- Advertisement -

Бизнес курстарының берері бар ма?

163

- Advertisement -

3«Ерінбеген етікші болады» деген мақалды қазір «Қалаған адам кәсіпкер болады» деп өзгертуге болатын секілді. «Ақшам бар, бірақ бизнес жоспарым жоқ, неден бастарымды білмеймін» деген адамға да, болмаса керісінше, «Ақшам жоқ, бірақ керемет жобам бар» дегенге де кәсібін бастап кетуге қолайлы жағдайлар жасалған. Іздеген, ізденген адамға, әрине. Бүгін мақаламызда соның бірнешеуіне тоқталып өтуді жөн көрдік.

Тегін оқытып,
шәкіртақы төлейді

«Бастау бизнес» – бұл мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ҚР «Атамекен» ҰКП-ның əлеуметтік жобасы. Қазіргі таңда жоба еліміздің 14 облысының 80 ауданында, өңіріміздің 6 ауданында жүріп жатыр. Басты мақсаты – шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықпен күресу. Оқу тегін, 16700 теңге көлемінде шәкіртақы да төленеді. Облыста әзірге 626 адам 3 лекте оқып бітті. Оның 55-і қаржыландырылып, әрқайсысы 2-6 миллион теңге көлемінде несие алып, жұмыстарын жандандыруда. Жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығы бағытында. Ал несиені кәсіпкер тек 1 жылдан соң 6 пайызбен қайтаруға міндетті. 6 аудандағы 6 оқытушы кәсібін ашқысы немесе жандандырғысы келген жандарға бизнес-жоспар жасап, несие алғанға дейін сүйемелдеп, жыл соңына дейін үйретеді. Соның бірі Жуалы ауданындағы бизнес-тренер Жазира Тоқабаева:
– Жыл басынан бері, жоба басталғалы Жуалыда 100-ден астам тыңдаушы білім алды. Нәтижесінде 1-топтан – 26, 2-топтан – 20, 3-топтан – 14 тыңдаушы өз бизнес-жобаларын қорғап, несие алуға жолдама алды. Оның дені мүйізді ірі қара малын сүт бағытында өсіруге, бордақылауға арналған жобалар. Көкөніс өсірумен, қолөнермен, жылыжаймен айналысқысы келген кәсіпкерлер де бар. Бағдарламаның бір ерекшелігі, біз тыңдаушыларға бизнестік ойлау психологиясынан бастап, бизнестік идеяларды қалыптастыру, маркетинг, нарықты зерттеу, салық, құқықтық сауаттылық жөнінде жан-жақты оқытып, үйретеміз. Мұнымен қоса, ауданға, облысқа белгілі кәсіпкерлердің шеберлік сабақтарын да ұйымдастырамыз. Сонда болашақ кәсіпкердің қызығушылығы одан әрмен артып, кәсібін жандандыру жолындағы кез келген қиындықты жеңуге де ерік-жігері мықты болады, – дейді.
Аталмыш бағдарлама аясында білім алып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған жуалылық кәсіпкердің бірі – Саят Батырбаев:
– Мен өзім сауын сиыр алып, сатумен айналысып жүргенмін. Несие алуға бірнеше рет талпындым. Алайда, бірде кепілге қоятын жылжымайтын мүлікті қабылдамай, енді бірде өзге құжаттар дұрыс болмай қалып жүрді. Сосын газет бетінен «Бастау бизнес» жайлы оқыдым. Ондағы тренерлер несие алғанға дейін көмектесетінін біліп, оқып көруге бел байладым. Нәтижесінде 6 миллион теңге алып қана қойған жоқпын, кәсібімді нәтижелі жүргізудің де қыр-сырын меңгердім. Ісімізді өркендету үшін тіпті шәкіртақы төлеп оқытып жатқан құзырлы орындарға алғысымыз шексіз. Ал мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қамқорлықты тиімді пайдаланбаудың өзі ақымақтық деп ойлаймын, – дейді.

