- Advertisement -

Үш міндетке басымдық беріледі

143

- Advertisement -

Біз қазір Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында белгілеген міндеттерді атқаруға кірісіп кеттік. «Медициналық сақтандыру қоры» соның ішінде өз жұмысына тікелей байланысты үш тапсырмаға басымдық беріп отыр. Оның біріншісі – ақпараттық жүйелер мен мобильді қосымшаларды дамыту арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету.

Былтыр қараша айында біз қордың мобильді қосымшасын іске қосқан болатынбыз. «Медициналық сақтандыру қоры: халықтық бақылау» деп аталатын бұл қосымша еліміздегі ауруханалар мен емханалардың қызметін бағалауға мүмкіндік беретінін айта кеткеніміз жөн. Қосымшаны ұялы телефонға жүктеп, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде қызмет көрсететін емханалар мен стационарлардың жұмысына баға бере аласыз. Онда дәрігер қабылдауына кіруге кеткен уақыт, көрсетілген қызмет сапасы, дәрігер берген емнің түсініктілігі сынды өлшемдер есепке алынады. Қосымшаны пайдаланушыларға кез келген медицина ұйымы жайлы пікірін еркін жазуына рұқсат. Алдағы уақытта осы пікірлер негізінде клиникалардың рейтингі жасалады. Ал бұл азаматтарға еліміздегі ең үздік деген емханалар мен клиникаларды таңдауға көмектеседі. «Халықтық бақылау» қосымшасын Android және iOS платформаларымен жұмыс істейтін телефондарға көшіріп алуға болады.
Алдағы уақытта мобильді қосымша үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады. Оған емханаға тіркелу, медициналық қызмет сапасын бағалау, медицина ұйымдарының қызметін ұйымдастыру, дәрігерге жазылу сынды функционалдарды қосу көзделіп отыр.
Қор жұмысын үйлестіруде Елбасы Жолдауынан туындаған екінші міндет – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін оңтайландыру. Жалпы, бұл құжат Үкімет тарапынан бекітіледі. Осыған қатысты біз ұсыныстарымызды әзірлеп, өкілетті органға береміз. Қысқасы, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің пакеті қайта қаралады. Негізгі міндет – мемлекет үшін тиімділігі төмен әрі шығыны көп диспансерлік жүйеден бас тартып, оның орнына қашықтықтан диагностика жасау және амбулаторлық емдеу тәсілдерін пайдалану арқылы созылмалы сырқаттарды емдеу жүйесіне көшу.
Алдағы екі жылда қор тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттеріне енетін медициналық қызметтерді іріктеумен айналыспақ. Іріктеу барысында медициналық қызметтерге деген сұраныс пен олардың тиімділігі міндетті түрде ескеріледі.
Үшінші мәселе – стационарлық көмектен профилактикаға (аурудың алдын алуға) және өзге де қызмет түрлеріне көшу. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қазіргі денсаулық сақтау жүйесі бағасы қымбат болып келетін стационарлық емге емес, аурудың алдын алуға ден қоюы керектігін қадап айтты. Бұл – өте орынды мәселе. Себебі біздің елімізде науқастардың 70 пайызы дәрігерге ауруы әбден асқынғаннан кейін қаралады. Соның салдарынан азаматтардың шығыны мен мемлекет қалтасынан шығатын қаражат бірнеше есеге артып кетеді. Ал біз болашақта стационарды алмастыратын қызмет түрлерін көбейтуге, соған басымдық беруге күш салуымыз қажет. 2018 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне бөлінетін қаражаттың 5 пайызы осы қызмет түрлеріне жұмсалатын болады. Сонымен қатар профилактикалық іс-шаралар ауқымын едәуір арттыру көзделіп отыр.
Мемлекеттік органдар Президенттің өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды экономикаға жұмылдырып, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту туралы тапсырмасына сәйкес бірқатар іс-шараларды әзірледі. Атап айтсақ, заң актілерінде «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» деген түсінікті нақтылау, өз күнін өзі көріп жүрген азаматтарды мемлекеттік табыс органдарында тіркеуді жеңілдету, олардан салық өндіру тәртібін айқындау, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтарды тіркейтін мекемелер қызметін толығымен цифрландыру, жергілікті атқару органдары мен орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін бір-бірімен ықпалдастыру көзделген. Оған қоса, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға аз мөлшерде жарна төлеп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін толық пайдалануға мүмкіндік берілетінін де айта кеткеніміз жөн.

Мавлюда БоКаева,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ-ның облыстық филиалының директоры

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support