- Advertisement -

Семей Қасіреті қайталанбасын

135

- Advertisement -

29 тамыз – Семей ядролық полигонының жабылған күні ретінде де аталып өтеді. Бір кездері аталған полигон маңындағы жаппай қырып-жоятын түрлі қарулар сынақтарының салдарынан жоғары радиациялық қауіпті деп танылған аймақта химиядан қорғаудың арнайы әскери бөлімшесінде Отан алдындағы азаматтық борышымызды өтеуге тура келді. Мұның барлығы да екінші дүниежүзілік соғыс пен АҚШ-тың Жапония жерінде атом бомбасын сынақтан өткізгенінен кейін қару-жарақтың, әсіресе, жаппай қырып-жоятын түрлерін жаңалап жасауда КСРО аумағында, Семей полигонында жүзеге асырылған сынақтар екеніне бертінде көз жеткіздік.
Бақсақ, енді болмағанда кең-байтақ жеріміз сынақ алаңдарына айналып, осынау «қауіпті ойын» халқымыздың түбіне жете жаздапты. Себебі, мұндай сынақтың қай-қайсысының да радиациялық сәулесі бірнеше секундта ағзаға өтіп, жанды атаулыға, химиялық улары жерге, ауаға, суға, тағы басқаларына орасан зор зардабын тигізетіні екінің біріне мәлім. Сынақ аумағында қалып қойып, зардабын тартқандардың бүгінде біреуі де арамызда жоқ. Олар қылтамақ, ақ қан, обыр, иммунитетсіздік секілді түрлі радиациялық кеселдерге шалдығып, аз күннің ішінде бақилық болып кеткен.
Осынау қасіретке көз жұмып қарай алмаған, ядролық сынақ құрбандарының жақын-ағайын, дос, туыс бауырларының, мейірімді жандардың, тұтастай әлем халықтарының наразылық танытуынан кейін Семейде «Семей-Невада», ал Батыс Қазақстан облысында «Нарын» қозғалыстары дүниеге келгені белгілі.
Осыған орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 29 тамызда әлемде тұңғыш рет еліміздегі Семей ядролық сынақ полигонын жабу арқылы жаппай қырып-жоятын түрлі қаруларды жер бетінен аластау жөнінде бастама көтеріп, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша ядролық қарудан азат әлем құру туралы мемлекеттер басшыларына талап та қойды. Бүгінде Курчатов қаласында «Ұлттық ядролық орталығы» бейбіт мақсатқа жұмыс істеуде. «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңы қабылданып, бекітілді.
Кейбір деректерге қарағанда, «Семей» және «Азғыр» ядролық сынақ зардаптары біртіндеп жойылуда екен. Бұл да көңіл қуантарлық жай. Күллі адамзат қоғамына кесапат әкелер ядролық сынақтар енді орын алмаса екен, еліміз де, жеріміз де аман, жұртымыз тыныш болса екен. Дүниеде табиғат тепе-теңдігін сақтағанға, тыныштыққа, бейбітшілікке жетер не бар?!

Мейрамбек СЕРКЕБЕКОВ,
«Ерекше тәуекелді солдаттар» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support