Осы жұрт Оразалы Жандосовты біле ме екен?

144

ХХ ғасыр – Қазақстан тарихындағы трагизмге толы ғасыр. Бұл – даусыз дәлелденген факт. Революцияға үндеу, бостандықты насихаттау, жаңа өмір сүруге белсене араласып, бел шешіп кірісу, ескі салт-санаға балта шабу, қазақ әйелдерінің теңдігі, олардың қоғамдық істерге араласуы, әлеуметтік тартыс – міне, осының бәрі сол кездегі халық көтерген негізгі идеялық мұраттар, халықтық тұтастығының басты сипаттары.

Қазақстан тарихындағы ең қасіретті дәуірлердің бірі – ХХ ғасырдың 30-жылдарының аяғында болған репрессия дәуірі. Сол кезеңде Сталиннің идеологиясы шарықтау шегіне жетті. Ол уақытта өмір сүрген және репрессияға ұшыраған, сталиндік режімнің құрбаны болған ірі тұлғалардың ұрпақтары, яғни біз, өткен ғасырдың тарихи деректерін оқып, өз бойымызға сіңіріп, жете түсіндік, ата-апаларымыздың бастан кешірген психологиялық күйін ұқтық.
Репрессия құрбандары болған жазықсыз адамдардың атын ақтап алу мүмкіндігі туды. Айтайын дегеніміз – қуғын-сүргінге ұшыраған арғы атамыз Оразалы Қиқымұлы Жандосовтың өмірі жайлы. Осы қолайлы мүмкіндікті пайдаланып біз, оның ұрпақтары, ғана емес, сонымен қатар еліміздің әрбір азаматы Оразалы Жандосовтың кім екенін білсін деп оның қайғылы тағдыры жайында айтып бергіміз келеді.
Көбісі Оразалы Жандосовты оның үлкен ағасы, белгілі революционер Ораз Жандосовпен шатастырады. Осы ағайынды екі тұлғаның ара жасы – 5 жыл.
Оразалы Жандосов 1904 жылдың наурыз айында Алматы облысының Қаскелең ауданының Шамалған селосында Қиқым Жандосовтың, өз шаруашылығы бар батрақтың отбасында өмірге келген. Әкесі Қиқым Жандосов 9 жасынан 27 жасына дейін Любовинская станицасының иесі Иван Головин деген орыстың бай казагына жалданып жұмыс істеген. 27 жасында Жетісу ауданының Қаскелең аңғарындағы ізбес зауытына жұмысшы болып кіріп, сол зауытта өмірінің соңғы күндеріне дейін жұмыс істеген. 35 жасынан бастап шағын шаруашылықты игеруге мүмкіншілігі болды.
Оразалы Жандосов 9 жасына дейін әке-шешесімен тұрып, әкесінің меншігінде болған 50 бас қозыны баққан. 9 жасқа толғанда әкесі Верный қаласындағы атақты мещан Т. В. Великановтың алдында едәуір беделі болғандығын пайдаланып, баласын Верненск ер балалар гимназиясының пансионына қазына есебінен тегін орналастырды. Онда Оразалы 1918 жылға дейін білім әрі тәрбие алды (оқтын-тектін, демалыс кездерінде ауылдағы әке-шешесіне барып тұрды). 1918 жылы, бір жағынан, төңкеріс (революция) жасалуына, екінші жағынан, әкесінің қайтыс болуына байланысты, гимназиядағы оқуын тастап кетуіне, сөйтіп, шешесі мен іні-қарындастарына қолғабыс ету үшін үйге қайтуға мәжбүр болды.
1918-20 жылдар аралығында етік тігумен айналысты, ал 1920 жылы ізбесті (әкті) күйдіру жөніндегі өндірістік артель ұйымының құрылу инициативасын өз қолына алды. Өзі қара жұмысшы міндеттерін орындаумен қатар, артельдің секретарі ретінде, яғни хатшы қызметкер болып істеді.
Жастайынан еті тірі, ұйымдастыру қабілеті мен сауаты тәуір Оразалы Жандосов көп ұзамай-ақ көзге түсе бастады. 1922 жылы Кеңестердің уездік съезінде Алматы уездік атқару комитетінің мүшесі және уездік жер бөлімінің төрағасы болып сайланып, сол мекемеге қызметке ауысты. Осы қызметте алты ай жұмыс істеп, ТКП Обком бюросының қаулысы бойынша Комсомол атқару комитетінің секретарі ретінде жұмыс істеді. Сол жұмыста 1923 жылдың қараша айынан 1924 жылдың наурыз айына дейін қызмет атқарды. Осы жылдарда Жетісу Жастардың Коммунистік Кеңесі Обкомының ұйымдастыру бөлімінің төрағасы болып жұмыс істеді.

