- Advertisement -

Франция алтынға, Бельгия қолаға таласады

106

- Advertisement -

Ресейдегі футбол тойы өз мәресіне жақындап келеді. Төртжылдықтың басты додасының финалына өткен алғашқы команда да белгілі болды. Мамандар финалға дейінгі финал деп ат қойып, айдар таққан Франция-Бельгия ойынында француздардың мерейі тасыды.
Құрамында Антуан Гризманн, Поль Погба, Килиан Мбаппе секілді үздіктер жиналған француздар да, Эден Азар, Ромелу Лукаку, Маруан Феллайни секілді саңлақтар топтасқан бельгиялықтар да әлем чемпионы атануға лайықты ұжымдар қатарында еді. Әйткенмен «қызыл сойқандардың» жолы болмады.
Төреші ысқырығы естіле салысымен ойынды бақылауда ұстауға тырысқан Бельгия футболшылары жылдам шабуылдар ұйымдастыруға ден қойды. Команданың көшбасшысы Эден Азар әріптестерін әдемі пастармен жарылқауға ниеттенді. Ойынның 15-минутында Азар сол аяғымен шірене тартты. Алыс бұрышты көздеген Азардың соққысына сәл ғана дәлдік жетіспеді. Бельгиялықтар бұдан кейін де өткір шабуылдарымен көзге түсті. Бірінші кезең ортасына таяғанда француздар ес жиды. Кездесудің 39-минутында қақпашымен бетпе-бет шыққан Павардың соққысын Куртуа қайтара білді. Осылайша жартылай финалдың бірінші таймы есеп ашылмастан тең аяқталды.
Ойынның екінші бөлігін француздар ширақ бастады. Жанкүйерлер голды Антуан Гризманн, Киллиан Мбаппелерден күткен еді. Алайда бұл күні қорғаушы Самюэль Умтити белсенділік танытты. Матчтың 51-минутында бұрыштамадан берілген пасқа өзгелерден бұрын жеткен ол баспен әдемі гол соғып, командасын алға сүйреді. Бір қызығы Умтити бельгиялықтардың ең бойшаң қорғаушысы Маруан Феллайниден биік секіріп, алдын орап кетті. Бұдан соң бельгиялықтар есепті теңестіру үшін жанұшыра алға ұмтылғанымен одан ештеңе өнген жоқ. Феллайнидің баспен бағыттаған соққысы қақпадан қисық кетті. Бельгиялықтардың қысымға толы шабуылдарынан гөрі француздардың қарсы шабуылдары қауіпті көрінді. Гризманның командаластары бірнеше мәрте Куртуа қақпасынан саңылау тауып, есепті еселеуге шақ қалды. Әйткенмен ойын аяқталғанға дейін таблодағы көрсеткіш өзгерген жоқ. Осылайша Франция құрамасы ақтық сынға жолдама алса, Бельгия футболшылары қола жүлдеге таласады. Францияның қарсыласы Ұлыбритания-Хорватия кездесуінде анықталды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support