- Advertisement -

ЖАҢА ӘКІМНІҢ ЖҰМЫСЫ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

142

- Advertisement -

Өңір басшысы Асқар Мырзахметов бір аптаның ішінде облыстағы барлық салалық басқармалардың жұмысымен танысып, жоспарларын тыңдап, нақты тапсырмалар беріп үлгерді. Бұл кездесулердің форматы бөлек, өткізілуі өзгеше болды. Жаңа әкім ұзын-сонар баяндама тыңдаған жоқ. Алдағы атқарылатын жоспарлардың жалпылама болмайтындығын ескертіп, орындалуы бойынша нақты мерзімдер белгіледі.
Көтерілген өзекті мәселелерге байланысты облыс әкімі алдағы кезеңде жүзеге асырылатын

ҮШ НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚТЫ АЙҚЫНДАДЫ.

Олар:
1. Өнеркәсіп, өндіріс, кәсіпкерлік саласы;
2. Ауыл шаруашылығы;
3. Тараз қаласы және оның сәулет келбеті.

ЭНЕРГЕТИКА

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма­сына облыстың жаңа тұрғын алқаптарын электр энергиясымен қамтамасыз ету жолдарын пысықтауда Тараз қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп алдын ала зерделеу жұмыстарын жүргізу міндеттелді. 2018 – 2022 жылдарға болжамдағы электр энергиясын өндіру мен тұтыну балансын әзірлеу, өндірілетін электр энергиясы бағасының өсуі мәселесін пысықтап, тиісті ақпаратты қысқа мерзімде ұсыну тапсырылды. Мұнан бөлек, облыста электр энергиясымен жабдықтау тарифін төмендету мен су электр стансаларын салу мүмкіндіктері қарастырылмақ. Ал жылу, энергетика саласы бойынша облыс орталығының жерасты және жер бетіндегі жылу желілерінің шығындары бақылауға алынып, жапсарлас немесе жертөледе орналасқан қазандықтарды сыртқа шығару бойынша ұсыныстар дайындалатын болады. Халыққа қажетті қатты отын бағасын қолжетімді ету мақсатында көмір бағасын тұрақтандыруды бақылауда ұстауда басқарма бірыңғай оператормен бірлескен жұмыс жүргізу мәселесіне ден қояды. Өз кезегінде газ саласы бойынша өңірлерді дамыту бағдарламасын негіз етіп, облыстағы елді мекендерді 2025 жылға дейін толығымен газдандыру жоспары әзірленеді. Бұл орайда, Байзақ ауданының 21, Шу ауданының 18, Сарысу ауданының 14 елді мекенін газдандыру бойынша сараптамаға ұсынған жобалау-сметалық құжаттарына Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын 2018 жылғы ақпан айының соңына дейін алу жүктелді. Сараптаманың оң шешімін алған елді мекендерге газ құбырларын тартуды қаржыландыру аудан әкімдеріне міндеттеліп отыр.
Өңір басшысы басқарма жұмысының негізгі бөлігі саналатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша да бірқатар жұмыстарды реттеуді тапсырды. Мұнда басымдық Тараз қаласының сәулеттік кескін-келбетін жақсартуға беріледі. Басқарма Тараз қаласы әкімдігімен бірлесіп, қаланың орталық көшелерінің бойындағы үйлердің сыртқы келбетін әрлеу жұмыстарын үйлестіруге атсалысуы керек. Оған қоса, облыс аумағындағы ірі мекемелер мен ұйымдар да шаһардың шырайын келтіру ісіне тартылмақ.
Сонымен бірге, ағымдағы мәселелерді реттеу де басқарманың күнделікті жұмысына айналуы тиіс. Әсіресе, салада жүргізілетін жұмыстарды мемлекеттік тапсырыс негізінде орындаған мердігерлердің әрекеті жайында жан-жақты ақпарат жинақталып, олардың жауапкершілігін мейлінше арттыра түсуге көңіл бөлінеді.

