- Advertisement -

Барлық шаруа штаб бақылауында

83

- Advertisement -

 Қазекеңнің сәлемдесуді ең әуелі «Мал-жан аман ба?» деп, малдың амандығын білуден бастайтыны жайдан-жай емес. Бұл мал аман болса, жан да аман болар дегенді аңғартса керек-ті. Әсіресе қылышын сүйретіп «кәрі құда» қыс келгенде бұл басты назарда ұсталынады.

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасынан алған мәліметтерге қарағанда, 2017-2018 жылғы қыс айларында облыс бойынша 779,2 мың шартты мал басы қыстатылуға түскен. Былтырғы көктемгі-жазғы мезгілде шабындықтарға табиғи шөптің бітік шығуына байланысты қыстық мал азығы молынан дайындалған. Мәселен, ауыл шаруашылығы құрылымдары 1 миллион 402,6 тонна пішен дайындауы қажет болса, бұл жоспар артығымен орындалған. Бұдан басқа, 150,3 мың тонна сабан жиналып, қажеттілік 136,8 пайызға қамтамасыз етілген. Мал қыстату науқанына дайындалған ірі сабақты және сөлді азықтың құрамында пішендеменің үлесі арғы жылы 1,2 пайыз болса, былтыр 6,0 пайызға жеткен. Сондай-ақ, сүрлемнің үлесі де былтырғы 0,6 пайыздың орнына 4,3 пайызды құраған. Алдағы жылмен салыстырғанда өсім бар. Әлбетте, малды шығынсыз шығару үшін бірінші мал азығының берік қоры жасалуы тиіс.
Былтыр қысқа түсетін әрбір шартты малға 15,6 центнер азық дайындалса, бұл көрсеткіш 2016 жылы 11,5 центнерді құраған екен. Ірі тауарлы-сүт фермаларының негізгі бөлігі шоғырландырылған Байзақ, Жамбыл, Меркі, Қордай және Шу аудандарында пішендеме мен сүрлем жылдағыдан біршама мол әзірленгенін атап өткен жөн.
Жалпы, облыс аудандарында 5862 мал қыстату учаскелері бар. Олардың 1020-сы құм өңірінде, шалғайдағы жайылымдарда орналасқан. Аудандардан алынған соңғы мәліметтерге қарағанда, қыстаулардағы малшыларға арналған 5564 тұрғын үй, 2184 қашар және 936 баз толық жөндеуден өткен.
Былтыр дайындалған шөптің негізгі бөлігі қыстау басына жиналған. Малшы үйлері, қора-жайлар, қыстау басындағы басқа да нысандар жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұсынысымен аудандық әкімдіктер жанынан мал қыстату науқанын өткізу бойынша жедел штабтар құрылып, жұмыс жасауда екен. Аудандық штабтар қажет болған жағдайда аудандағы ірі кәсіпорындардың күшін пайдаланады. Атап айтқанда, жол талғамайтын үлкен техникаларын жұмылдырады. Басқа да құрылымдарды шұғыл ұйымдастырады. Аудан әкімдерінің орынбасарлары басшылық ететін штабтар науқан барысында туындауы мүмкін қандай да бір мәселені шұғыл түрде шешуге сақадай сай әзір.

Амангелді әбіл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support