- Advertisement -

Атауда да бір сыр бар ғибратты…

355

- Advertisement -

«Туған жердің әр сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар».

(Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан)

Қазақ халқы ежелден бері өздері туып-өскен жеріне әдемі, орайлы ат тауып қоя білген. Атамекеніндегі әрбір орынға – өзен, көл, су, тас, қыр,ой, сай, т.б. барлығына қойылған аттар дәлдігімен, шеберлігімен, бейнелілігімен есте сақталады.
Көп жағдайларда халық арасында белгілі жер-су аттары біршама аңыздармен, ертегілік сипатты әңгімелермен астасып жатады. Кейде түсініксіздеу ұғымдардың да кездесетіні бар. Оған таңдануға болмайды. Себебі, қазақ жүздеген жылдар бойы алуан тарихи кезеңнің шырғалаңын бастан кешірді. Түрлі нәсілді жұрттармен, ұлттармен араласып-құраласты. Езгі мен отарлаудың да ащы дәмін атты. Міне, осындай жайттардың барлығы жер-су атауларына өзінің өшпес ізін қалдырды.
Міне, біз бүгінгі әңгімемізде осы Сарысу ауданының аумағында жатқан Қаратау алабындағы белгілі жер, су атауларына байланысты әңгіме қозғамақпыз.
Қарт Қаратау таулары өз қойнауында талай сыр, талай тарихты бүгіп жатыр. Сонау қазақ тарихында қасіретке толы, қанға толы 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» қайғылы оқиғалары осы өңірде терең із қалдырған. Аса ауыр, мұңлы, зарлы әуенмен айтылатын «Елім-ай» ән-өлеңіндегі:
«Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді», –
деген жолдардан халқымыздың қайғыдан қан жұтқан халін ерекше көреміз. Сол заманның қаны сорғалаған шындығын Қаратау жоталарында, алабы мен ойпаңында жиі жолығатын тас қорымдардан, обалардан көруге болады. Сол жоңғарларға қарсы күреске біріккен қазақ жауынгерлерінің қалың тобы осы өңірден аттанады. Соңғы шыққан «Қазақстан тарихының» 3-томының 145-бетінде:
«1730 жылы жазға салым қазақ жасақтары өз аттарын Мойынқұм құмдарында, Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінің аңғарларында тыңайтып алып, Хантау, Аңырақай таулары өңіріне шықты», – деп жазылған.
Міне, осындағы Бүркітті, Шабақты өзендері, Мойынқұмның үлкен бөлігі Сарысу ауданының аумағында. Ал біздің тілге тиек етпек әңгімеміз де осы төңіректен өрбиді. Бұған жоғарыдағы аты аталған Шабақты мен Бүркітті, сондай-ақ Үшбас алабы палеолит, неолит дәуірінде өмір сүрген адамдардың тұрақты мекен-жайы болғандығы да тарихтан мәлім.
Ел мен жер атауларының ұрпақтарды тәрбиелеудегі рөлі туралы айтқанда, ауызға ең бірінші ілінетін атаулардың бірі – Талас өзенінің солтүстігінде орналасқан Досбол елді мекені. Ал енді осы Досбол деген кім? Соған жауап іздейік.
Ол – Ұлы жүздің ошақты руының Тасжүрек аталығынан шыққан азамат. Досбол Көркембайұлы ХІХ ғасырдың орта тұсында туып, ұзақ жасап, 1938-39 жылдар шамасында дүниеден өткен. Жергілікті тұрғындар арасында ең алғаш рет диқандық кәсіпті шебер меңгерген. Бидай, тары, арпа, шай егіп, халыққа қамқор бола білген. Оның Талас өзеніне салған көпірі қазіргі жаңа көпір салынғанға дейін ел игілігіне жарап тұрды. 1932-33 жылдардағы алапат ашаршылық кезінде Досбол қарапайым халыққа, аштықтан шұбырып, титықтап келе жатқан адамдарға көп көмектескен. Оның сол кезде өзі жасап, пайдаланған келісі мен диірмені сол ауылдағы немересінің қолында сақтаулы тұр.