ҚҰРЫЛЫС

Өңір басшысы құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тұрғын үй құрылысы саласы бойынша алдағы уақытта аудандарда салынуы жоспарланған нысандардың құрылысының жобасын, оны әлеуметтік және өндірістік қажеттіліктерге сай әзірлеуді тапсырды. Азаматтарды қолжетімді баспанамен қамту «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның облыстағы филиалымен бірлесе жүргізіледі. Басқарма қысқа мерзім ішінде банкпен келісімге келу арқылы пәтерлерді азаматтарға сату кезіндегі алдын ала төленетін қаражат көлемін 30 пайыздан төмендету жолдарын қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуі керек. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы салынатын көп қабатты тұрғын үйлердегі пәтер бағасын төмендету үшін оның бірінші қабатында коммерциялық алаңдарды тұрғызып, оны ақылы негізде коммерциялық ұйымдарға беру жоспарланып отыр. Бұл ұсынысты жобалаушы мекемелер және заңгерлермен бірге пысықтайтын болады.
Көптеген жобалық-сметалық құжаттардың дер кезінде, тиісті деңгейде дайындалмай келе жатқандығы сынға алынып, оларды мерзімімен орындау мәселесі міндеттелді. Яғни бюджетті қайта қарау барысында бірінші кезекте құрылысты қажет ететін жобаларға назар аударылатын болады.
Сондай-ақ жеке тұрғын үй салу үшін жер телімі кезегінде тұрғандардың санын қысқарту мәселесі де өзінің өзектілігімен күн тәртібінен түскен емес. Бұл орайда, тиісті бөлімдермен бірігіп, инженерлік жүйелер мен құрылымдарды жобалау-сметалық құжаттамаларын мүдделі мемлекеттік органдармен келістіріп, мемлекеттік сараптама қорытындылары әзірленеді. Инженерлік желілерді тарту саласында жұмыстар мемлекеттік-жеке әріптестік арқылы инвесторлардың көмегімен де жүйелене түспек. Құрылысы жүргізіліп жатқан білім және денсаулық нысандарының сметалық құны қайта қаралып, оларды елді мекендердегі халықтың тығыздығына қарай тиімді жобалау қолға алынады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта елді мекендердегі полиция пункттері мәселесін ауқымды шешу үшін оларды мектеп базасына енгізу туралы мүмкіншілікті пысықтауды тапсырды. Сәйкесінше, елді мекендерде сұранысқа ие спорт нысандарын салу дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп атқарылуы керек.
Облыс тұрғындарын таза ауызсумен қамтуда басқарма мүдделі мемлекеттік мекемелермен және аудан әкімдерімен байланыс орнатып, елді мекендердегі ауызсу жүйелерінің жай-күйімен танысып, ондағы тариф саясатын жүргізу, пайдалану ережесін бекіту және орындалуын қадағалауды басты назарда ұстайды. Жаңа Жолдауға байланысты жылдағы бөлінетін 100 миллиард теңге есебінен облыс өз үлесін тиісті дәрежеде алып отыруы үшін қажетті жұмыстардың ұйымдастырылу керектігі айтылды. Сонымен бірге, автокөлік жолдары мен жолаушылар тасымалдау саласында жүргізілуге тиісті жұмыс көлемі де ауқымды болмақ. Басқарма облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды орта және күрделі жөндеу жұмыстарының үлесін көбейту мәселесін де жан-жақты әзірлеу керек. Сондай-ақ Тараз қаласындағы жолаушыларды тасымалдауда қоғамдық көліктерді жаңалау да жылдық жоспарға енгізілді.
Өңір басшысы өз жұмысында құрылыс жұмыстарының талапқа сай жүргізілуіне басымдық беретін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алуға қатысып жүрген мердігер құрылыс мекемелерінің қосалқы мердігерлермен келісімшарттарға отырғандығына талдау жүргізу, құрылыс сапасын тұрақты бақылауда ұстауға, техникалық қадағалаушылардың жұмысын жетілдіру бойынша пәрменді шаралар қабылдау міндеттерін мінсіз атқаруға күш салмақ. Облыс аумағы мен орталығында заңсыз бейберекет құрылыстарды жүргізу әрекеттеріне де алдын ала шектеу қойылып, мемлекеттік сәулет-құрылыс саласындағы бақылауды күшейте түсуге қатаң талап қойылды.
