- Advertisement -

Саялы саябақ қызығы

229

- Advertisement -

Жаз шыға ата-аналарына еріп, шаһардағы саябақтарды аралап, әткеншек тебуге құмартпайтын бала жоқ шығар. Балақайлар үшін, әсіресе облыс орталығындағы Т.Рысқұлов атындағы саябақ – таптырмас демалыс орны. Оның «Қошманбетов и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігіне өткеніне биыл 18 жыл толыпты.
Мұнда қазір 40 шақты әткеншек жұмыс істейді. Барлық аттракциондардың айналу мерзімі үш минутты құрайды екен. Тек айналаны шолу доңғалағы ғана алты минутқа созылады. Ақысы да қолжетімді, шамамен 100-500 теңге аралығында. Тамақтануға арналған жазғы кафелердің алтауы аталған серіктестікпен келісімшарт негізінде жұмыс жасайды.

Би алаңдары да бар. Төбесі жабық жазғы сахна әртүрлі шаралар өткізу үшін өте қолайлы. Саябақ директоры Айдина Рустанбекова серіктестік жарғысы бойынша саябақта мүмкіндігі шектеулі және жетім балаларға айына бір рет тегін қызмет көрсетілетінін айтады. Біз 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай саябақта қандай іс-шаралар өтетінін сұрадық.

– Жаздың аптап ыстығында саялы саябақ көпшілікке, әсіресе, балаларға қуаныш сыйлайды. Мұнда көбіне мереке күндері адам көп келеді. Бірақ, біз нақ осы балалар күнінде барлық аттракционды ақылы етеміз. Ал қалған уақытта айына бір рет әрбір ауданнан, Тараз қаласынан келетін мүмкіндігі шектеулі және жетім балаларға тегін қызмет көрсетеміз. Себебі, көпшілік мерекеден басқа уақытта мұнда келе бермейді. Қалған күндері бос болғандықтан осындай шешімге келгенбіз.
Жалпы, жыл сайын облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты бір мекемедегі 40 шақты балаға тегін қызмет алуға мүмкіндік бердік.
Тағы бір айта кетер жайт, кейде мүмкіндігі шектеулі жандар дені сау баласын саябаққа ертіп келіп, тегін қызмет ала алмағанына налиды. Олар біз тек балаларға жеңілдік жасайтынымызды түсінсе екен, – дейді Айдина Нұрлыбекқызы.
Оның айтуынша, балаларды қорғау күні саябақта екі рет түске дейін және түстен кейін оқушыларға арналған тегін би ұйымдастырылмақшы. Осы күні қайырымдылықпен айналысатын азаматтар саябақта сауда-саттық жүргізу үшін бір алаңқайды тегін босатуды сұрапты. Олар қайырымдылық есебінен түскен қаражатты Павлодар қаласындағы бір жасөспірімнің ем-домына жұмсамақшы екен. Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының облыстық кәсіподақ ұйымының ұжымы бірігіп, балаларына мереке ұйымдастыратын көрінеді. Айдина Рустанбекова топ болып келген ата-аналарға саябақтардағы әткеншектерді пайдалану үшін айтарлықтай жеңілдік жасалатынын айтады.

Нұрым сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support