Оразалы Жандосовтың қызы, Тараз қаласының 90 жастағы тұрғыны Райса апай.

1924 жылы ТКП Жетісу Обкомы Оразалыны Ташкент қаласының ТКП атқару комитетінің жетекшісі ретінде қызметке жіберді.
Ташкенттен жас жетекші жоғары кооперативтік практикалық курстарынан өту үшін Мәскеу қаласына оқуға барды. Одан кейін 1926 жылдың наурыз айына дейін Ферғана облысының Бүкіл қазақ ауыл шаруашылық кооперациясы уәкілінің орынбасары болып жұмыс істеді.
1920 жылдан бастап Жастардың Коммунистік Кеңесінің мүшесі, 1922 жылдан бастап «Қосшы» («Кошчи») кеңесінің мүшесі. 1926 жылдың сәуір айынан 1928 жылдың мамыр айына дейін Талды-Қорған Жер Уездік Партиясының басшысы болып жұмыс істеді.
Ал 1928 жылдың мамыр айынан 1929 жылдың маусым айына дейін Ақтөбе облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары және Ақтөбе губпланының төрағасы болды. Бұдан кейін, яғни 1929 жылдың маусым айында Ленинград политехникалық институтына оқуға жіберілді. Кейін 1930 жылдың қыркүйек айында Москва геологиялық барлау институтына ауысты. Оны 1933 жылы бітірді де, геологиялық барлау партияларын басқарды, полиметалл кеніштерін ашуға белсене атсалысты. Осы кезде ол Қаскелең қорғасын кенішін зерттей бастады. Ондағы кен рудасының құрамында қорғасынның мөлшері мол екенін анықтады.
Кейін осы зерттеу нәтижесіндегі өзі жариялаған «Қаскелеңдегі қорғасын» мақаласында Оразалының барлаушы-геолог болған кездегі жұмыстары жайында айтылады («Казахстанская правда» газетінің №180 басылымы, 6 тамыз, 1935 жыл).
Ал 1934 жылдың сәуір айына дейін Семей қаласының Қазақ республикалық геология тресінің басшысы, осы жылдың сәуірі мен қарашасы арасында Шымкент облысының Бостандық ауданында геология-барлау партиясын басқарды. Сол жылдың қыркүйегінен 1935 жылдың сәуіріне дейін Қаскелең геология-барлау партиясының басшысы болып жұмыс істеді. Ал келесі 1935 жылдың сәуір айында Текелі кен басқармасының директоры болып тағайындалды. Басқарманың техникалық жетекшісі Мерғали Қадылбеков болды. Олар міндеттерін ойдағыдай орындап шықты.
Оразалының үлкен ағасы Ораз Қиқымұлы Жандосов революцияның бас кезінен Түркістан Республикасы партиясының белгілі орындарында қызмет атқарған, кейін БКП(б) Қазақстан аудандық комитетінің Агитпром төрағасы болды (бұл деректер Кеңес одағының Коммунистік Партиясының мүшесі Оразалы Жандосовтың тіркелу карточкасынан (25.03.1969 жыл), 28.01.1926 жылы Ферғана қаласында өзі жазған автобиографиясы мен тіркеу карточкасынан алынған).
Бірақ тағдырға не шара, 1937 жылдың мамыр айында Текелі кен басқармасының директоры Оразалы Жандосов жалған айып бойынша тұтқынға алынып, 1938 жылдың 28 ақпанында атылды (тіркелу карточкасының көшірмесінен алынған). Әрине, атақты революционер, көрнекті Кеңес Партия мүшесі, мемлекет қайраткері Оразалы Жандосовқа неліктен «халық жауы» деген қара күйе жағылып, неліктен атылды деген сұрақ туады. Қай іс-әрекеті оның басына қара бұлт үйірді?
Бұның бір себебі: Москва геологиялық барлау институтының студенті болғанда, Оразалы Кеңестер министрлігінің төрағасы И. Сталин мен БКП(б) Крайкомының секретарі Левон Мирзоян аттарына жазылған «Алтының хатына» қол қойған болатын. Хатқа, сонымен қатар Қызыл Профессура институтының тыңдаушылары Ғаббас Ысқақов, Ілияс Қабұлов, Жүсіпбек Арыстанов, Бірмұхамед Айбасов және БКП(б) Крайкомының мүшесі Ғаббас Тоғжанов қолдарын қойған. Ол хатта Қазақстан партиялық ұйым басшылығының сол кезде болған ашаршылық пен қазақстандықтардың өліміне әкеп соқтырған кемшіліктер, көзбояушылық пен өтірік туралы үндемей қалуы жөнінде айтылған болатын («Казахстанская правда» газеті, 6.09.1997 жыл).
