- Advertisement -

Біздің Батори

120

- Advertisement -

«100 жаңа есім» жобасына жамбыл жерінен үш спортшы енгені белгілі. олардың қатарында жамбыл футбол мектебінің түлегі бауыржан исламхан да бар. Оны көпшілік «Батори» атап кеткен. Жамбыл футбол мектебінің түлегі Бауыржан Исламхан футболдағы кәсіби мансабын «Тараз» футбол клубында бастады. Жас та болса жасыл алаңда жасындай жарқырай білген Бауыржанның шеберлігіне еліміздің белді командалары мен көршілес мемлекеттердің ұжымдары қызыға бастады. Балаң шағында таэквондомен шұғылданған ол кейіннен жарақатына байланысты футболға ден қойды. Жасыл алаңда талмай тер төкті.

2011 жылы «Тараз» сапында алғаш жасыл алаңға беттеген жас пері бірнеше айдан соң футболшыларды алаңға капитан ретінде бастап шықты. Осында жүріп Ресейдегі ТМД елдері командаларының дәстүрлі турниріне қатысты. Негізгі амплуасы жартылай қорғаушы болғанына қарамастан, шабуылға да жиі араласатын Исламхан әріптестерінің ашылған сәтін дер кезінде көріп, тамаша голдық пастар шығара да біледі. Бейнелеп айтсақ, оның алаңдағы рөлі – еркін суретші.

«Таразда» жасындай жарқыраған талантқа Ресейдің «Кубань», «Рубин» командасы мен Украинаның «Металлург» футбол клубындағы мамандардың көзі түсті. Қазақстан премьер-лигасында нәтижелі ойын көрсетіп жүрген Бауыржан 2013 жылы Краснодардың «Кубань» футбол клубымен 3 жылдық келісімшарт жасасты. Алайда «Кубань» футбол клубы жас таланттың жолын ашады ма деген үмітіміз су сепкендей басылды. Түрлі себептер Бауыржанның Ресей чемпионатында өзін жақсы қырынан көрсетуіне мүмкіндік бермеді. Кейіннен «Астана» футбол клубына жалға берілді.
Иә, 2014 жылы Бауыржан Исламхан өз командасын тапты. Ол Алматының «Қайратына» ауысқан бетте-ақ аталмыш ұжымның көшбасшысына айналды. Аты аңызға айналған команданың капитаны ретінде әріптестерін жігерлендірген Исламхан 2014 жылы ел біріншілігінде қола жүлдегер атанса, одан кейін бірнеше рет командасымен күміс жүлдені, үш рет ел кубогін, екі рет Қазақстан суперкубогін ұтып алды. Қазақстанның жастар құрамасынан бастап, ересектер құрамасында да көшбасшыға айналған жамбылдық жампоз «Қайрат» сапында да керемет шеберлігімен көзге түсіп, 2014 жылы жыл футболшысы атанды. Ол бұл жетістігін 2016 жылы да қайталап, жанкүйерлерін қуантты. Сол маусымда Бауыржан 17 голдың авторы атанып, бомбардирлердің де қатарынан көріне білді. «Қайраттың» құрамында өз орнын нықтаған тараздық талант команда тарихындағы үздік шабуылшылар тізімінде келеді.
24 жасар жас таланттың асқақ арманы – Қазақстан құрамасымен бірге әлем чемпионатына қатысу. Бұл арман орындала ма, жоқ па – оған уақыт төреші әрине. «Маған «Барселона» футбол клубының ойыншысы Андрес Иньестаның ойын мәнері қатты ұнайды. Жасыл алаңда жүргенде сол футболшы секілді қимылдағым келеді. Иньеста – дер кезінде пас шығаратын хас талант. Алаңды тамаша көретін қасиеті де бар», – деген Бауыржан өзін достары неге Батори атап кеткенінің себебін құпия ұстағысы келетінін де айтып қалды. Бауыржанның 2016 жылғы Еуропа лигасында Шотландияның «Абердин» футбол клубының қақпасына соққан голы ұлыбританиялық теле арналардың бірінде үздік гол деп танылған болатын.
– Төбеден қарап отырғанда, бәрі оңай. Теледидардан немесе төбеден қарап отырсам, маған да оп-оңай. Ал алаңда бәрі де мүлде басқаша. Сондықтан көп сөйлегім келмейді. Өйткені «Қайраттың» чемпиондығы – менің жеке марапаттарымнан мың есе артық! – дейді Бауыржан өз ойымен бөлісіп.
Қазақ футболының дамуына жас болғанына қарамай, тамшыдай болса да үлес қосып жүрген Бауыржан Исламхан еліміздің «Жүз жаңа есімі» жобасына қосылғанын үлкен жауапкершілік санайды. Ол «Қайрат» командасының құрамында ойнап жүріп, «Тараз» футбол клубының қақпасына бірнеше мәрте гол соқты. Алайда асып-тасып қуанған жоқ. Құттықтауға ұмтылған әріптестерін тоқтатып, сабырға шақырады. Бұл – футболда бар дәстүр. Талабын ұштаған командасын қатты құрметтейтін Бауыржанды жамбылдық жанкүйерлер жасыл алаңнан көргенде «Біздің Батори!» деп айқайға басады. Онысы футболшыны сағынғандықтан болар. Жауапкершілік жүгін қыңбай көтеріп жүрген Бауыржанның бағындырар биігі әлі алда деп білеміз. Себебі «Біздің Батори» ешқашан жалқаулыққа бой алдырмайды.

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support