Су айдындары балалар үшін қауіпсіз бе?

166

Бүгінгі күні бұл ата-аналарды ғана емес, қоғамымызды да айрықша алаңдататын мәселеге айналып отыр. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы жанындағы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихаты да осы тақырыпқа арналды. Оған облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Омар Такеев, жедел құтқару жасағының бастығы Юрий Салагаев, облыстық ІІД ювеналдық полициясының бастығы Қуанышбек Қалжанов қатысып, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Басқосуда су айдындарында шомылатын балалардың қауіпсіздігіне назар аудару қажеттігі басты әңгіме арқауы болып өрілді. Мамандардың айтуынша, облыста соңғы 7 күн ішінде су айдындарында ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы салдарынан бірқатар оқыс оқиғалар орын алып үлгерген. Осыған орай ТЖ департаменті мен оның тиісті құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері балаларға және ересектерге суға шомылу кезінде өзін-өзі ұстау ережелерін күшейтілген сауықтыру режімінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге жұмылдырылуда екен.
Деректерге сүйенсек, биылғы жылдың басынан бері облысымызда 16 қайғылы оқиға тіркеліп, 17 адам суға батып қайтыс болған. Оның ішінде 10 бала да бар. Өкінішке қарай, құрбан болғандардың жартысы – мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар. Жалпы оқиғалардың барысын зерделеу нәтижесі олардың барлығы бірдей шомылуға рұқсат етілмеген, қадағалаудан тыс аумақтарда ғана орын алмағанын көрсетіп отыр. Мәселен, ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында арнайы жабдықталған шомылу орындары мен бассейндердің өзінде 14 жасқа дейінгі 3 жасөспірім «тілсіз жаудың» құрбанына айналған.
Басқосуға қатысқан тиісті құрылымдардың басшылары су қатені кешірмейтінін, суда шомылу кезіндегі қайғылы жағдайлардың негізгі себептері – азаматтардың өзіне деген сенімі мен күшін дұрыс бағалай алмауы, қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы немесе білмеуі, балалардың қараусыз қалдырылуы, сонымен бірге масаң күйде шомылуы екенін атап өтті. Мұның барлығының да соңы орны толмас өкініштерге алып келіп жататыны ешқандай дәлелдеуді де қажет етпейді.
Іс-шара ТЖД мамандарының «Су айдындарында абай болыңыз, әрі жақын адамдарыңызға дер мезгілінде көмек қолыңызды созуды ұмытпаңыз!» деген сөздерімен түйінделді.

Comments are closed.