Адай батыр

268

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақтың тарихында ұялатын ештеңе жоқ» деген еді. Тек өткен тарихымызбен, хандарымызбен, билерімізбен, батырларымызбен мақтана білуіміз керек. Қай-қайсымыздан сұраса да, «Есім ханның ескі жолы» деп Есім ханды, «Тәуке ханның тура жолы» деп Тәуке ханды, «Қасым ханның қасқа жолы» деп Қасым ханды, Әз Жәнібек пен Абылай ханды, Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді кідірместен, мүдірместен айтатынымыз бар. Шешендерден айтылатын Жиреншені, батырлардан Қобыланды, Алпамыс, Ер Төстік, Ер Тарғын, одан басқа Қара керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай… Бар білетініміз осылар ғана болатын.

Тәуелсіздік алған соң басқа да хан, билерімізді, батырларымызды таптық, бүкіл елге таныттық. Атап айтқанда, Қойгелді, Қосы батыр, Жауғаш, Бұғыбай, Бұқарбай, Ағыбай, Жалаңтөс, Басығара, Ер Қосай, Құдайке, Малайсары, Кейкі, Иман, Сүйіндік Жанайдар батыр және басқаларын насихаттап, ауылдардың, аудандардың атын бердік. Есімдерін көшеге, мектепке және басқа да нысандарға таңып, ескерткіш қойып, жастарға үлгі етудеміз. Бұл – құптарлық іс. Тарихымызды толығымен білдік, анықтадық дей алмаймыз. Көптеген айтулы тұлғалар көлеңкеде қалып қоюда. Соның бірі де бірегейі – Кіші жүзден шыққан Адай батыр, оның ұлдары Құдайке мен Келімберді. Немерелері – Ер Қосай мен Мұңал.
Бірер жыл бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Біз ілгеріде іргелі ел, мемлекет болғанымызды көрсеттік. Дәлелдеп, анықтап, Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығы болғанын, оның көлемі бүгінгі Қазақстанды түгел алып жатқанын айдай әлемге әйгіледік. Әбілқайырдан бөлініп, үдере көшіп, Шу мен Сарысудың арасына орналасып, дербес Қазақ хандығын құрып, алғашқы ханы Керей болғанын, оған ағайыны Жәнібек көмектесіп, қазақтың көптеген руларының басын қосып, шекарасын анықтап, көрші елдермен келісімге келіп, Қазақ хандығының ірге тасының берік болуына біркісідей еңбек еткен Адай батыр еді. Керей мен Жәнібектің көшіне үш жүздей Кіші жүздің отбасыларын ертіп, асқақ Алатаудың етегіне орналастырып, Керей мен Жәнібектің сенімді серігі, әскер басы болғанын біреу білсе біреу білмес. Батыста, шығыста, солтүстікте тұрып жатқан ру-тайпалар Жәнібекпен бірге аянбай еңбек еткен Адайды, Керей ханды, Жәнібек сұлтанды қатты қадірлеген. Соның нақты бір белгісі, Адай үйленемін дегенде Жәнібек өзі бас құда болып, Бексұлтан төренің айдай сұлу қызы Айымнұрды қалыңмалын төлеп, тойын өткізіп, елге алып келді. Адайдың осы әйелінен екі бала болған. Бірі Құдайке, екіншісі Келімберді. Келімбердінің ұрпақтары бүгінде Т.Рысқұлов ауданы Құмарық және Құлан ауылдарында тұрып жатыр. Соның бірі Құлан ауылы әкімінің орынбасары Мұрат Жайлыбаев: «Біз Келімбердіден тараймыз», дейді. Адай мен оның балаларының осы маңда тұрғанына мына сөздер дәлел бола алады. «Адайлар – ерте заманда Кіші жүздің басқа рулары сияқты Алатауды мекендеген ел». Сонымен қатар Қашаған жырау «Атамекен» деген жырында:
Әзіреттің кең ойы,
Алты судың өн бойы.
Атамыз қонған жер екен.
Алғыр судың бойында,
Алшын деген аз ауыл.
Қытайменен жау болып,
Көшіпті солай қарауыл, – деп жырлаған.
Қазақ хандығының нығайып, халықтың саны көбейіп, іргелі ел болғанын көре алмайтын көршілер қытай, қалмақ, мына жағы Шайбани мемлекеті тұс-тұстан Қазақ хандығына тыныштық бермей, шабуылдап мазаларын ала берген соң, Жәнібек хан Адай мен өзі бас болып ел шетіне келген жауға аямай соққы береді. Дегенмен қапыда Жәнібек қайтыс болады. Бұл Адайдың баласы Құдайке батырдың даңқы асып тұрған кез еді. Небір шайқастарда жанқиярлық ерлік көрсетіп, жауынгерлердің алдына шығып, «Алшын, Адай!» деп айқайлап ұрысқа кірісетін. Осындай бір соғыста Шайбани әскері оңбай жеңіліс табады. Тек Құдайкенің қолына садақтың оғы