Тараз қаласы және оның сәулет келбетін жетілдіруге міндетті сәулет және қала құрылысы басқармасы өңір басшысы тарапынан бірқатар нақты тапсырмалар алды. Ендігі кезекте басқарма Тараз қаласының егжей-тегжейлі жоспарын бекітуді уақытша тоқтата тұрып, қаланың сәулеттік келбетін жетілдіре түсуге қатысты ұсыныстарды әзірлеуге кіріседі. Осы мақсатқа қаладағы кәсіби сәулетші, суретшілер мен дизайнерлер жұмылдырылады. Ғимараттардың сыртқы қасбеттерін ретке келтіру мен көшелерді әрлеуде Астана, Алматы, Шымкент қалаларының тәжірибесі басшылыққа алынбақ. Мұнан бөлек, Тараз қаласындағы тұрғын үйлердің, ғимараттардың шатырын, қабырғаларын біріздендіру бағытында пәрменді шаралар қабылданатын болады. Облыс орталығында қала көшелерінің атауы көрсетілген тақтайшалар да орнату жоспарға енгізілмек.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Облысты дамытудағы басым үш бағыттың бірі – ауыл шаруашылығы басқармасының жұмысы аграрлық саладағы сан түрлі мәселелердің шешімін табуға бағытталған дамыту картасын әзірлеуден басталуы керек. Мәселен, өсімдік шаруашылығы бойынша қант қызылшасын егу көлемі зерделеніп, оны арттыру қолға алынбақ. Сондай-ақ суармалы жерлердің әр гектарының тиімділігі мен жердің кірістілігі анықталмақ. Жер қатынастары және жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасымен қолданыстан шығып қалған 200 мың гектарға жуық егістік жерлерді қайта айналымға қосу шаралары жоспарланып отыр. Тұқым мәселесі бойынша тұқым шаруашылықтарына көмек көрсету жолдарын қайта қарастыруды жүктеді. Мұнда республикадағы тұқым шаруашылығы саласының жетістіктерін шаруа қожалықтарына жеткізу, түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Сондай-ақ шаруашылықтар өнімділігі жоғары, аудандастырылған бидай және арпа тұқымдарының сорттарын пайдалануға көшуі тиіс. Ал ауыл шаруашылығындағы дәнді дақылдарды әртараптандыру, сұранысқа ие өнімді өндіру және оны өңдеу мәселелеріне ерекше назар аудару керектігі айтылды. Агрохимия бойынша тыңайтқыштар енгізілетін алқаптарды ұлғайту көзделуде. Ол үшін облыс көлемінде өндірілген дәнді дақылдарға талдау жүргізіледі. Сонымен бірге, облыстағы бидай егілетін алқаптарға егістіктің басқа түрін егу бастамасы мен өзге облыстардан бидайды тасымалдау шығындарына қатысты нақты ұсыныстар даярланады. Суармалы жерлер бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы облыс аумағындағы бұрынғы суармалы жерлерге толық талдау жүргізіп, оны қалпына келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеп, ауыл шаруашылығы басқармасына береді. Мұнан бөлек, иесіз жатқан каналдар анықталып, оларды коммуналдық меншікке қайтару жөнінде пәрменді шаралар да қолға алынады. Аудандарда шағын тоғандар салу да жоспарға енгізілді. Суармалы жерлердің алқабын көбейтуде тек республикаға ғана сүйенбей, облыс деңгейінде де нақты жұмыс атқару керек. Соның бірі ретінде арнайы мехотряд құру арқылы шешу мәселесі айтылды. Қой шаруашылығында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен жүнді қайта өңдейтін зауыт салу жолдарын қарастыру керектігі тапсырылды.
Мұнан өзге кәсіпорындардың субсидиялар алу, қаржылық ұйымдар мен аудан әкімдері бірлесіп көктемгі егіс жұмыстарына республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны толығымен игеру жұмыстарының да өз деңгейінде ұйымдастырылуына мән беріледі. Облыстағы ауыл шаруашылық құрылымдарының құрама жемге қажеттілігіне талдау жасалып, зауыттардың олардың қажеттілігін өтеу қабілеті сараланады. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін бекітілген жоспарға сәйкес құру қамтамасыз етіледі. Өңірдегі жылыжайлар алқабын дамыту, кеңейту, көбейту мәселелері қолға алынбақ.