Енді аты елге кеңінен мәлім, Қаратау алабындағы фосфор кенінің қазыналы орталығына айналған Жаңатас қаласы туралы сөз қозғайық.
Жаңатас – Сарысу ауданының орталығы. Қала бұрынғы аудан орталығы Саудакенттен – 25, облыс орталығы Тараздан 186 шақырым қашықтықта. Қаланың іргетасы Бүркітті өзенінің бойында орналасқан Көксу, кейіннен Бүркітті атанған елді мекеннің негізінде қаланған.
1964 жылы Бүркітті поселкелік кеңесінің алғашқы сайлауы өткізілген. Оған дейін Көксу қыстағы осы күнгі Жайылма, бұрынғы Ленин ауылдық кеңесіне қарайтын. Сол сайлау алдында Бүркітті кенті Сарысу ауданынан алынып, Қаратау қалалық атқару комитетіне бағындырылды. 1969 жылы Бүркітті жұмысшы поселкесі «Жаңатас» атын иеленіп, аудандық бағыныстағы қала мәртебесін алды. 1971 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Президумының Жарлығымен Жаңатас облыстық дәрежедегі қалалар санатына ауыстырылды. Қаланың «Жаңатас» атын иеленуі «Жаңатас» кенішінің ашылуымен байланысты болған. 1939 жылы қазан айында көрнекті геологтар, кейіннен КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары болған П.Л. Безруков пен Б.М. Гиммельфарб Көсегенің Көкжоны аймағынан фосфорға аса бай кенішті ашады. Сонда жаңа кенішке ат берген кезде П.Л.Безруков «Новый камень» деген ат қоюды ұсынады. Ал оның әріптесі Б.М. Гиммельфарб: «Біз қазақ халқының өте бейбіт, меймандос, қонақжай халық екенін сан мәрте көрдік. Менің пікірімде, «Новый камень» деген сөздің қазақша атауын алғанымыз өте дұрыс болар еді», – деген ой тастайды. Сонда П.Безруков өзімен бірге сонау Соль-Илецк қаласынан бірге жүріп келе жатқан әрі атшысы, әрі көмекшісі Тәшім Байғожиновтан әлгі сөздің қазақшасын сұрайды. Ол: «Жаңа тас», – деп жауап береді. Сөйтіп картаға жаңа кен орны орыс транскрипциясымен «Джанытас» болып түседі. Кейіннен қала атауы осындай бұрмаланған күйде, тек бір ғана әрпі өзгеріп, «Джанатас» күйінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне бекуге барады. Қаратау қаласының орыс тілді партия басшысы П. Качесов әріптестерінің ескертпелеріне мән бермейді. Ал сол кездегі Қаратау қалалық атқару комитетінің төрағасы Сағи Жабасов шырылдап жүріп, ҚКСР ЖК Президиумының хатшысы Бибіжамал Рамазановаға жол тауып кіріп, осы қателіктің түзетілуіне барынша күш салады. Сөйтіп «Жаңатас» атауының ұлттық тілімізде жатық аталуы үшін де сол кезде недәуір күрес жүргендігінен оқырмандарымыздың хабардар болғаны жөн.
Осы Жаңатас қаласының солтүстігінде 25 шақырымдай жерде Сарысу ауданының бұрынғы орталығы Саудакент ауылы бар. Ол Шабақты өзенінің жағасына орналасқан, халық аузында «Күлтөбе» аталып кеткен жер – көне қала Саудакенттің орны. Ол орта ғасырларда Жібек жолы бойындағы сауда және қолөнер орталығына айналған ірі қалалардың бірі болған. Кеңестік дәуірдегі аты – Байқадам. Ежелгі, көне деректерде, яғни Х ғасырда Сугулхан атымен, ХІІІ ғасырда Сулхан деген атпен мәлім болған. Енді бір деректерде Сугулкент деп те аталып жүр.
