- Advertisement -

АҚКӨЛ ҚАЙТА ТҮЛЕЙТІН БОЛАДЫ

116

- Advertisement -

Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев жуырда Талас, Сарысу аудандарына іссапары барысында Ақкөл ауылына да ат басын бұрып, ауылдың инфрақұрылымын жақсарту қолға алынатыны жөнінде құлаққағыс еткен-ді. Жақсы хабар жерде жатсын ба? Бұл туралы қазір екінің бірі айтады. Мәселенің анық-қанығын білмек мақсатында Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиевке бірнеше сауалдар қойған едік.
– Өздеріңіз білесіздер, – деді ол, – биыл көктем айларында Талас және Аса өзендері арнасынан асып, маңайындағы елді мекендерге қатты қауіп төндірді. Тұрғындар мұны жарты ғасырдан кейін қайталанған құбылысқа сайып отыр. Шамадан тыс мол судан өзендер кемерінен асып, Ақкөл көлін лықа толтырды. Сондай қиын-қыстау сәтте облыс әкімінің өзі арнайы келіп, қауіптің алдын алу жөнінде төтенше жағдайлар басқармасынан бастап, тиісті құрылымдарға нақты тапсырмалар беріп, қадағалауына алды.
Тіпті өңірдегі әскери бөлімдер сарбаздарын да көмекке жұмылдырды. Сонымен қатар Үшарал ауылына баратын тас жолды шайып кете жаздаған өзен суының алдын бөгеуге де көп көмегін көрсетті. Соның арқасында Ақкөл,Үшарал ауылдары су тасқынынан аман қалды. Сол сапарларының бірінде аймақ басшысы Ақкөл ауылының тұрғындарымен кездескенінде елді мекеннің инфрақұрылымын жақсарту жайын ұдайы еске салумен болды. Аудан әкімдігіне ауылдағы иесіз қалған, бірақ жөндеуге жататын тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың санын және оған кететін қаржы көлемін анықтауды тапсырды.

Тапсырмаға сәйкес, Ақкөл ауылында жиырма алты жеке үйдің, төрт екі қабатты үйдің және бірнеше әлеуметтік нысанның санын анықтап, оларды қайта жаңғыртуға қажетті қаржының көлемін есептеп шығардық. Өңір басшысы бір келгенінде аталған нысандарды аралап көріп, осы мәселемен айналысатын облыс басшыларына нақты тапсырмаларын беріп кетті. Облыс басшысының қамқорлығына ауыл халқы ризашылықтарын білдіруде. Сәтін салса, тұрғын үйлерді жаңғыртуға облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлінбек. Мәселе шешімін тапқан соң, тендер арқылы құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүргізетін мердігерлер анықталып, жөндеу жұмыстары басталады деп отырмыз.

– Бұл жаңартылған үйлерге кімдер қоныстанады? – деген сауалымызға, аудан басшысы қазірдің өзінде 50 отбасының ниет білдіріп отырғандығынан хабардар етті. Аудан басшысы осы орайда Ақкөл көлінің суы жеткілікті бола тұра Ақкөл су жүйесіне қарасты суармалы алқаптардың әлі де толық игерілмеуінен бұл ауылда егін, көкөніс, жеміс-жидек егудің, жалпы, жерді игерудің өте төмен дәрежеде екендігін, Елбасының тапсырмасына орай суармалы егістік алқабын қалпына келтірудің мезгілі жеткендігін баса айтты. Қоныс аударушылар, оның айтуынша, жастайынан жер еміп өскен дихандар қатарынан болмақ.
Аталған жоба жүзеге асырылған жағдайда, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін кешенді түрде шешу ойластырылмақ. Ауылда екі орта мектептің барын ескерсек, білім беру мәселесін қиындықсыз реттеуге де болады. Егер егістік алқаптарын игеру қолға алынатын болса, онда машина-трактор шеберханасын қайта ашуға да тура келетін сияқты. Ол үшін ауылда өндірістік кооператив құруға да тура келер. «Елге ел қосылса – құт» демекші, ауыл халқының саны көбейіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Ондай жағдайда ауылдың қақ ортасындағы иесіз қалған тұрмыстық қызмет көрсету және сауда орталықтарының ғимараттарын жөндеу де өз шешімін табары анық.
Аудан әкімі Б.Рысмендиев қазірдің өзінде ауылдағы екі көшені асфальттаудың басталғандығын мәлімдеді. Сондай-ақ, Тамды ауылының тұсынан Ақкөл ауылына қарай газ құбырын тартудың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр екен.
Өткен жылы ғана облыстық газетте «Ақкөл ауылы қашан көркейеді?» деген проблемалық мақала жарияланған еді. Қуанышымызға орай, облыс және аудан басшылары Ақкөл ауылын қайта жаңғырту мәселесін бұрыннан-ақ ойластырып жүрген болып шықты. Ауыл – ауданның әкімшілігі орталығы мәртебесінен айырылғалы бері ақкөлдіктер қамкөңіл күйде жүргендей болып көрінетін. Бірен-саран балық аулаушылар мен шаруа қожалықтары болмаса, бел шешіп, жерге еңкейіп, жемісін теріп жүргендер некен-саяқ-ты. Ауылды жаңғырту жобасы сәтімен жүзеге асырылар болса, ақкөлдіктер арасынан біріге жұмыс жасайық деп еңбекке құлшыныс танытатындардың көптеп шығатынына кәміл сенімдеміз.
Сұхбат барысында аудан басшысы Қызыләуіт ауылына ауызсу торабын тарту жұмысының басталғандығын, Ақкөл ауылынан Үшаралға тартылған асфальт жолдың су шайып кеткен жерлеріндегі жеті өткелекті және көпірді нығайтуды қолға алғандарын баса айтты. Көптен бері сөз болып жүрген Үшарал ауылына көгілдір газ тарту мен ауызсу жеткізу желілерін жаңғырту жұмыстары да әне-міне қолға алынғалы тұр. Әзірге ауылдағы екі көшеге асфальт төселуде.
Дағдарысқа қарамастан қала мен елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартудың ауданымызда кешенді түрде жүзеге асып жатқандығы еліміздегі жаңғырту бағдарламасы шарапатының айқын көрінісі.

Сәулембай әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support