Осы хаттағы аштық пен өлім туралы айтылған жайларды фактілер арқылы дәлелдейік.
Қазақстан Кеңестер Халық Комитеті (КазСовНарКом) мәліметтері бойынша:
– 1932 жылдың көктемінде 800 мың қазақ шаруашылықтарының 450 мыңы ғана қалды. Көктем келісімен шаруалар арасындағы қоныс аудару мен өлім-жітім тоқталған жоқ, қайта, көптеген аудандарда күшейді;
– 300 мыңнан астам қазақ шаруашылықтары Орта Азия, Сібір, орталық қалалардың темір жолдар стансаларына бытырап кетті:
– Орыс қоныстанушыларының қаптап түсуі күшейіп, эпидемия басталды;
– мал басының өсімі 85%-ға кеміді;
– жылқы және түйе өсірушілік өзінің шаруашылық маңыздылығын жоғалтты;
– қазақ халқының саны жарты есе кеміді.
Бірақ ол кезде осындай ащы шындықты жазу өте қауіпті болды әрі осындай хаттарды жазу үшін азаматтық және дербес қайраткерлікке ие болу керек еді.
Сталиндік режімнің бюрократиясы салдарынан «Алтының хаты» жауапсыз қалды. Кейін оған бір ғана жауап, реакция – хаттың авторларын үкіметке қарсы шығуы үшін, үкімет басшылығын сынау үшін репрессиялау басталды. Себебі сол уақытта басқару жүйесінің құрылымы мен әдістерін, кемшіліктерін сынау, шындықты айту түкке бағаланған жоқ, керісінше, сөз қылу, өсек айту, ғайбаттау, жағынушылық мадақталды. Сол дәуірде сынау мен ғайбаттаудың құрбанына «халық жауы» атағын жапсырып қою үшін бір ғана сөз, бір ғана дабыл жеткілікті болды.
Сондықтан қазақтың көптеген адал әрі ақылды, парасатты зиялылары репрессия құрбаны болды. Олардың ішінде біздің арғы атамыз Оразалы Жандосов та бар болатын.
Біздің ойымызша, атамыз жас кезінде сталиндік режімнің құрбаны болмаса, көптеген табыстар мен жетістіктерге жететін еді. Еліміздің сыртқы саясаттағы даңқын, абыройын, беделін жоғары дәрежеге жеткізер еді. Қазақстанның түсті металлургиясын дамытуға өзінің барлық күш-жігерін, білімін, қабілетін қажымай-талмай сарқа жұмсаған абзал азамат Оразалы Жандосов бүгінгі күнге дейін қыруар пайдалы қызмет еткенінің куәсі болар едік. Бірақ оның тағдыры басқаша болды. Өмірі ерте қиылды – орда бұзар отызының ортасына енді жеткенде арманда кетті.
Оның қысқа да жарқын ғұмырының лап етіп жанып, бірақ ерте сөнуі – 1937-39 жылдары жарқын тұлғаларды жойған жүйенің кесірінен елдің және халықтың қандай таланттарынан айырылғанының дәлелі. Бірақ бақытымызға орай «Жыртық үйді жел табар, өтірік сөзді шын табар» дегендей, Оразалы Жандосов 1957 жылдың 1 тамызында КСРО-ның Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясымен ақталды.
Өз халқының жарқын адамдарының бірі Оразалы Қиқымұлы Жандосов туралы геология ғылымының докторы, профессор Ғ.Р.Бекжанов өзінің «Қ.И.Сәтбаев – қазіргі заманның көрнекті ғалымы әрі геологі» атты кітабында тамаша баяндап берді: «Оразалы Қиқымұлы Жандосовтың қысқа мерзім ішінде үлкен жетістіктерге жетуіне қарап, оның ірі жетекші, әдеттен тыс тұлға, дарынды инженер болғандығы туралы даусыз түйін жасауға болады». Сонымен бірге, «Егемен Қазақстан» газетінің 1994 жылы 6 тамызда шыққан санындағы Мыңбай Ілестің мақаласында да біздің Оразалы атамызға тамаша мінездеме берілді.
