- Advertisement -

Жаңа әкімге ауданда атқаратын жұмыс көп

153

- Advertisement -

Т. Рысқұлов ауданына жаңа әкім тағайындалды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ұсынған үміткердің кандидатурасын аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады.
Аудан активімен өткізген жиында Кәрім Нәсбекұлы Жарылқасын Айтақовтың басқа қызметке ауысуына байланысты Т.Рысқұлов ауданының әкімі қызметінен босатылғанын, ол ауданды басқарған 3 жарым жыл ішінде бірқатар игілікті істер атқарғанын атап өтті. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен аудан әкімі қызметіне кіріскен Асқар Қырықбаевтың басшылық қызметте тәжірибесі мол екенін айтып, оған зор сенім артатынын жеткізді. Сондай-ақ, бірқатар нақты тапсырмалар берді. «Асқар Санатұлы – Құлан топырағында туып-өскен азамат, сондықтан өзінің барлық күш-жігерін талаптарды орындауға, ауданның гүлденіп, көркеюіне жұмсауға міндетті», – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Өз кезегінде Асқар Қырықбаев та сенім білдірген Президент Әкімшілігіне, облыс әкіміне және аудандық мәслихат депутаттарына алғысын жеткізіп, Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасында көрсетілгендей, туып-өскен өңірін өркендетуге барлық күш-жігерін жұмсайтынын айтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, «Құлан-дән» несие серіктестігінің директоры Рахманәлі Әбдіқадіров, зейнеткер Түзел Алагөзова жаңа тағайындалған әкімнің жұмысына сәттілік тіледі. Ал ауданның алғашқы әкімі болған зейнеткер Сәбит Садықов аудан басшысын жаңа жұмысымен құттықтай келе, кезек күттірмейтін мәселелер – туристік орындарға жол салу, мал ұрлығына тосқауыл қою екенін сөз етті.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жиынды қорытындылап, ауыл тұрғындарының күнкөріс көзі – мал шаруашылығы, ал ұрлық-қарлықты тыю ауданның жаңа әкімінің және аудандық ішкі істер бөлімі басшысының тікелей міндеті екенін ескертіп, азаматтар бел жазбай еңбек етсе, қасиетті Құлан жерінің гүлдене беретініне сенім білдірді.

Т. Рысқұлов ауданы.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support