КӘСІПКЕРЛІК
ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП

Өңір басшысы айрықша мән берген басымдыққа сай кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы аймақта химия саласын дамыту барысында енгізуге болатын жобалар мен жаңғыртылуға жататын кәсіпорындарға талдау жасай отырып, кәсіпкерлермен бірлесе олардың тізбесін әзірлейді. Өз кезегінде облыстың экспорттық әлеуетін анықтау шараларына да баса назар аударылады.
Сонымен қатар, алдымен облыстағы әрбір кәсіпорындардың паспортын түзу, әр жобаға ерекше көзқараспен қарап, арнайы ортақ картасын жасау жүктелді. Оның ішінде аудандар шеңберіндегі кәсіпорындар базасына (ірі, орта, шағын кәсіпорындар паспорттарының болуы, салынатын мерзімі, жүктемесі т.б.) талдау жүргізу. Картаға модернизациялауға жататын кәсіпорындардың тізбесін, әр жылға бөле отырып құнын енгізу. Нақты индикаторлар бойынша көрсеткіштерді арттыру, жоспарланған межелерге қол жеткізу үшін пәрменді шаралар қабылдап, бюджеттен қаржы қарастыру үшін 1 апта мерзімде толық талдау материалын әзірлеу тапсырылды. Әзірленетін паспорттарда облыстың тұтынатын заттарына, экспорттық әлеуетіне талдау жасап, ұсыныс енгізу міндеттелді.
Өңір басшысының тапсырмасына сай кәсіпкерлердің арнайы экономикалық аймақта нысандар ашу мүмкіндігі пысықталып, қосымша индустриалды аймақтар ашу қажеттілігіне талдау жүргізіледі. Еңбек өнімділігінің республикалық көрсеткіштен төмен болып отырғанына байланысты осы бағыттағы жұмысты мақсатты ұйымдастыруға да көңіл бөлінеді. Шикізат өндірушілердің облыста тіркелуі мәселесіне баса назар аударылып, қазіргі таңда жоғалтып отырған салық көлемі анықталады.
Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесіп, облыста өндірілген құрылыс заттарының көлемі мен оларды шығару мүмкіндіктері және құрылыс материалдарын сырттан тасымалдау мәселесі зерделенеді. Ірі өндіріс орнына облыстық бюджеттен қаржыландыру жұмыстарына экономикалық талдау жүргізіледі. Аймақтағы ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ЖЕРДІ ПАЙДАЛАНУ