Оразалы атамыз туралы сондай-ақ: «Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының хабарлары» журналы, 3-нөмірі, 2006 жылы (57-58 бет), «Геология и охрана недр» журналы 2009 жылғы 2-нөмірінде (76-77-79 беттерінде), «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы» (3 томында, 537 бет) жазды.
Әрине, бұл мәліметтер газет мақалалары мен кейбір құжаттардан алынған және олар атамыздың тек кәсіпшілік, іскер жақтарын көрсетеді.
Бізге Оразалы атамыз туралы апамыз, Оразалы қызы Райса Жандосова әңгімелеп берген. Оның нағыз адамгершілік қасиеттері туралы жазғымыз келеді.
Апамыздың есінде асқан сұлу әке мен анасының – адал жарының бейнесі сақталған. Әке жағынан алсақ, ол өте қамқор, мейірімді болған. Жұмысынан келген соң шаршағандығына қарамай, балаларымен бірге барынша ойнағаннан кейін ғана ас-ауқатын ішіпті. Біздің арғы апамыз Хатима күйеуімен бірге өткен өмірі, отбасының татулығы, адал махаббаты және Оразалының өміріндегі қызықты, көңілді жағдайлары туралы өз балаларына әңгімелеуді жақсы көретін. Атамыз көпшілік арасында сабырлы, ұстамды, адал, қабақ шытуды білмейтін ашық жүзді, тура, әділ болуымен ерекшеленетін, жұмысына жан-тәнімен берілген кісі болған.
Оның атақты Ғаббас Ысқақов, Мерғали Қадылбеков, Жүсіпбек Арыстанов, Ғаббас Тоғжанов, Ілияс Қабұлов, Бірмұхамед Айбасов сияқты жарқын тұлғалы достары болатын.
Сөйтіп, адамгершілік, адалдық, әділдік жолында жанын қиған өз заманының жаңа адамы болған Оразалы Қиқымұлы Жандосов бойында күрес, намыс, өжеттілік, үміт сезімі көрінетін тұлға болған.
Қазіргі кезде біз елімізде болған барлық процестерді әділдікпен, шындықпен бағалай аламыз. Осындай тұлғаларды жоғалтпасақ, біз көптеген дамыған елдерден экономика, өнеркәсіп, ғылым саласы жөнінен озып шығар едік. Себебі олар өте талантты, дарынды, ақылды болған. Еліне бар жүрегімен берілетін нағыз отансүйгіштер, патриот азаматтар болған. Осындай жұлдыздардың сөнуіне қатты өкінеміз.
Кейін Жаңалық поселкесінде 1000-нан аса адамның денесі жатқан қорым табылды. Зерттеушілер «бұл репрессияға ұшырағандардың сүйектері» деген қорытындыға келді. Бұл қорымды «Туысқан қабірі» деп атады.
Біздің ойымызша, Оразалы Жандосов та сол жерде атылып, жерленді.
Біз репрессия құрбандарына арналған жалпы ескерткіш тұрғызу қажет деп ойлаймыз. Ал әзірге бір ғана ескерткіш мұра, ол – «Азалы кітап». Оның басылуына Ұлттық ғылым академиясының академиктері Манаш Қозыбаев пен М.Баймаханов және тарих ғылымының кандидаты Қ.Алдажұманов зор үлес қосты. Біз оларға еңбегі үшін көп-көп рахмет және алғыс айтқымыз келеді. Бұл кітапта біздің атамыздың да есімі аталды.
Біз репрессия құрбандарының жалындап өткен қысқа өмірінде өз еліне, халқына сіңірген қызметін ұмытпаймыз. Оларды әрқашан құрметпен еске аламыз. Сол себептен жыл сайын 31 мамыр күні көпшілік сталиндік жүйенің құрбандары жерленген Жаңалық поселкесіне жиналады. Бұл біздердің ата-бабаларымызды ұмытпай, ылғи қадірлеп, құрметтейтінімізді дәлелдейді.
Осы сөзіміз арқылы жазықсыз жазаланған, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған Оразалы Жандосовтың есімі Қазақстан тарихы қызықтыратын және оны құрметтейтін адамдарға, атамызды білмейтін көпшілік қауымға белгілі болады және ұмытылмай, мәңгі есте қалады деген үміттеміз.
Біз оның шөберелері болғанымызды мақтаныш тұтамыз және ол сияқты болғымыз келеді.

Жан-Әли және Дос-Әли Абдуллаевтар,
Оразалы Жандосовтың шөберелері.

Comments are closed.