- Advertisement -

Көрген де, көрмеген де арманда…

288

- Advertisement -

Қазақта тойға қатысты мақал көп. «Жиғаның тойға шашылсын», «Той дегенде қу бас домалайды», «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» деп кете береді. Жалпы, сауықшыл, тойшыл елміз ғой. Жиған-тергенімізді салып, жұртшылықтың басын қосып ас бергенге не жетсін?! Бұған дейін әр отбасында тойдың түр-түрі өткені анық. Алайда, дүбірлетіп, әлемнің алпауыт елдерінен қонақтар шақырып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасамаған екенбіз. Жақында бұл кемшіліктің орнын толтыратын сәт келіп тұр. Енді ше, даңқы жер жаратын, ғаламдағы ең үлкен шара – халықаралық ЭКСПО көрмесі елімізде өтпек. Осы орайда, баяғы қазақтың қарапайым тойы мен қазіргілердің байрақты мерекесі арасында ұқсастық бар секілді.
Кез келген қазақтың үйінде өтетін тойдың өзіндік ерекшеліктері бар. Ең әуелі бүкіл ағайынды жинап, топжияр өткізеді. Той барысында кім не атқарады, құдаларды күтіп алу кімнің міндеті деген секілді сұрақтардың бәрі сол басқосуда шешіледі. ЭКСПО-да дәл соған ұқсас мәселе талқыланбаса да, алдын ала келелі басқосулар болғанына сенім мол. «Кім қай жерде павильон ашады, яғни шетелдік қонақтарды кім қарсы алады?» деген сұрақтар да сол кеңесте шешілгені анық.
Қайбір жылы үлкен ағама үйіміздің ауласында үйлену тойын жасаған едік. Сонда топжиярға келген ағайындар бірлесе шешім қабылдап, той өтетін жерді белгіледі. Көп ұзамай сол тұсқа қазық қағылып, қарқынды жұмыс басталып кеткен-ді. Ауыл-ауылды аралап жүріп кілем, үстел, қазан-ошақ жинағанымыз есімде. Бұл оқиға сонау менің балалық шағымда болған. Содан бері қанша жыл өтті. Қазір ешкім кілем тасып, палатка құрып той жасамайды. Алайда, қазіргі таңда өзінде барды пайдаланып, дүбірлі той жасауға Қазақстанның әлеуеті жетеді. ЭКСПО-2017 көрмесін өткізетін нысанда құрылыс жұмыстары аяқталды. Енді байрақты мерекені Сарыарқаның төрінде дүбірлете тойламақпыз. Той жасағанда үй иесі бар тапқанын соған жұмсаушы еді ғой.
Айтпақшы, бұрын той біткен соң кілем, палаткаларды өз иелеріне апарып тастайтынымыз естеріңізде шығар?! Сол секілді, ЭКСПО өткен соң павильондарды иелеріне таратып береміз деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Ондағы нысандар қаңырап бос қалмайды. Халықаралық көрмеге арнап салынған ғимараттарды тұрғын үйлерге, кейбірін бизнес орталықтарына айналдыру жоспарда бар. Яғни, сол нысандарды салуға жұмсалған ақша қайтарылатыны белгілі.
Той жасағанда үйдегі бітпей жатқан тірліктің біразы еңсеріліп, қабырғалар ақталып, аула тазартылып қалатыны тағы бар. Тура сол секілді, ЭКСПО аясында қордаланып жатқан талай мәселе шешімін тауып кетті. Соның дәлелі, бір жыл бұрынғы Астана мен қазіргі Елорданың айырмашылығы жер мен көктей. Көшелерде түрлі заманауи технологиялар орналастырылған. Аялдамаларда автобустың қай жерде келе жатқанын көрсететін сандық тақтайшалар ілінген. Айта берсең, мұндай инновациялар таусылмайды.
Қазақтың тойының айтыла бермейтін тағы бір ерекшелігі бар. Той иесі «өзгеге өткенім қайтса, той өзін-өзі ақтаса» деп іштей тілейтіні анық. Тіпті кейбірі естіртіп айтуы да мүмкін. Олай демей қайтсін енді, ақшаны миллиондап тойға құю қарапайым адамның қалтасына оңай тимейтіні сөзсіз. Ең болмаса, түскен түсім жұмсалған шығынның біразын жапса дейді ғой ішкі түйсік. Жалпы, қазір тойға 10 мың теңгеден кем апаратындар жоқтың қасы. Жақындарың, тіпті жүз мыңдап тойана әкеледі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой қазақта. Осының арқасы шығар, шаңырақ иесінің тойға құйған қаржысы ағайынның арқасында қайтарылады.
ЭКСПО көрмесінде де тойдағыдай жағдай орын алып жатса, құба-құп. Иә, тойхана әкелетін ағайын кім дейсіз бе? Ол – біз. Жә, онда да апаратын ақшаңызды ақ қағазға салып, біреудің қолына ұстат демейміз. Айтпағымыз көрменің билеттері жайлы. Халықаралық көрменің билеттері сатылымға шыққанына біраз болды. Әр билеттің құны – небәрі 4000 теңге. Ары-бері барып қайтуға 10000 теңге және Елордада өтетін бір күндегі шығынды ескерсек, ЭКСПО-ны тамашалап қайтуға сіздің қалтаңыздан 20000 теңге қаржы жұмсалады екен. Бұл – біздің қарабайыр есептеуіміз ғана. Үнемдесеңіз, бұдан да аз шығын шығаруға мүмкіндік бар. Ендеше, біздің ЭКСПО-ға арналған тойханамыз – халықаралық көрменің билетін сатып алу болсын.
Жоғарыда ЭКСПО-ға жұмсалған шығын туралы айттық ғой. Соның біраз бөлігін осы билет арқылы қайтаруға мүмкіндік мол. Бұған дейін халықаралық көрме өткен елдерде шамамен 5 миллионнан астам турист келіпті. Қазақстанға да сол көлемде қонақ келеді десек, билеттің өзінен 20 миллиард теңге түседі екен. Айта кету керек, біз билеттің ең арзанын алып есептедік. Егер қымбаттарын қоссақ, түсетін пайда көлемі еселенбесе, кемімейтіні анық. Бұдан бөлек, шетелден келген қонақтардың тұрақтайтын жері, ішетін тамағы, павильондарды жалға алғанда төлейтін ақысын қосқанда әжептәуір қаражат жиналып қалады. Былайша айтқанда, Қазақстанға келіп кірген кез келген ақша ел қазынасын арттыруға үлес қосады.

Абай ОТАР,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support