Жер қатынастары басқармасы жердің пайдалануына арнайы мониторинг жүргізетін болды. Сондай-ақ шаруа қожалықтарының жерді пайдалануы ескеріліп, шаруалардың ауыл шаруашылық саласы бойынша жерге деген сұраныстарын қанағаттандыруға көңіл бөледі. Облыс аумағында ірі инвестициялық жобаларға қажетті жерлерді анықтайды. Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы бағыттарына әзірленген карта жобасына Шу ауданы жерінің жай-күйін космостық бақылау арқылы жұмыс істеу тәжірибесін өзге аудандарға тарату маңыздылығы да айтылды. Жайылымды пайдалану мәселесінде елді мекендерге жақын орналасқан жайылым жерлердің иелерін анықтау және жеке тұрғын құрылысына арналған жер учаскелерімен қамтамасыз етілуі туралы толыққанды ақпарат әзірлеуді тапсырды.
Өңір басшысының тапсырмасына сай жер қатынастары басқармасы мен жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы аудандардағы егістік, суармалы, жайылым жерлерді ұтымды пайдалану, игерілмей жатқан және жарамсыз жерлердің көлемдерін анықтап, оларды қайтару, қайта айналымға қосу бағытында нақты шаралар қабылдау жөнінде ұсыныстарды ауыл шаруашылығы басқармасына жолдауы керек. Облыс әкімдігінің жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы елді мекендердегі пайдаланылмай отырған жер учаскелері бойынша туындаған әкімшілік құқық бұзушылық мәселесіне орай мүдделі мемлекеттік органдарға хат жолдап, жер заңнамасын бұзу фактілеріне қатысты деректер ортақ базаға жинақталады. Пайдаланылмаған жерлерді қайтаруға қатысты ұсыныстарды да дер кезінде әзірлеу қажет.
Облыс әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс және құқықтық қамтамасыз ету бөлімі мен облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы ауылдық округ әкімдерінің мамандарына жерді пайдалану мен қорғалуын бақылау міндетін жүктеу мәселесіне жіті назар аударулары керек. Ауыл шаруашылық мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді сот арқылы мәжбүрлеп қайтару шараларын жүргізу бойынша ұсыныстар даярланады.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жер қойнауын пайдаланушылардың базасын қалыптастыра отырып, олардың тарапынан жіберілген заң бұзушылықты анықтау жұмыстарының жүйелілігін жіті назарда ұстау тапсырылды. Сонымен бірге, басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасының әлеуеті ескеріліп, «Жасыл белдеу» бағдарламасына Тараз қаласы мен аудандардағы ірі елді мекендерде жалғастыру жолға қойылады.
Коммуналдық меншіктегі каналдар республикалық меншікке өткізіледі. Аймақтағы су тасқыны қаупіне де баса назар аударылады.
Ауаның ластануынан сақтау мақсатында экология департаментімен бірлесіп зауыттардағы мұржаларға арнайы сүзгі орнату міндетін іске асырып, қала маңындағы «Қазфосфат» ЖШС «Минералдық тынайтқыштар» зауытындағы үйілген қалдықтардың әсері зерделенбек.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Облыс әкімі әлеуметтік салаға жауапты басқармаларға да халықтың тұрмысын жақсарту, олардың өмір сүру деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізуді міндеттеді. Атап айтқанда, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ішкі миграция бойынша тиісті түсіндіру жұмыстарын жолға қояды. Одан бөлек, тұрғындарды өзге өңірлерге қоныстандыруда Оңтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басшылыққа алады. Жастар тәжірибесі бойынша уақытша жұмысқа қабылданған жастарды тұрақты жұмыс орындарына қалдыру көзделуде. Ал жас маман өз мамандығына қабілетсіз екендігін аңғартса, туындаған жайтқа байланысты ескертпе ол білім алған жоғары және арнаулы оқу орнына жолданатын болады. Аудан әкімдерімен бірге ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандардың тізімі түзілуі керек. Мүмкіндігі шектеулі және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар туралы толыққанды ақпаратты жинақтайды. Өз кезегінде бұл шаралардың барлығы өңірдегі жұмыссыздықпен күрес шараларын жандандыруға өз септігін тигізбек.
