- Advertisement -

Сабырлы сөзде салмақ көп

136

- Advertisement -

Өзін мақтаған ақымақ. Қатыны мен баласын мақтағанды да сол маңайда деп біліңіз.

***
Момын еркекке қақатұяқ қатынның тап болуы – заңдылық сияқты.

***
Жағымпаз-жылпос барлық жерден өтеді. Соларды, біле тұрып, өткізіп жіберетініміз – өкінішті-ақ.
***
Әйел ашынса, өшіксе – қылмыстың қандай түріне болса да барады.

***
Қылмысын мойындамауға келгенде әйел еркектен өтіп кетеді.

***
Редакциялардың маңында «бұзау-автор» дегендер жүреді. Олар түкке татымайтын хабар-мақаласымағын ұсынып, емініп жүріп бәрібір өткізеді.

***
Ақылды қария жасым үлкен екен деп, орынсыз кимелей бермейді.

***
Ләжі болса біреудің кемшілігін бетіне басып әуре болмаған жөн. Сен айтты екен деп, ол бәрібір түзеле қоймайды.

***
Жалғанды басып ер де өтеді, ез де өтеді. Бірақ ездің өткен жолы ескерусіз кетеді.

***
Жақсы әйелден асар байлықты іздесең таппайсың.

***
Ажал да бәтуасыз, келмей қоймайды.

***
Өлімнің жақсы-жаманы жоқ. Десе де, бақилыққа жақындарыңды да қинамай, өзің де азап көрмей кеткенге не жетсін, егер талқаның таусылғаны рас болса.

***
Аурудың мақтаулысы болмайды, бірақ ең жаманы – қос шырағыңнан айрылып, түрт те қаш соқыр болу.

***
Көршісінің тамағы тойса, қызғаншақтың іші удай ашиды, өкпесі қысылады.

***
Мансабы өскеніне қуанбайтын адам болмайды.

***
Асыл сөз асыл адамнан ғана шығады.

***
Көп жасағанның бәрі бірдей құрметті қария емес – қазыналысы да, қазымыры да болады.

***
Қартая білу де өнер.

***

Жексұрын адамның сөзі алтын болса да іске алғысыз.

***
Пендеге бұ дүниеде мақтау тым аз бұйырады, ал өзі мақтанам десе, оған шек жоқ. Өлшем – ар-ожданы.

***
Еңбекті жаман дейтін адам аз, бірақ бәрі бірдей оған құлықты емес.

***
Мінезі тіпті де оңып тұрмаған адамның өзі басқаның мінезінен мін іздейді.

***
Ұстамдылық – арымайтын атың, тозбайтын тоның.

***
Журналист екенсің – ізденімпаз бол, өмір тынысынан бейхабар қалуға құқың жоқ.

***
Момын мас күнінде де момын. Бұзық та солай. Ал боқтампаз бұрынғысынан да құтыра түседі.

***
Айтарлық дарын-таланты болмаса да шыдамдылықпен түртініктей берген жан ғалым атанады.
***
Қасиет қанмен беріледі.

***
Тектілік қайткенде де жалғасын тауып жатады.

***
Өзінің ұлылығын сезетін адам кеуде қақпайды.

***
Табиғи данышпандық біліммен шыңдалады.

***
Сенім – адамды жігерлендіреді.

***
Ырымшыл болмаған дұрыс. Ол санаңда тереңдеген сайын ырқына ала береді.

***
Білімді адам тағы да біле берсем-ау деген «қомағайлығын» қоймайды.

***
Бірер рет күйеуге тиіңкіреп-тиіңкіреп алғаннан соң да қайта қыз қалпына түсіп жүре беретін бикештер көбейіп барады бұ заманда.

***
«Жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туар, көк тыйынға алғысыз» дейді халық мәтелі. Ол – рас. Бұған мың-сан мысал келтіруге болады.

(Жалғасы бар)

Баттал ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support