- Advertisement -

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – баршаның ісі

79

- Advertisement -

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастаманы қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мемлекеттік грант шеңберінде «Сыбайлас жемқорлықтың барлық түрлеріне төзбеушілік ахуалын қалыптастыру және қоғамның жемқорлықпен күрес мәдениетін ілгерілету» жобасын іске асыру аясында облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен қолжетімдігі туралы қоғамдық тыңдау өтті.
«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен шараны филиал директоры Қасымхан Төлендиев ашты.
Ол өткізіліп отырған шараның мақсатына тоқтала келе, облыстағы төрт түліктің және асылдандыру мақсатында шетелдерден, еліміздің солтүстік облыстарынан жеткізілген асыл тұқымды малдың санын атады. Осы тұрғыда облыстық ветеринария саласы өңірімізге аса қауіпті жұқпалы індеттердің енуіне жол бермеу мақсатында жұмыс атқаратынын жеткізді. Жыл басында облыста 154 ветеринарлық пункті бар 11 мемлекеттік кәсіпорын құрылып, онда 751 ветеринария мамандары тұрақты жұмыс атқаруда екен. Қасымхан Естемесұлы саладағы басқа да бірқатар атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерге де тоқталды. Ол облыстық мәслихаттың биылғы көктемде өткен сессиясында депутаттар тарапынан айтылған сынды да еске салып, «Ветеринария туралы» Заңды бұлжытпай орындау – әрбір азаматтың міндеті, ал ветеринария қызметшілері бұл іске тікелей жауапты екенін атап көрсетті.
Облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров саланың негізгі қызметі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, ауруларды диагностикалау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету екеніне тоқталды. Ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялау және диагностикалық зерттеулер жасау мақсатында жоспарланған іс-шаралар өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын тарқата айтып берді. Сарыпқа (бруцеллез) қарсы жұмыстарды күшейту қарқын алғанына назар аударып, басқа да мал ауруларының алдын алу шаралары туралы толық мағлұмат берді. Облыстың бас ветеринары халықаралық эпизоотиялық бюроның ғылыми комиссиясы еліміздің Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында аусыл бойынша вакцина қолданатын таза аймақтарға жатқызу туралы шешім қабылдауға дайын екенін хабарлағанын атап көрсетті. Басқарма басшысы есеп беру барысында атқарылып жатқан жұмысты толық қамтып, кеңінен әңгімеледі. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда атқарылып жатқан шараларды да мәлім етті.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы басшының орынбасары Жандар Коекеев облыстық, аудандық және қалалық аумақтық инспекциялардың атқаратын қызметін айтып, оларға жеке-жеке тоқталды. Ол сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы іс-шаралар уақтылы өткізіліп тұратынын еске сала келе, облыстық инспекция қызметкерлерімен 12 рет тақырыптық құқықтық оқу өткізілгенін жеткізді.
Қ.Төлендиев қоғамдық тыңдауды қорытындылай келе, «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағдарламасы мен Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді еске салып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу туралы айтты. Қоғамдық тыңдау соңынан ұсынымдар қабылданып, сауалнама жүргізілді.

Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support