- Advertisement -

Ирандық комбайндар Шуда құрастырылады

112

- Advertisement -

Жайқалта егін егіп, оны «дала кемесінің» көмегімен орып, дән бастыруды армандамайтын диқаншы жоқ шығар, сірә. Ендігі жерде жамбылдық егіншілер бұл армандарына бір қадам жақындай түсетіндей. Өйткені таяу арада Шу ауданының Бірлік ауылында тиімді бағадағы ирандық комбайндарды құрастыру цехы жұмысын бастайтын болады.Осы орайда Кәсіпкерлер үйінде арнайы кездесу ұйымдастырылып, аталмыш ұсынысты нықтап, бекіту үшін 4 жақты меморандумға қол қойылды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке, сондай-ақ Иранның ауыл шаруашылық техникалары мен комбайндар құрастыратын «Комбайн Сази Иран» кәсіпорнының өкілдері, отандық мақсары майын өндірумен айналысатын «КазИрАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары қатысты.
2006 жылдан бастап Шу ауданы аумағында жұмысын бастаған «КазИрАгро» кәсіпорны үш жылдан бері ирандық комбайндардың тұрақты тұтынушылары болып саналады. Тәулігіне 3 тонна дайын өнім шығарып, оны экспорттаумен айналысатын серіктестіктің аудан аумағында мақсары, арпа, бидай өсіретін егістік жері де бар. Олар аталмыш компаниядан осы уақытқа дейін 7 комбайн сатып алыпты. Серіктестіктің бас директорының орынбасары Марина Итисованың айтуынша, қымбат техника алуға мүмкіндігі жоқ жергілікті диқандарға олар егін орағы кезінде көмекке келеді екен.
– Жылдан-жылға астық ору науқанында комбайндарымызға сұраныс артып келе жатқандықтан, осы жобаны қолға алуды жоспарладық, – дейді ол.

Кездесу барысында Тимур Амантайұлы комбайндардың техникалық мінездемесін анықтап, бұл жобаны қолға алар алдында қандай маркетингтік талдаулар жасалғанын сұрады. «КазИрАгро» ЖШС-ның бас директоры Алинагиян Хамедреза бұл комбайндардың құны 50 мың еуро тұратынын, өздерінің иелігінде 350 мың еуролық тракторлардың бар екендігін тілге тиек етіп, бағаның тиімділігіне назар аудартты. Ирандық комбайндар оңтүстік өңірлердегі егін шаруашылығы үшін, яғни 500-1000 гектарлық шағын шаруашылықтарға ыңғайлы екендігін алға тартты. Бұл алып техникалар сағатына шамамен 1,5 гектар алқапты еш кедергісіз игере алады екен.
Биыл кәсіпорын Ираннан 20 комбайн алып келіп, жергілікті жерде жинап, құрастыруды көздеп отыр. Өз базаларында сервистік қызмет те көрсетпек. Комбайнның кейбір бөлшектерін отандық өндіріс орындарынан сатып алу көзделген. Басқосу барысында Алинагиян Хамедреза виза алу мен серіктестікке аудан аумағынан жер беру мәселелерін ортаға салды.
«Комбайн Сази Иран» компаниясының бас директоры Хамид-фард Али-Асгар да облыс басшылығынан виза мәселесі бойынша көмек сұрады. Ол қыркүйек айында 3 адам комбайн құрастырудың толық оқу курсынан өту үшін Иранға келетінін және қазақстандық тұтынушыға комбайнды басқару жұмысының қыр-сырын түсіндіре алатын мамандарды барынша көптеп оқытуға ниетті екендіктерін жеткізді. Сонымен қатар жамбылдықтарға қонақжайлылықтары үшін алғысын білдірді.
Берері көп бастамаға сәттілік тілеген Тимур Амантайұлы инвесторларға біздің нарыққа сенім артқандары үшін рахмет айтып, аталмыш мәселелер бойынша барынша қолдау көрсетуге тырысатынын жеткізді.

Қарлығаш Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support