- Advertisement -

Кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші

142

- Advertisement -

Біздің еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Қазақстан Республикасының таяу болашақтағы дамуының сипаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылғы халыққа Жолдауында жан-жақты ашып көрсетілді. Мемлекет басшысы экономиканың қозғаушы күші ретінде кәсіпкерлік саласына айрықша мән беріп келеді. Әсіресе, экономикалық дамудың жаңа бағыт-бағдары айқындалған 5 реформа – «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында белгіленгендей, әлемде орын алған дағдарыс салқынын бәсеңдетіп, дамудың жаңа белесіне көтерілуде кәсіпкерлерге де жүктелетін міндет ауқымды.
Бұл тұрғыда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде өндіріс қуаттарын еселеудің айрықша маңызға ие екенін атап өткен жөн. Мәселен, бүгінгі күнге дейін ауданда аталмыш бағдарлама аясында жалпы құны 1 миллиард 562 миллион 408 мың теңгені құрайтын екі бірдей жоба іске асырылды. Атап айтқанда, тәулігіне 1,5 тонна мақсары майын өндіруге қауқарлы «Kaz Ir Agro» ЖШС құрылып, оның жобалық құны 5,7 миллион АҚШ долларын құрады. Осылайша, ауданда құрылған үш бірдей серіктестік 70-тен аса тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Жергілікті атқарушы билік тарапынан да бизнес құрылымдарына әрдайым қолдау көрсетіліп, оларды инфрақұрылымдық жағынан демеуге барынша мән берілумен келеді. Сондай-ақ мемлекеттік қаржы-несие саясаты өңірлердегі кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беруде. Аудандар мен ауылды жерлердегі кәсіпкерлердің несие шығындарын Үкімет есебінен субсидиялау, әкімшілік кедергілерді азайту, салық салу жүйесін жеңілдету сынды мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаулар тұрақты жүргізілуде.
Ауданда кәсіпкерлерді қолдау тетіктері де жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтар болсақ, аудан бойынша «Шу несие серіктестігі», «Микрокредиттік ұйым-Шу» және Тараз қаласындағы «Микрокредиттік ұйым» ЖШС-ның Шу бөлімшесі тұрғындарды несиемен тұрақты қамтамасыз етуде. Бүгінде аталған серіктестіктерден несие алатындардың саны артып келеді. Мысалы, өткен жылдың алғашқы 5 айында 1861 адам жоғарыда аталған ұйымдарға көмекке жүгінсе, биыл бұл көрсеткіш 2074 адамға жетіп отыр.
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен еліміздегі индустриялық жобалардың қарқынды жүзеге асырылуы – аймақта кәсіпкерлік өрісінің кеңейіп, жаңа өнеркәсіп салаларының қалыптасуына зор ықпал етуде.
Кез келген елдің экономикасының негізі – кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласы екені белгілі. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту елдің экономикасын көтеруде маңызды орынға ие екенін аңғаруға болады. Сондай-ақ бұл саланы дамыту арқылы салалық және өңірлік монополистік үстемдікті жоюға, нарық айналымында тауарлар мен қызметтер түрін көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалануға, қоғам тұрақтылығының кепілі болып табылатын орта тап қалыптастыруға үлкен мүмкіндіктер бар. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында: «Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету», дей келе, бұдан былай еліміздің әр азаматы өз кәсібін дөңгелету үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алатынын атап өтті.
Бұл – бүгінде екі қолға бір күрек таппай жүрген ауыл тұрғындары үшін жағымды жаңалық, таптырмайтын мүмкіндік болып отыр. Сондай-ақ Елбасы: «Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек» деп нақты тапсырмаларды жүктеген еді. Осыған байланысты жыл басынан бері ауданда «Bastau бизнес» жобасы қолға алынған болатын. Аталмыш жобаға кәсіпкерлікпен айналысқанына 3 жылдан аспаған азаматтар мен алғаш рет кәсібін ашуға ниеттенген тұрғындар қатысып, олар белгіленген бір айдың ішінде білікті мамандардан кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп шықты. Жобаның қанат қақты кезеңіне қатысқан 36 тұрғын жеке бизнес жоспарларын қорғап, 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағыты аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес оператор ретінде ұйымдастырған «Bastau бизнес» кәсіпкерлік негіздерінде оқығанын растайтын сертификаттарға қол жеткізді. Тиісінше, бизнес жоспарларын ойдағыдай қорғап шыққан азаматтардың кәсібі қаржыландыруға жіберілді.
Шын мәнінде, шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі. Әрі ішкі жалпы өнімнің елеулі бөлігін өндіру де солардың үлесінде. Сол себепті Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында бұл салаға ерекше ден қойып, шешімін күткен мәселелердің барлығын да назардан тыс қалдырған емес. Биылғы Қазақстанның Үшінші жаңғыруы кезеңі де еліміздің ертеңгі күні тежеусіз дамуының кепілдігі бола алады деген сенімдемін.

Болатжан ТӨЛЕНДИЕВ,
аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support