- Advertisement -

Тараз шаһары шырайланып келеді

132

- Advertisement -

 Тараз қалалық  мәслихатының  кезектен тыс ХХІ сессиясында қала  әкімі Рүстем Дәулет осы жылдың  алғашқы 6  айының қорытындысы бойынша мәслихат депутаттары   алдында  есеп берді. Шаһар басшысы қала тұрғындарының көкейіндегі мәселелерді қозғап өтіп,  алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Рүстем Рысбайұлы алдымен Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқталып, мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын тараздықтар да  сезініп отырғанын айтты.
Алғашқы алты айда  Тараз шаһарында өндірілген жалпы өнім көлемі 276 миллиард 717 миллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен  салыстырғанда 16 миллиард 213 миллион теңгеге өскен. Оның ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 103 миллиард 173,5 миллион теңгені құрапты. Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда салық түсімі 2 миллиард 986 миллион теңгеге артыпты. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы  бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінде 38 жоба мақұлданып, қаржыландырылуда. Бұл тұрғыда жүзеге асқан бір жоба аясында 60 жаңа жұмыс орны ашылған.
Бүгінгі таңда жұмыссыздық деңгейі 5,8 пайызды, кедейшілік деңгейі 0,2 пайызды құрап, орташа номиналды айлық жалақы 97 мың 812 теңгеге жетіп отыр. Әлеуметтік көмек алушылар  саны 212 адамға кеміген.
Білім  саласы қала бюджеті шығынының 49,6 пайызын құрайды. Бұл – 22 миллиард 373,3 миллион теңге. Биыл  жазғы сауықтырумен оқушылардың 87 пайызы қамтылыпты. Жаңа оқу жылында білім ошақтарына жиһаз алуға 93 миллион, оқушыларды оқулықпен қамтамасыз етуге 620,8 миллион бөлініп  отыр екен.
Есепті кезеңде қала аумағындағы құрылыс жұмыстарының көлемі 10 миллиард 15,7 миллион теңгені құрапты.
Пайдалануға берілген  тұрғын үй көлемі 122 855 шаршы метрді құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 84 пайызға өсім бар екенін көрсетеді. Нәтижесінде «Арай» алқабында 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Таразда 650 кондоминиум нысандары жөндеуді қажет ететін болса, бүгінгі таңда 171 үйге ғана жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Жалпы, 479 үй (73 пайызы) жөндеу  кезегін күтіп тұр екен.
Медицина саласына да ерекше көңіл бөлінуде.  Биыл  ана өлімі тіркелген  жоқ, нәресте өлімінің көрсеткіші 61,3 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, мәдениет, спорт салаларында да нәтижелі  көрсеткіштер бар.  Қала  әкімі алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды саралап келіп, тұрғындардың өтініші үнемі назарда болатынын ескертті. Шағын аудан тұрғындары ауладағы ойын алаңдарын  мәселе ретінде көтеріпті. Рүстем Дәулет қалалық мәслихат депутаттары қолдаса, келесі жылы бұл бағытқа қаражат жеткілікті бөлінетінін жеткізді.
Есепті жиында  халық қалаулылары шаһар басшысының алдына бірқатар мәселе қойды. Мәселен,  Ләззат Қызылқұлова ойын алаңшаларын жөндеу, жаңадан  салу  кезек күттірмейтінін, осыған кететін қаражатты нақтылау қажеттігін айтса,  Нариман Мәуленов  ұзақ жыл тұрған талдарды кесу қажеттігін, олардың көпшілікке қауіптілігі жайын   қозғады. Айдархан Биназаров  мемлекеттік маңыздағы нысандар салу үшін кейбір жеке меншікке өтіп кеткен жерлерді сатып алу мәселесін тілге тиек етті.
Келесі  кезекте  сөз алған Марат Смайлов қала көшелерінің түнгі жарықтандырылуы, тротуарлар салуды молайту жайын қозғаса,  Жанар Орынбаева балабақшалар санын көбейту және жасөспірімдермен жұмысты күшейту мәселесіне тоқталды.
Есепті жиын соңында қалалық мәслихат депутаттары  шаһар басшысының  6 айда атқарған жұмысын оң бағалады.  Рүстем Дәулет алдағы уақытта да ел игілігі жолында аянбай жұмыс атқара беретіндігін айтты.

 Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support