- Advertisement -

Кәсіпкер мұнай базасын ашты

55

- Advertisement -

Аудандағы мемлекеттік мұнай өнімдері базасының тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарының аяғынан бастау алады. Бұл кезде өңірде ауыл шаруашылығы артельдері құрылып, егіс алқаптарына іштен жанатын қозғалтқыштары бар жаңа техникалар келе бастаған. Шаруашылықтардың мұнай өнімдеріне арта түскен сұранысын өтеу мақсатында орталықтандырылған база ашу қажеттігі туындаған. Соғыс жылдары жабылып қалып, 1952 жылы қайта ашылған мекеме екі мәрте күрделі жөндеуден өтіп, қайта жарақтандырылды. 1972 және 2003 жылдары мұнай базасының материалдық-техникалық базасы жақсартылып, жаңа технологиялармен жабдықталды, мұнай өнімдерін қабылдау сыйымдылығы 7 мың тоннаға жеткізілді. Алайда көп ұзамай қаржы тапшылығына тап болған мұнай базасы 2009 жылы жабылып, содан бері жұмыс істемей тұрған.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына өзек болған «Туған жерге туыңды тік» деген қағиданы жадына берік тоқыған ауданнан шыққан танымал кәсіпкер «Орсо энерджи» ЖШС-ның бас директоры Берік Толымбаев биыл көктемде аудандық мұнай өнімдері базасы мен жанармай құю стансасын сатып алып, оны қайта жөндеуден өткізуге кірісті. Бас-аяғы жарты жылдың ішінде базадағы мұнай өнімдерін қабылдау сыйымдылықтары тазаланып, өндіріс қуаты толық қалпына келтірілді. Мұнай базасы мұнай өнімдерін сақтауға және таратуға қойылатын еуропалық стандарттар талаптарына сай етіп жабдықталды. Қауіпсіздік қағидалары да қатаң ескеріліп, әр сыйымдылықтарға өрт дабылдамасы қондырылды. Жанармай құю стансасы да күрделі жөндеуден өткізіліп, мұнай өнімдерін босату жабдықтары жаңартылды. Кәсіпорында 30-ға тарта адам жұмыс істейтін болады.
Таяуда аудандық мұнай базасы мен жанармай құю стансасының ашылу салтанаты болды. Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов қайта ашылған мұнай өнімдері базасының облыстағы ең ірі базалардың бірі екендігін, базаның өңірдегі мұнай өнімдері бағасын тұрақтандыруға сеп болып, шаруалардың астықты себу-жинау науқандары кезінде арзандатылған жанар-жағармайды бір орталықтан алуға мүмкіндік беретінін айта келе, базаны іске қосып отырған кәсіпкер Берік Толымбаевқа ризашылығын білдіріп, жұмысына табыс тіледі. Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков те туған жерінде осындай ілкімді бастаманы қолға алған кәсіпкерге ізгі тілегін жеткізді.
Жаңғыртылып қайта ашылған мұнай базасының таспасын аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов пен «Орсо энерджи» ЖШС бас директорының орынбасары Николай Мамедов қиды. Жиналған жұртшылық мұнай базасының аумағына еніп, базаның материалдық-техникалық жабдықталуымен, өндіріс әлеуетімен танысты.

Абылайхан СӘРСЕН.

Жуалы ауданы.

Суреттерді түсірген Сәбит КҮЗЕМБАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support