- Advertisement -

Ұрпақ үлгісі

104

- Advertisement -

Мемлекетіміздің өркендеуі, кемелденуі – білімді жастардың белсенділігіне тікелей байланысты. Елбасының жас толқынға үнемі қолдау көрсетуі – оларға артылған сенім мен жауапкершілік жүгінің қандай екенін байқатады. Олар да өз кезегінде мұны айқын сезініп отыр. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен «Болашаққа сенімді қадаммен» атты жас көшбасшылардың форумында осыған көз жеткіздік.
«Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек ашып, жүргізіп отырған жиын Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында өткендіктен болар, форумға студенттер көп қатысты. Бұл іс-шараға жастардың арасынан қара үзіп шығып, жоғары жетістіктерге жеткендер шақырылыпты. Форум еркін үлгіде, ашық әңгімелесу сипатында өтті.
Форумда Тараз қалалық мәслихатының депутаты, облыс бойынша ең жас халық қалаулысы Серікбол Берікқожа Елбасы бастамаларына, жастарға қолдау көрсету мақсатында жасалып жатқан шараларға жеке-жеке тоқталды. Таяуда ғана Германияның Гамбург қаласында өткен бокстан ересектер арасындағы Әлем чемпионатында күміс медаль олжалаған Әбілхан Аманқұл да сөз сөйлеп, өз алдына қандай мақсат қойғанын айтып, алдағы уақытта мұнан да жоғары жетістіктерге жетуге ұмтылуға сөз берді.
Студенттерге республикалық жас мемлекеттік қызметкер байқауының жеңімпазы Мұстафа Бектұрғановтың табысты еңбек жолы үлкен өнеге екені даусыз. Мұстафаның 400-ге жуық үміткердің арасынан дара шыққаны – облысымыз үшін толайым табыс саналады. Осы байқауда топ жарған 12 жеңімпаз ғана Елбасының қабылдауында болып, Ұлт Көшбасшысының алдында сөз сөйлеген.
Жиын соңында Уәлихан Болатбек алдағы қараша айында Астанада Елбасының қатысуымен «Жас Отан» жастар қанатының кезекті ІV съезі өтетінін, оған біздің облыстан ең белсенді 50 жас делегат баратынын, бүгінгі таңда барлық ауданда жиындар өтіп, іріктеу жүріп жатқанын айтты. Форумға қатысушылар облыстық жас көшбасшылардың альянсын құруға уағдаласты. Форум ТарМПИ студенттерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support