тиіп, көп ұзамай қайтыс болады. Құдайкені ел аузында Ойранды атанып кеткен жерде төмен Алатаудың етегінен бастау алатын Әулиебұлақтан шығып, өзеннің оң сағасына, төбенің бір шетіне жерлейді. Кейіннен осы жерге Келімбердіні де жерлеген. Шайбанилермен болған бір шайқаста Құдайке 100 шақты адаммен жау қоршауында қалады. Сол кезде Келімберді атой салып жау шебін бұзып өтіп, ағасы Құдайке мен жауынгерлерін жау қоршауынан алып шығады. Келімберді небір шайқастарда ағасы Құдайкенің жанында болып, ерліктің үлгісін көрсетеді. Ең соңында екі баласының жанына Адайды да мәңгілікке аттандырған.
Адай қайтыс болғанда қазақтың үш жүзінің игі жақсылары және Хақназардың өзі де болып екі баласының жанына жерлейді. Бұл жер ел аузында «Қазақ мола» деп аталады. Кезінде үлкен қорғаны болған және көктасқа есімдері жазылған. Қорғанның іргетасы ғана сақталған. Маңғыстаулық азамат Ыдырыс Серікбаев 10-15 жылдан бері өз қаржысына Өзбекстанды және Қазақстанның оңтүстік облыстарын аралап, көптеген аңыз-әңгімелерді, жыр-дастандарды, тарихи шығармаларды, тарихшылардың мақалаларын, шет ел тарихшыларының еңбектерін зерделеп, халық арасында айтылған әңгімелерді мұқият тыңдап, мұрағаттардан құжаттарды қарап, атасы Адай мен оның ұлдары Құдайке мен Келімбердінің жатқан жерін анықтау мақсатында көп жерді аралайды. Көнекөз қариялармен сөйлесіп, сілтеген жерлеріне барады, осындай көп жылғы іздестірудің нәтижесінде Т. Рысқұлов ауданына атбасын бұрып, жергілікті өлкетанушы Бекқұлы Әлиевтің айтуымен Жаңатұрмыс ауылына келеді. Мұнда көнекөз қария Қасымбай Кемісбаев, Кемел Азаматов, Жетпіс Көлбаевтың айтулары бойынша, бұрынғы Жібек жолының төменгі жағындағы өзеннің оң жақ бетінде кезінде үлкен төбе болған екен. Бүгінде шөгіп, төбешік болып қалған жерде үш адамның моласы сақталған. «Ортадағы үлкенінде Адай батыр, ал жанындағы екеуінде балалары Құдайке мен Келімберді жатыр» деген мәлімет береді. Жыр-дастандардағы мәліметке тура келеді, Адай мен оның балаларының моласы осы деп бір болжамға тоқтайды.
Жаңатұрмыс ауылының әкімі Н.Жамалбековтің көмегімен үш моланың төңірегін тазалағанда, бұрынғы қорғанның іргетасы көрінеді. Толық сақталған, балшықтан соққан қабырғалары қирап жатыр. Кезінде есімдері жазылған көктас болған екен, кейін қолды болыпты. Ойранды даласының төменгі жағында, Мөңке батыр атындағы разъездің шығысындағы өзеннің оң жағындағы төбенің үстін көреді. «Адай мен оның балалары жатқан жері осы болар» деген тоқтамға келеді. Ал жергілікті халықтың айтуы бойынша, әр төбенің басында осы елдің қорымдары бар екен. 1948 жылы зерттеушілер Т.Рысқұлов ауданының маңындағы Қазақ ауылы жанында Жарбол деген стансаның барын, одан әрі Әулиебұлақ өзенінің оң жағында, Ұлы Жібек жолының маңында Мөңке батырдың және Адай мен оның ұлдары Құдайке мен Келімбердінің жатқан жерлерін картаға түсіріп, жүйе жасаған екен, сол табылып отыр. Онда батырлардың моласының орны да көрсетілген. Адай батыр мен оның балалары Құдайке мен Келімбердінің, немерелері Ер Қосай мен Мұңалдың ерлік істері, батырлығы, халқы үшін атқарған қызметтері туралы жазушы Бектұр Төлеуғалиұлының «Адай тарихы сыр шертеді» деген еңбегінде, көптеген шайқастардың куәсі болған Қазтуғанның жыр-дастандарында, шежіреші Өмірзақ Көлбаевтың «Ер Қосай» атты кітабында, Ұзақбай жыршының «Алақай батыр» дастанында, Сабыр жыршының «Алақай батыр» жырында, Ибн Бахуридің «Алғашқы қазақтардың бірігуі» еңбегінде, Алшын Меңдалыұлының «Адай шежіресінде» және басқа да еңбектерде айтылып, жазылған соң қайталауды жөн көрмедік.
Болашақта Адай атаның ұрпақтары жерленген қабірлерді тексеріп, анықтап, бір шешімге келген соң, бабалардың басына белгі қояр, ардақты, әулиелі жерге тәу етуге адамдар келетін болар деген үмітіміз бар.

Москау НоҚрабеков.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.