- Advertisement -

Кеңесіп пішкен тон келте болмас

183

- Advertisement -

Жаңыл Қожахметова,
Жамбыл политехникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы.

Елбасының «Қазақстан – 2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік тілді жаңғырту қажет екендігі, оның ішінде латын графикасына көшу жөнінде айтып өткен еді. Осы мәселе бойынша Жамбыл политехникалық колледжінің студенттерімен біраз пікір алмасулар, ойтолғаулар, сұхбаттар жүргізілді. Жастар латын қарпін игеруге бар ынтасымен кірісетіндерін жеткізген болатын. Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын графикасы әліпбиінің бірыңғай стандартын жыл соңына дейін қабылдау қажеттігін дүйім жұртқа жария еткенде біздер, ұстаздар қауымы да, студенттер де қуанып қалдық. Себебі, қазір жаһандану дәуірі жүріп жатыр. Жастарымыз өз Отанын, ата жұртын, туған елін қалай жақсы көрсе, басқа елді, жерді де солай танып, білгісі келеді. Жақсы тауарларымызды, сапалы өнімдерімізді бөтен елге ұсынғысы келеді, шетелдік озық технологияны үйренгісі келеді. Дамыған елдердің экономикасының табысты болу себептерін талдай отырып, солардан тағылым алғысы келеді. Дүние бір орында тұрмақ емес, үнемі қозғалыста болмақ. Міне, осыған байланысты Елбасымыз айтқан үш тілдің бірі ағылшын тілі – әлемге ашылған жол болатын болса, латын қарпі сол жолда адастырмай алға жетелейтін шырақ іспеттес.
Әлемнің 80 пайызы осы қаріпті таңдаған. Яғни дүниежүзіндегі әр 10 адамның 8-і латын графикасын қолданады екен. Біздің ата-бабаларымыз да кезінде осы қаріпті қолданған болатын. Қазіргі таңда елімізде өзекті болып отырған мәселе – латын қарпіне көшу – уақыт талабы. Әлемдік интеграцияға ілесу, ақпарат алу мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасау, әлемнің озық технологиясын игеру үшін осы графиканы қолдануымыз керек. Бұл жөнінде Мәжілісте өткен парламенттік тыңдауда депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасқан еді. Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов ұсынған жаңа латын әліпбиінің жобасы 25 таңбадан тұрады. Оның ішінде қазақ тіліне тән 8 дыбысты таңбалайтын 8 диграф бар. Шынын айтқанда, ағылшын тілін меңгеріп жүрген жастар үшін бұл шаруа қиындық тудырмайды. Үйрену қажет екен – оқып, үйренеді. Тіпті, жасы келген адамдар да құлшыныспен кірісетініне күмән келтірмеймін. Бұл міндет бірте-бірте кезеңдермен жүзеге асатындықтан оқытатын мұғалімдерді анықтап, уақытын белгілеп алу қажет.
Латын әліпбиіне көшу ешбір кедергісіз жүзеге асады деуден де аулақпыз. Латыншаға ауысқан Өзбекстан мен Әзірбайжан республикаларының бастарынан өткеріп отырған қиыншылықтарын біз ескеруіміз керек. Қазақ тіліндегі газет-журналдарымыздың оқырманы азайып кету қаупі бары рас. Енді ғана мемлекеттік тілді үйренуге бет бұрған адамдардың меселін қайтарып тастамаса болғаны. Бұрындары қазақ тілін менсінбей, мойын бұрмай жүргендерге бұл бір жағы табылған тәсіл болып қалмаса жарар еді. Яғни, латын әліпбиіне көшпес бұрын он ойланып, мың толғанып кіріскен жөн. Әсіресе, бұл істің ғылыми тұрғыдағы маңыздылығына үлкен мән беріп, саяси астарына да терең үңілсе деймін. Сонда ғана «кеңесіп пішкен тон келте болмас» еді.
Қарасаң шегіне жетпейтін дархан даласы бар, ұшар басына бүркіт ұялаған таулары бар, қыздың бұрымындай ирелеңдеп аққан өзендері мен айдың сәулесімен шағылысқан көлдері бар қазақтың жерінде ұлтын ұлағаттайтын, жерін көркейтетін, еліне ерен қызмет атқаратын жастарды тәрбиелеуді ұстаздар есінен ешқашан да шығармақ емес. Өскелең ұрпақтың Мемлекет басшысы алға қойып отырған мақсат, міндеттерді жүзеге асыратынына көзім жетеді. Өйткені, олар өз елінің лайықты азаматтары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support