ерінбесең,
Екі айда кәсіпкерсің

Бизнеспен айналысқысы келетіндерге жол көрсететін тағы бір жоба – «Бизнес бастау» деп аталады. Бірақ, бұл – оқу курсы екі айдан тұратын ақылы тренинг. Онлайн түрінде интернет арқылы қатысу құны екі айға 55 мың теңге болса, Алматыда тікелей қатысу – 80 мың теңге көлемінде. Кәсіпкерлік мектептің негізін қалаушы, кәсіпкер Ахметбек Нұрсила.
Мұнда алғашқы апта әр қатысушы өзінің икемі бар саласын таңдауға арналады. Келесі апта тауарды жарнамалауға машықтандырып, оны бүкіл Қазақстан көре алатындай етіп жасау жолдары үйретіледі. Үшінші апта әлеуметтік желіге баннер дайындау сабағына арналса, төртінші, бесінші апталарында қатысушылар сайт жасауды меңгереді. Алтыншы апта таргетинг, яғни, тауарды бүкіләлемдік ауқымда жарнама жасауға бағытталады. Тағы бір апта тұтынушымен жолығу, телефон арқылы сөйлесу мәнерін меңгеруге жұмсалады. Ең соңында тауарды тезірек өткізудің тағы бір тетігі – бейнеролик даярлаумен тәмамдалады.
Мұндағы тренерлер екі айда күнделікті берілген тапсырманы орындап отырсаңыз, курсқа жұмсалған ақшаны шығарып қана қоймай, айына кемінде 200 мың теңге көлемінде табыс табуға болатындығына сендіреді. Алайда жоғарыда айтылған «Бастау бизнесте» тренерлер несие алуға жәрдемдессе, мұндағы оқытушылар керісінше, несиесіз, қолда бар, аз мөлшердегі ақшамен-ақ кәсіп бастауға үйреткенді жөн көреді екен. Кәсіпкерлік мектебіндегі жасы ең үлкен тыңдаушы – 66-да болса, ең жасы – 9-сынып оқушысы.
– Бастапқыда 80 мың теңгеге оқуға тұрарлық дүние ме, жоқ па, екі ұдай халде жүрдім. Ғаламтордан біраз зерттедім де, тәуекелге бел будым. Қазір осы шешімім үшін қуанбасам, өкінбеймін.
Сабақ әр аптаның сәрсенбісінде кешкі 19.00-ден – 22.00-ге дейін, сенбі күндері таңғы 8-ден кешкі 18.00-ге дейін жалғасады. Жексенбі күндері қатысушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында оқытушылар Қапшағайға, тауға алып барып, сонда дәрістер өткізеді. Бұл уақыт менің негізгі жұмысыма да еш кедергісін келтірмейді. Осында дәріс алып, кәсібін ашқандар немесе одан әрі өркендеткендер саны жетерлік. Менің мұнда кәсіп бастауға деген құлшынысым артып қана қойған жоқ, оны өркендетудің қазіргі заманғы жолдарын да меңгердім. Оқу барысында кез келген тауарды шетелден немесе Қазақстаннан ең арзан көтерме бағамен алатын сауда нүктелерімен де таныс болдық. Айналымға жіберу, жарнамалау жұмыстары, жалпы, мен секілді кәсіпті нөлден бастағандар үшін барлық мағлұматтарға қанық болдым. Жалпы, кәсіп ашып, жүргізу біз ойлағандай аса қиын емес және ерінбеген адамға дамыту жолдары өте көп екен. Бұл курсқа қатысқаныма бір айдан енді асты. Ал мен жақында сауда үйінен киім-кешек, сәндік бұйымдар сататын нүкте аштым. Бұл тек бастамасы деп ойлаймын. Оқуын биыл бітіріп, жұмысқа жаңадан тұрған мен секілді жастар үшін бұл жаман жетістік емес. Осында оқып, қымыз өндіру компаниясын, шұжық өндіру комбинатын, жәрмеңке компаниясын ашқандар бар. Ондай ірі кәсіпорын иелері де бізге келіп дәріс оқып тұрады, – дейді тренинг тыңдаушысы Ұлданай Әнуарбек.

Маркетолог мамандығының
бағасы қандай?

Мұндай курстар, айлық тренингтерден бөлек, бизнесіңізді жандандырамын десеңіз, маркетолог мамандары да қолұшын соза алады. Алайда ол үшін алдымен «қалтаңыз қалыңдау» болуы тиіс. Мәселен, Тараздағы белгілі маркетологтың қызмет құнына тоқталар болсақ, маманның бизнес жоба жасауы – 75-150 мың теңге шамасында. Жарнама жасап бергені үшін 120-200 мың теңге көлемінде ақы сұрайды. Мерчендайзинг, яғни, сауда нүктесін қай жерден ашып, жарнамаңызды қай жерге ілуге кеңес бергені үшін сауда орныңыздың әр шаршы метріне 1500-2000 теңге аралығында алады. Коучинг – сіздің бойыңыздағы мүмкіндігіңізді ашқаны, кәсібіңізді өркендеткені үшін алатын пайыздары тағы бар. Бұлар да әлбетте, табысты кәсіп иесі болатыныңызға кепіл беретіндіктерін алға тартады.
Қорыта айтқанда, «Жақында пәлен жасқа келемін, осы уақытқа дейін не бітірдім, алда не күтіп тұр, өмірдің мәні не…» деген сынды сансыз сауалдар қаумаласа, ізденіңіз, оқыңыз, өзіңізді жетілдіріңіз! Оның жолдары өте көп екендігіне көз жеткізген боларсыз. «Кәсіп бастау қиын» деген бұрынғы түсініктен арылсаңыз, отбасыңыздың ғана емес, еліміздің дамуы үшін үлес қосатыныңызды ұмытпаңыз.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support