- Advertisement -

Ардагерлерге арқа сүйейміз

161

- Advertisement -

Аға буын ардагерлеріміз қашанда өңірдің қоғамдық-саяси өміріне араласып, әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосудан қалыс қалған емес. Алдыңғы толқын ағалардың өмірлік ұстанымдары мен көп жылдық тәжірибелерінің өркендеуімізге әлі де септігі тиері анық. Олардың жастарға берер тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесі де көп.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңір ардагерлерімен кездесуінде осыны ескергені анық. Өңір басшысы аға буынның ақыл-кеңесін, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, емен-жарқын, еркін форматта әңгімелесті. Түрлі саланың ардагер-мамандары қатысқан жиынды облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев жүргізіп отырды.
– Еліміздің салт-дәстүрі ұрпақтар сабақтастығы сақталғанда ғана қайта жаңғыратыны мәлім. Алдыңғы аға ұрпаққа арқа сүйеген, ақыл сұрар қариясы бар ел бай. Сондықтан осыны ескере отырып, біз де өздеріңізбен жиі бас қосуға, пікір алмасуға тырысамыз. Бүгінгі кездесудің де мақсаты – осы. Ардагерлер ұйымының қоғамда алар орны маңызды. Облыста 100 мыңнан астам ардагер бар. Бұл дегеніміз – үлкен әлеует, үлкен потенциал. Ал біз осы күшті өңірдің даму үдерісіне тиімді пайдаланып жүрміз бе? Осыған қатысты ойлануымыз керек. Әрине, бірінші кезекте ардагерлер ұйымына артылар жауапкершіліктің бірі – ол елдің ішкі ауызбіршілігі, бірлігі. Елбасының тұрақтылық пен бірлікті сақтау саясатын жүзеге асыруда ардагерлердің атқаратын рөлі зор. Сіздердің өңірдің әлеуетін, экономикасын арттыруға байланысты айтар ұсыныс-пікірлеріңіз де көп. Өйткені өздеріңіз кезінде осы қызметте болдыңыздар, тәжірибелеріңіз мол.
Кеше Елбасы еліміз үшін үлкен әлеуметтік-экономикалық мәні бар Жарлыққа қол қойды. Тәуелсіз еліміздің тарихында осы кезеңде екі қаланың тұрғындары миллионға жетіп, үлкен мегаполисқа айналып отыр. Ол да мемлекетіміздің жетістігі. Бұл шешімнің елдің дамуы, болашағы үшін маңызы зор екенін біз жақсы білеміз. Сондықтан ел тарихына енген айтулы шешімнің қабылдануымен жамбылдықтарды да, көршілерімізді де құттықтаймыз, – деді Асқар Мырзахметов.
Облыс әкімі кездесуге келген барлық ардагерлерге алғысын білдіріп, ардагерлерді Тараз қаласына қатысты түйткілді мәселелерден бөлек, өңір проблемаларын талқыға салып, ашық түрде пікір алмасуға шақырды. Алғаш болып сөз алған облыстың Құрметті азаматы Саттар Жанәбілов болды. Ол Түркістан облысының құрылуымен құттықтап, өңір басшысының ардагерлермен кездесуге арнайы келгеніне рахметін айтты. Өзінің көкейдегі ойын жеткізді. «Қазір мектеп оқушыларының, жасөспірімдердің бір-бірімен ауыл-ауыл, ата-ата болып бөлініп, төбелесуі қоғамдық дертке айналып келе жатыр. Содан мерт болып жатқан балалар да бар. Мен Жамбыл ауданының ардагерлерімен кездесуінде көзінен жасы сорғалап, осы мәселені көтерген, өзі дәрменсіз қарияларды көрдім. Бұл – біздің ұрпақ тәрбиесін уысымыздан шығарып, ұсақталып бара жатқанымызды көрсетпей ме деп қауіптенген жайым бар. Осыны бірлесіп шешу үшін көп болып кеңесуіміз керек. Тағы бір айтарым – қазір мал ұрлығы өршіп тұр. Өрістегі адал малын үйірімен қуып кетеді. Ол табылмайды. Үшінші мәселе – дәріханалардағы ардагерлер алатын дәрі қолымызға өте кеш тиеді. Тендер кеш өтеді», – дей келе,осы түйткілдердің шешімі табылса деп, өз ұсынысын айтты.
Ардагерді толғандырған мәселеге облыс әкімі Асқар Исабекұлы тұшымды жауап берді. «Қазір осындай жағдайлардың белең алып отырғаны белгілі. Ол Жамбыл облысында ғана емес, оңтүстік өңірлердің біразында бар. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты айтылған мәселе – ойланатын нәрсе, бүгінгі заманның ағымын көріп отырмыз. Интернеттің дамыған кезі. Интернетті батыстағы дамыған мемлекеттер идеологиялық құрал ретінде пайдаланып отыр. Сол арқылы өздерінің саясатын, идеологияларын жүргізеді. Мемлекеттердің ішіне іріткі салу да сол арқылы жүреді. Осыған қалай төтеп беруіміз керек. Жастар тәрбиесі бүгінгі таңда өте өзекті болып отырғаны белгілі. Соларға төтеп берудің жолы – қоғамдық ұйымдар, соның ішінде ардагерлер кеңесінің белсенді жұмысы. Осыны аузы дуалы ел ағалары батырып-батырып айтатын болса, септігі тиеді деп ойлаймын», – деген облыс әкімі бүгінде ауылдық жерлерге учаскелік полицейлер мен сол ауылдың әкімдері қатынап жұмыс істейтінін де тілге тиек етті. Осыған байланысты барлық аудандардың әкімдеріне, жергілікті полицияның басшысына қызмет істейтін елді мекенде тұруды талап етуді тапсырды. «Егер олар сол ауылға көшіп бармайтын болса, жұмысымен қош айтыса берсе болады. Ал ауылдың әкімі болғысы келетіндер сол ауыл тұрғындарымен бірге тұру керек. Сонда ғана халықтың тыныс-тіршілігімен таныс болып, жұмысы ілгерілейді. Оның да мерзімі белгіленген», – деді.
Бұдан бөлек ардагерлер өз кезегінде облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы пікір алмасып, өз ұсыныстары мен тілектерін жеткізді.

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support