- Advertisement -

Ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге жасай береді

115

- Advertisement -

Әуесхан Зәуірбеков,
халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек», деп жаһандану дәуіріндегі қазақстандық мәдениеттің бүгіні мен болашағына үлкен мән бергені бізді қуантты.
Бұл мақалада Мемлекет басшысы ұлттық сананы жаңаша қалыптастыру, басқа елдердің озық тәжірибесін, жетістіктерін бойға сіңіріп, пайдамызға асыру туралы айтқанын зиялы қауым өкілдері, көзі қарақты, көкірегі ояу барлық ел азаматтары қуана құптап отыр. Білімге ұмтылу, жақсыға үйрену, жаманнан жиренуді ата-бабаларымыз баяғыда-ақ өсиет етіп айтып кеткенін жоққа шығара алмаймыз. Ол бүгін ұлттық идеологиямызға айналып отыр. «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» дегенді Елбасымыз алдыға тартады.
Иә, ұлттық сананы жаңғыртқанда өзіміздің, қазақстандық дербес даму үлгісін қалыптастыруымыз керек екендігін ең басты назарға алған абзал. Бұл дегеніміз – қазақтың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, сондай-ақ мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, қазақи рухымызды жаңғырту.
Мақаланың «Таяу жылдардағы міндеттер» деген екінші бөлімінде алдағы уақытта жүзеге асырылатын нақты жобалар көрсетілген. Мұнда айтылған қазақ тілін біртіндеп латын алфавитіне көшіру – заман талабы. Латын қарпіне көшу туралы Елбасы өзінің мақаласында «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процестерінің ерекшеліктеріне байланысты», деп атап көрсетті. Бұл әлемдік ғылым саласын игеру үшін жасалып жатқан оқу бағдарламасына сәйкес, бүкіл әлем қарым-қатынас жасайтын ағылшын тілін жастарымыздың тезірек игеруіне мүмкіндік жасайды. Сол үшін қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асырылмақшы.
Президент мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты нақты түйінді: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер. Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді. Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз», деп атап көрсетеді.
Халқымыздың тілі, тарихы, салт-дәстүр, ұлттық мәдениеті – рухани құндылықтардың қайнар көзі. Біздің ұлттық кодымызды сақтауға көмектесетін негізгі ұстындар да қазақтың рухани, мәдени әлемімен тығыз байланысты. Оның ілкі бастауында тіл құндылығы тұрады. Сондықтан әрбір отандасымыз, әрбір қазақстандық алдына үлкен мақсат қойып, жаһандану кезеңіне осы қайнар көзімізден бір елі ажырамаған түрде біте қайнаса енуі керек. Сонда ғана біз әлемдік алпауыттарға жұтылмай, елімізбен бірге табысқа жетіп, рухани жаңғыратынымыз анық.
Латын әліпбиі біздің шежірелі тарихымызда бар дүние, латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыс-тырылды. Латын әліпбиіне көшу нәтижесінде қазақ руханиятының інжу-маржандарын бүкіләлемдік кеңістікте танытып, түбі бір туыс елдермен өзара шығармашылық байланысты арттырамыз. Қазақ елі жалпақ әлемге тағы бір қырынан танылып, әлемдік ғылым саласын игеруімізге мүмкіндік туындайды. Егер мәселенің негізгі идеясына үңілсек, Мемлекет басшысының көтеріп отырған мәселесі – қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік беретін, тіл тазалығы екендігін түсінеміз. Латын әліпбиіне көшу арқылы – қазақ тілінің халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуіне тиімді жолдар ашылып, ұлт мұратының жаңа бір белеске өрлеп, жаңаша мазмұнда жаңаруына әрі жаңғыруына жаңа мүмкіншіліктер туатыны сөзсіз. Біздің латын әліпбиіне көшуіміз – рухани тәуелсіздік алып, өткен тарихымызға оралуымыз болмақ.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған әрбір бағыт-бағдарды Мәңгілік Еліміздің рухани дамуы жолындағы ізденістер мен армандарға, батыл шешімдерге толы маңызды құжат, жүйелі жоспар десе де болғандай. «Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін», деген Ұлт Көшбасшысының асыл сенімін, үкілі үмітін бірлік туы астында күш-жігерімізбен қуаттап, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ұлт алдындағы жүгімізді бірге көтеруіміз қажет. Бұл бәрімізге бағдар берген бағдарламаның тек мемлекеттік тілде ғана жариялануының өзі 26 жыл ішінде ана тіліміздің көп жағдайда шешуші позицияға жеткенінің айшықты көрінісі деп білеміз.
Президент мақаласын алдымен мемлекеттік тілде жариялау арқылы қазақ тілінің қоғамдағы басым рөлі мен тоқтамайтын үдеріс екендігін көрсетті. «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге. «Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді-өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет», деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың парасатты тұжырымдары мен сүбелі ойлары осы көріністің жеміс бергендігін тағы бір айқындады.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support