- Advertisement -

Өнеркәсібі дамыған өңірге айналу өз қолымызда

150

- Advertisement -

Еліміздің 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылуы барысы жөнінде облыс әкімдігінің алқа мәжілісі өтті. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мәслихат хатшылары, басқарма басшылары, аудан әкімдері қатысты.
Өңірде аталмыш бағдарлама аясында жалпы құны 512,1 миллиард теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобаларды іске асыру барысында 5392 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Олардың ішінде жалпы құны 356,5 миллиард теңгені құрайтын 1 инвестициялық жоба республикалық карта бойынша іске асырылып отыр. Бұл – «ЕвроХим-Удобрение» компаниясының Қаратау қаласындағы минералды тыңайтқыштар өндіретін химиялық зауытының құрылысы. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова баяндамасында кеңінен тоқталып, облыс экономикасына аталмыш жобалардың маңызды үлес қосатынын атап өтті.
Ағымдағы жылдың 5 айында өнеркәсіп кәсіпорындары 133,9 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, оның ішінде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындардың өнімі 13,8 миллиард теңгені құраған. Өткен жылы 446 тұрақты жұмыс орнын құрайтын 20,5 миллиард теңгенің 10 жобасы іске асқан. Ал биыл 15,4 миллиард теңгені құрайтын 12 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп, 1365 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Баяндамашы аталған жобаларға жеке-жеке тоқталды. Олардың қатарында Тараз қаласындағы «Тараз арматура зауыты», «Кіsc» құю цехы, «Алина Холдинг» компаниясының құрғақ құрылыс қоспаларын және гипс өндіретін зауыттар кешені, Мойынқұм ауданындағы «Оргстрой» компаниясының жаңа технология бойынша жарылыссыз блоктар өндіру зауыты, «Ер Тай» компаниясы қайта жаңғыртылуын қолға алып жатқан «Қазгранит», «Ақсүйек» кен байыту фабрикасы, Қордай ауданындағы -«BioVet KZ» кәсіпорнының ветеринарлық препараттар шығаратын биокомбинаты, «Первомайские деликатесы» ЖШС-ның шұжық өндіретін цехы, Байзақ ауданындағы «С.П.«Ролла-Ян» макарон цехы, Талас ауданындағы «Қаратау ПРО» компаниясының мәрмәр толтырғышын өндіретін кәсіпорны, Сарысу ауданындағы ас тұзын өндіретін «Асылтұз» зауыты, Жамбыл ауданындағы «Аса-Damu» құс фабрикасы бар.
Ал Жуалы, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында 2017 жылға Индустрияландыру картасына ұсынылған жобалар жоқтың қасында. Жалпы, үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығында құны 6,3 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылып, 303 адам жұмыспен қамтылған.
Қарлығаш Әмірқызы, сондай-ақ тау-кен өндіру өнеркәсібін тілге тиек етіп, бұл салада өндірілген өнім көлемі 17 800,3 миллион теңгені құрағанын, өткен жылмен салыстырғанда 111,3 пайызға асыра орындалғанын айтты. Өңдеу кәсіпорындары да назардан тыс қалдырылған жоқ. Бұл ретте тамақ, химия, мұнай өнімдерінің көлемі төмендегені ескертілді. Меркі мен Т.Рысқұлов аудандарынан басқа 8 ауданда аумақтық кесімде өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан.

Бұл жағдай Меркіде қант зауытының күрделі жөндеуге қойылып, уақытша тоқтап тұруымен байланыстырылса, Т.Рысқұлов ауданында шағын кәсіпорындардың өнім өндіру көлемі төмендеген. Баяндама барысында 2017 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында негізгі қорға салынған инвестиция көлемінің орындалмау қаупі бар екендігі де атап өтілді. Яғни, инвестиция көлемі 62,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 34,4 миллиард теңгеге төмен орындалған. Осы орайда, басқарма басшысы Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің уақытша тоқтап немесе толық қуаттылығында жұмыс істемей тұрған кәсіпорындардың қызметіне талдау жасап, олардың қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етуі және кәсіпорындардың ай сайынғы статистикалық есептерін мерзімінде өткізілуін бақылауда ұстауы қажеттігін жеткізді.

Елбасының қатысуымен алдағы уақытта өтетін жалпыұлттық телекөпір аясында тұсауы кесілетін жобалар ретінде Қордай ауданындағы «BioVet KZ» компаниясы және Мойынқұм ауданындағы «Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынылыпты. Мәжілісте Қарлығаш Аралбекова жоба құжаттары үлгіге сәйкес министрлікке жолданғанын айтып өтті.
Осы орайда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев басқарма басшысына «Екінші жартыжылдықта 8 инвестициялық жоба аясында іске қосылатын нысандарды түгел аралап шықтың ба, егер араласаң «BioVet KZ» жобасының бүгінгі жай-күйі қандай, биыл жүзеге асырыла ма?», – деген сауал қойды. Қарлығаш Аралбекова нысанға барғанда оның мерзімінде аяқталатынына өзі де күмәнданып қалғанын, алайда құрылтайшыларымен байланысып, олар телекөпірге дейін үлгеруге уәде бергендігін жеткізді. Облыс әкімі мүмкіндігінше бұл компанияны аталмыш шараға қатыстырмауды тапсырды. Осы орайда: «Бізде жоба жеткілікті, ал сендер бітпейтін жобаны ұсынып отырсыңдар», – деді облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы.
Мәжілісте «Индустриялық-инновациялық даму көрсеткіштері бойынша басқа өңірлермен салыстырғанда деңгейіміз қандай? Осыны кім салыстырып отыр?» – деген сұраққа да жауап талап етті. Себебі, басқарма басшысы да, аудан әкімі де ешқандай ұсыныс білдірмеуі салдарынан Меркі ауданындағы екі бірдей кәсіпорын аталмыш бағдарламада мүлде көрсетілмеген. Ал ол кәсіпорындарда қаншама жаңа жұмыс орындары ашылып отыр. Аталмыш бағдарлама бойынша осындай нысандар есепке алынса, облыстың көрсеткіші бұдан да жоғарырақ болатыны анық. Осы орайда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев басқарма басшысына қарата: «Мен сені осы қызметке өндіріс, бизнес саласында жүрген азаматтардың көзін ашады, жұмысын дамытады деген сеніммен алып келдім. Бірақ әзірге ондай жағдай жоқ», – деді.
Мәжілісте Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле де өздеріндегі өндіріс саласының жұмыстарына қатысты бірқатар сауалдарға жауап берді. Оның ішінде жұмысшылары айлығын ала алмау сияқты бірқатар қиындықтарды 5-6 жыл бойы туындатып келе жатқан «Қордай цемент» зауытының мәселесі жөнінде егжей-тегжейлі есеп беру талап етілді. Жуалы ауданының әкімі Бахтияр Көпбосынов та күн тәртібіндегі мәселе төңірегінде хабарлама жасады. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мәжілісті қорытындылай келе тиісті басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатып, өндіріс орындарына жиі барып, жұмыс жайын қадағалап, тұрақты түрде қолдау көрсетіп отыруды тапсырды.

Қарлығаш есбергенова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support