Шу өңірінде өзенмен арна арқылы байланысып жатқан Байдың көлі бар. Көл неге бұлай аталады деген сұрақ өз-өзінен туындайтындығы ақиқат. Көлдің бұлай аталуын тама руының Молдас әулетінен шыққан Жидебай байдың атымен байланыстырады. Шапырашты байы Бұралқының Шу бойындағы қыстауына бір жылдары Арқадан Жидебайдың жылқылары ығып келеді. Көктем шыға іздеп келгенде, жылқылары дін аман. Ізгі ниетті Бұралқы сырттан келген көп жылқыға ешкімді тиістірмейді. Сыртқа шашау шығармай, қоғамдап ұстайды. Жидебай бұған риза болып, екеуі төс түйістіріп, дос болады. Кейін құдандалы болып, Бұралқының баласына қыз береді. Сонда өзге өріске қоныс аударған Бұралқы осы көл маңын Жидебайға киіт есебінде берген дейді.
Аудандағы біршама жер-су атауларының поэтикалық, шабыттың шалқар ықпалымен туғанына дау жоқ. Табиғаты ерек Жон өлкесінде Ақпанбет бұлағы бар. Кезінде осы өңірде мергендігімен аты шыққан Асан деген аңшы кісі болыпты. Домбыра тартып, ән салатын серілігі де болса керек. Атқан аңының тең жарымын әл-ауқаты төмендерге үлестіретін сақылығы да бар.
Бұлағын Ақпанбеттің арқыраттым,
Басына арқар сойып жарқыраттым.
Көк шалғын майсасында аунап жатып,
Шалқытып, шырқап әнге судай тастым.
Бұлағы Ақпанбеттің шекер балдай,
Ішкен жан мейірленіп қағар таңдай.
Кір жуып, кіндік кескен, қайран Жоным,
Кеудемде шырағымсың жаққан шамдай.
Міне, ел аузында сақталған осы бір өлең шумақтарынан туған жерге деген сүйіспеншіліктің шынайы белгісін көреміз. Туған жердің қадір-қасиеті оның шежірелі тарихы туралы аңызға, алуан түрлі әңгімелерге арқау болған жайттар да мол. Мысалы, Ақтоғай ауылынан 8 шақырымдай жерде қарт Қаратаудың Үлкен Ақтау жотасының солтүстік шығысында табиғи ортада пайда болған ғажайып көркем көл бар. Аты Көлме.
30-40-жылдары маңында бірнеше шағын колхоздар болған. Жаңатас қаласы қарқын алып дамығанда, Көлме мүлдем сарқылып қалды. Қазір біртіндеп қалпына келе бастады. Ұзындығы 2 шақырымдай. Ертедегі су деңгейінің іздері жақпарлы жартастарда өте жақсы сақталған. Тереңдігі 18-20 метрдей болған. Ыстының Тілік аталығынан шыққан Алуаш деген қария Көлменің үш рет тартылып, үш рет толғанын көрдім дейді екен. 1934-35 жылдары сол Көлме көлі кемерінен асып, Бүгіл өзеніне құйған. Сол көлдің суын пайдаланып, тұрғындар егін де еккен. Осы күнге дейін арық-атыздардың сорабы жақсы сақталған. Байжансай кенішінен келген орыстар осы көлден талай рет балық аулаған. Аңыз бойынша, жаз айларында осы көлден түнге қарай айға шағылған жалы күмістей төгілген екі жылқы жағаға жайылып, таң қылаңыта көлге қайта түсіп кетеді екен. Көз жасындай мөлдіреген көркем көлді халық әнге де қосқан. Осы көл жағасында дүниеге келген көрнекті композитор, жазушы Илья Жақанов «Көгілдір Көлме» атты әдемі ән шығарды.
Алыстан аңсап,
Жағаңды аңсап,
Келгенде жатсың дір етпей…
Толқышы, Көлме,
Толқиын мен де,
Дариғай-ай, жастық кезімдей,
– деп тебіренуінің өзі қандай жарасымды!
Қазақта «кие» деген қастерлі ұғым бар. Сондай-ақ «Кие кеткен жерден ие кетеді» деген мазмұны терең мәтел де ел есінде. Қазақы наным-сенім бойынша, өзен, көл, орман, тоғай, тау, алуан түрлі жануарлардың, аңдардың, қорғаушы пірі, яғни олардың ерекше тылсым күшке ие болатын қасиеті бар деп есептеледі. Мысалы, әлгіндегі Ақтоғай ауылының солтүстік-шығысында Қаратал әулие бұлағы бар. Сол бұлақ сырт көркі ғажап, биік құзар жартастың қуысынан бұрқырай атқылап шығып жатыр. Арынды суы малта тасты арнамен Бүркітті өзеніне құлай ағады.
