- Advertisement -

Амал мерекесін атап өтті

123

- Advertisement -

Амал мерекесі биыл облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Жамбыл жерінде де ерекше сән-салтанатпен тойланды. Көрісуден басталатын, сонау сақтардан, Тұмар патшайымның тұсынан келе жатқан ұлттық дәстүр кеше тұңғыш рет Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залының алдында аталып өтті. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс-шара облыстық қазақ драма театры әртістерінің Көрісу күнінің дәстүрге енгенін бейнелейтін қойылымымен ашылды. Алыс-жақын ағайын қауышып, ерлер төс қағыстырып, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер өнегелі әңгімелерін айтып, өкпе-наз тарқап, ақжарма тілектер ақтарылатын бұл күні жиылған жұртшылық ауа райының салқындығына қарамастан, бір-біріне сәлем беріп, көрісіп, «жаңа жастарымен» құттықтасып жатты.
Мереке барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаевқа сөз берілді. Ол:
– Қытымыр қыстан аман шығып, жер әлемді жайнатқан көктемге есендікпен жеткен баршаңызды Наурыз мерекесімен, Көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Биыл жыл басы – Наурыз ерекше атап өтіліп, жаңа мазмұнға, ерекше сипатқа ие болуда. Облыс басшысы Асқар Исабекұлының қаулысымен 14-22 наурыз аралығында 9 күн бойы Наурыз мерекесін тойлағалы отырмыз. Бұл жыл халқымызға береке-бірлік әкелсін, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық болсын, – деп, ел іргесі аман, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болуына тілектестігін білдірді. Мұнан соң еңбек ардагері Нұрмахан Тілегенов Тараз тұрғындары мен қонақтарына ақ батасын берді.
Думанды күн облыстық филармония өнерпаздарының, этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасымен жалғасып, барша жұрт арнайы тігілген киіз үйдегі наурыз көжеден, бауырсақтан дәм татты.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Суретті түсірген Алтынбек Қартабай

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support