- Advertisement -

Германия – чемпион!

52

- Advertisement -

Төрт жылда бір айналып келетін аламан аяқталды. Дүниежүзі көз тіккен доп додасының финалында Германия мен Аргентина құрамасы кездесіп, бір гол айырмасымен немістер жеңіске жетті. Әлем чемпионатының ақтық бәсекесі жанкүйерлер күткендей қызыққа толы болды ма? Қай команда өз мүмкіндіктерін толық пайдалана алды? Матч барысындағы тартысты сәттер уақыт өте келе көмескіленер, ал тарихта қалатыны – ойын нәтижесі.
Жартылай финалда немістер Бразилия құрамасын ірі есеппен ұтқаннан кейін көпшіліктің көңілінде «аргентиналықтар қарсыластарынан айласын асыра ала ма?» деген сауал туындаған еді. «Неміс машинасының» екпінін басуға Мессидің отандастарының қауқары жеткен. Бірақ, бір сағат 53 минутқа шыдаған Аргентина қорғаушыларының жүйкесі экстра – таймның аяқталуына 17 минут қалғанда сыр берді. Бір сәтке айып алаңын ашық қалдырған аргентиналықтардың қателігін германиялықтар ұтымды пайдаланды. Шюррле мен Гетце «дуэті» ойынның соңғы нүктесін қойды. Жас шабуылшы Марио Гетце әлем чемпионатындағы тарихи голын соқты. Германия құрамасы төрт дүркін әлем чемпионы атанды!

7 6 FBL-WC-2014-MATCH64-GER-ARG

Эстафета Ресейге берілді

Бір ай бойы жанкүйерлерге тамаша көңіл-күй сыйлаған теңбіл доп додасының жабылу рәсімі жексенбі күні Рио-де-Жанейро қаласындағы «Маракана» стадионында өтті. Әлемдік мундиаль түйінділер шара ерекше сән-салтанатқа толы болды. Колумбиялық атақты әнші Шакира, сонымен қатар, Карлос Сантана, Жан Вайклеф және Алешандре Пирес өнер көрсетті. Әлем чемпионатының жабылу рәсіміне қатысқан адамдардың жалпы саны 1000-ға жуық. Самбо биін билеушілердің қарасы 400-ге жетті.
Негізі футбол додалары Бразилияның 12 қаласында өткізілгені белгілі. Мундиальдің жабылу рәсімінде солтүстіктегі көршіміз Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин әлем чемпионатын өткізу эстафетасын қабылдап алды.

Әлем чемпионаты: кімге не бұйырды?

Германия құрамасы – әлем кубогының иегері. Сонымен қатар, олар жеңімпаздарға тиесілі 35 миллион долларды да қанжығаларына байлады. Ал, күміс жүлдені місе тұтқан аргентиналықтарға – 25, қоланы қанағат еткен голландиялықтарға 22 миллион доллар берілді. Бразилиялықтарға бұйырғаны – 20 миллион доллар. Ширек финалға дейін жеткен командаларға 14 миллион доллардан үлестірілді.
Жалпы, дүниежүзілік футбол бәсекесінен ешкім де құралақан қайтқан жоқ. Командасының финалға дейін жетуіне үлкен үлес қосқан аргентиналық шабуылшы Лионель Месси «Алтын доптың» иегері атанды. Мессидің әлемдік мундиальда жеті ойын өткізіп, 4 гол соққаны белгілі. Сондай-ақ, әлемдік аламанның «Үздік сұрмерген» атағын және мундиальдің «Алтын бутсиін» колумбиялық жартылай қорғаушы Хамес Родригес алды. Шебер қақпашыға берілетін «Алтын қолғаптың» егесі Германия құрамасының «соңғы қорғаушысы» Мануэль Нойер болды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support