Көптеген зерттеулерде жер атауларына танымдық тұрғыдан баға беру басым. Бірақ сол таным астарынан тәрбиелік, ұлағат боларлық астарлы сыр ұшығын іздеген де дұрыс. Мысалы, Саудакент ауылының оңтүстік-шығыс бетінде Қыршабақты мен Ойшабақты өзендері тоғысатын тұста Бестоғай деген көркем жер бар. Қос өзеннің тоғысар тұсындағы қалың шілік, үйеңкі, қаратал өскен жер ертеден Бестоғай атанған. Кеңес Одағы кезінде мұнда пионер лагері болған еді. Ал бұл жерді бұрын Ыстының Тілік тайпасынан шыққан Жомарт, Нарт, Қаспақ, Сабата, Сәрсек деген кісілері қоныс еткен. Олар өздерінің еңбекқорлығымен, диқаншылығымен аттары шыққан. Сол Шабақтының батыс қанатын гүлденген алапқа айналдырған. Қандас, рулас, туыс бауырларын диқаншылық кәсіпке баулыған. Шымқаладан, Тараздан, тіпті сонау Тәшкеннен сал алуан жеміс ағаштарын әкеліп отырғызған.
Міне, осыдан бір жарым ғасырдай бұрын өмір сүрген жандардың еңбекқорлығы, Жер-анаға деген құрметі, сонымен бірге, бүгінгі тілмен айтқанда, экологиялық сауаттылығы, табиғатты аялай білуі жас ұрпақ үшін үлгі.
Қашанда туған жер, туған ел жалпы адамзат баласы үшін қымбат. Туып-өскен жерге деген ұлы сағыныштың шынайы көрінісі ұлтымыздың ұлы тұлғасы, көзі тірісінде аты аңызға айналған даңқты актер, сарысулық Асанәлі Әшімовтің тебіреніске толы пайым-толғамынан байқалады.
«Әркім де өз туған жерін мақтан етеді. Шаң-тозаңы ұшып, соры көтеріліп, тұзы шығып жатса да, мен үшін одан өткен қасиетті мекен жоқ. Қазақстанның қай түкпірі де өз Отаның ғой, бірақ кіндік кесіп, кір жуған жердің орны бөлек екен. Қай қиырда жүрсең де, топырақ берген мінезбен, қасиетпен тыныстып, өміріңе содан нәр аласың.
Қазақта тегіне, топыраққа тартып туған деген сөз бар. Бұл сөздің мәнін табиғаттың сырына терең бойлаған жан ұғына алса керек. Сарысу – шөлейтті аймақ. Әдетте, суы мол жерден гөрі шөл далаға өсімдік аз шығатыны белгілі. Дей тұрсақ та, құмды жерге өскен қауынның дәмі таңдайыңнан кетпейді. Сирек те болса, солай. Бәлкім, бұл топырақтың құнарлылығынан шығар. Өзімнің осындай жерден шыққанымды әрдайым мақтан көремін. Дүниенің қай түкпіріне барсаң да, туған жерден асқан ұжмақ болсайшы!
Кім де болсын, ең алдымен, өз туған жерінің қадірін білмей тұрып, барша қазақтың да қадіріне жете алмайды. Отан – отбасынан басталады. Отбасы деген ұғымға кең мағынада қарасақ, ол туған жер, өскен орта болып шықпай ма? Демек, Отанға деген сүйіспеншілігің туған жерден, оны аялаудан басталады.
Әр облыстың өзіндік ерекшелігі бар. Жамбыл өңірі де сондай киелі, мерейлі мекен. Мен оны жаныммен сүйемін. Елге барған сайын жүрегім жылып, қан қысымым дұрысталып, жеңіл-желпі аурулардан құтыламын. Жарықтық туған жердің киесі мен қасиетіне не жетсін!» – деген тебіреністі сөзі кімге де болса, ой салатыны ақиқат.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support