- Advertisement -

Сарысуда айтуға тұрарлық іс көп

80

- Advertisement -

Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Олжас Көкей журналистерге арналған брифинг өткізіп, өңірдегі ахуалмен бөлісті. Ел саясаты мен Үкімет тапсырмаларын жүзеге асыруда ынтымақ пен ауызбіршілік арқасында ауданда экономикалық тұрақты өсім қалыптасып келеді.
Олжас Көкейдің айтуынша, биылғы 5 айда бюджетке аударылған 1 миллиард 330,2 миллион теңгенің салықтары мен төлемдері былтырғы деңгейге қарағанда 57 пайызға көп. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, алғашқы 5 айдағы тауар өндірісі 7,5 миллиардтан асып түскен. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық. Сондай-ақ, ауданда екі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтар болсақ, «Тараз көлік жолы» асфальт-бетон зауыты жылына 690 миллион теңгенің өнімін өндіруді жоспарлап отырса, «Асыл тұз» ЖШС жыл сайын 50 тоннаға жуық өнім шығарады деп күтілуде.
Ауданның негізгі тыныс-тіршілігі аграрлық сектор десек, бұл сала да жыл сайын үлкен қолдауға ие болып отыр. Былтыр мал шаруашылығына 107 миллион теңгенің субсидиясы берілген. Биыл бұл көрсеткішті 131 миллионға жеткізу көзделіп отыр. «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламалары аясында аудан жұртшылығы мал алып, оны өсіріп келеді. Сонымен қатар жылдан-жылға игерілетін егістік жер көлемі де ұлғаю үстінде. Биыл 18360 гектар жер егістікке пайдаланылды. Бұл – былтырғыдан 625 гектарға көп.
Аудан әкімінің орынбасары облыстық маңызы бар қала Жаңатастың жағдайына да тоқталды. Оның айтуынша, қала біртіндеп көркейіп келеді. 2017 жылдың өзінде қаладағы 4 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, екі көпірді қайта жаңғыртқан. Былтыр 7 тұрғын үй ауласында балалардың ойын алаңы ашылған болатын. Аудан басшылығы биыл да бұл жұмысты жалғастыратынын айтып отыр. Сондай-ақ, 120 пәтерлік көп қабатты тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қала тұрғындарын тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз ету қазан айынан бастап мүмкін болмақ. Сол уақытқа дейін су құбыры желілерінің құрылысы аяқталады.
Олжас Көкей аудандағы білім саласына бөлініп жатқан қаржы мен осы салада атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Биыл білімге арналып 5172,6 миллион теңге қарастырылған.
Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары өңірдегі атқарылған басқа да ілкімді істерге тоқталып, ауданды дамыту жұмыстары әлі де жалғасын таба беретініне сендірді. Брифинг соңында журналистер көкейдегі сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауап алды.

Абай ОТАР,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support