Денсаулық сақтау басқармасы саладағы ең өзекті саналатын ана мен бала өлімінің алдын алу, оның себептеріне талдау жасауға көңіл бөледі. Саладағы маман тапшылығын жою мәселесіне де ерекше мән беріледі. Облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы фельдшерлік-акушерлік пункттері құрылысын жүргізуде қаржы көлемін ықшамдап, соның есебінен салынатын нысандардың санын арттыру бойынша ұсыныстар енгізеді.
Ал, білім басқармасы мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етуді 100 пайызға тездетіп жеткізудің мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырады. Апатты және үш ауысымды мектептерге талдау жүргізіліп, оларды шешу мәселесін баяндауда ресмилікке жол бермеуді басшылыққа алады. Мұнан бөлек, оқушылардың саны аз мектептер мәселесін реттеуде оларды жақын маңайдағы мектептерге тасымалдау немесе интернаттарға орналастыру арқылы шешуге қатысты да нақты ұсыныстарды даярлайды. Үш ауысымды мектептердің жайын олардың жанынан қосымша ғимарат соғу арқылы реттеу және күрделі жөндеуді білім ошағының ең қажетті тұстарына ғана жүргізу тәжірибесін енгізеді. Ал білім сапасының төмендеуіне жол берген мектеп директорлары мен білім бөлімдерінің басшыларын жұмыстан босату түріндегі жазалар қолдану жолға қойылады. Колледждерде нарық сұранысына сай маман даярлау, оларды жұмыспен қамту мәселелері де өзектілігін жоймайды. Білім беру саласын жетілдіруді мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттырудан бастау жоспарлануда. Сондай-ақ мектеп директорларын сайлау арқылы тағайындау тәжірибесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Ішкі саясат басқармасы 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың нақты жоспарын әзірлейді. Бұл орайда жобалық офисті бөлек мекеме ретінде құру жолдары қарастырылуда. Облыс тұрғындарын толғандырып отырған әлеуметтік мәселелерге қатысты ең өзекті мәселелердің тізбесі негізінде аймақтардағы «Ыстық нүктелер» картасы әзірленеді. Сәйкесінше, аталған мәселелерді шешу жолдары бойынша да толық ұсыныстар жасалады. Ұлтаралық қарым-қатынастарды реттеу, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға бағытталған жұмыстар жандандырылады. Сол арқылы облыстың оң имиджін қалыптастыруға күш салынбақ.
Өңір басшысының тапсырмасына сай жастар саясаты мәселелері басқармасы аймақтағы жастардың мәселесіне жан-жақты зерделеу жүргізіп, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесе отырып оларды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікпен айналысатын жастарға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру міндетін мойнына алды. Соған сай, басқарма алдағы уақытта өз жұмысында дүниежүзі жастарының форумын өткізу жайына баса назар аударып, жастарды өзге өңірлерге жұмысқа тарту ісіне басымдық береді.
Ал мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына облыс аумағындағы клубтар мен кітапханаларды қаржыландыру ісін зерделеуге ден қойып, тұрғындардың мәдени ошақтарға қажеттілігін ескере отырып, ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелді. Сәйкесінше, аймақтың арғы-бергі тарихын зерттеу бойынша да сала мамандарымен жұмыс жүйелене түспек.
Еңбек инспекциясы басқармасы облыс әкіміне ай сайын еңбекақы қарыздары туралы мәліметтерді ұсынып отырады. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, аймақтағы жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны және кәсіпорындардағы жағдайларды негізге алып «Ыстық нүктелер» картасын түзуге міндеттелді.

Бұл айтылған мәселелердің барлығы да облыс әкімінің бір апта ішінде берген тапсырмаларының қысқаша бір бөлігі ғана.
Ал келесі аптада өңір басшысы Тараз қаласынан бастап, барлық аудан­дарды аралап шығуды жоспар­лап отыр. Бұған дейін аудан әкімдеріне, аудан экономикасын зерделеп, нақты проблемаларды шешетін жоспар түзу бойынша тапсырма берілген. Ендігі жерде аудан­дарда осы мәселелер қаралғалы отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support