қалғанын бір Құдай біледі ғой. Орындалмаған үлкен арманым бар. Мен – әкем Зекештен қалған жалғыз тұяқпын. Әкемнің есімі бір көшеге берілсе деймін. Соғыстан оралмады, туған елден топырақ бұйырмады. Ең болмаса есімі ұмыт болмаса екен», – деді көкірегі қарс айырыла.
Тараздық Рысалды апай әкесі майданға аттанғанда тұлымшағы желбіреген жеті жасар бүлдіршін екен. Әкесінің бейнесі еміс-еміс есінде. Анасы екеуі одан кейінгі тағдырынан хабарсыз. Тек 54 жылдан кейін ғана бір дерек тауып, Украинаның Донецк облысындағы Енакиево қаласындағы паркте жерленгенін біледі. Әке қабіріне барып, Құран бағыштап қайтуға, сөйтіп перзенттік борышын өтеуге мүмкіндіктің өзі оңайлықпен туа қоймайды. Құзырлы мекемелердің есігін қағып жүріп, әйтеуір бір амалын тауыпты.
Қалалық паркте 1943 жылы Украина жерін жаудан азат ету жолында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің бейітіне қойылған үлкен белгітас бар. Осы тасқа Рысалды Тұрсынбаеваның әкесі Зекеш Ыбырайұлының гвардия лейтенанты, рота командирі болғаны жазылған екен. «Әкем Зекеш Жамбыл жеріне жұмыс сапарымен келгенде анам Қанымкүл Сәрсембаеваны кездестіріпті. Өзі Павлодар облысындағы Баянауыл ауылында туып-өскен. Әкемнің есімі бір көшеге берілсе деп сол өңірдің басшыларына да өтініш жаздым. Бардым да талай. Әлі жауап жоқ. Елін жаудан қорғаған ердің есімі қай жақта дәріптелсе де артық емес. Тараз қаласында бір көше әкемнің есімімен аталса, арманым жоқ», – дейді Рысалды Зекешқызы.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support